Баспанаға қол жеткізген бағдарламалар

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет үшін қай кезде де маңызды. Бұл мақсаттағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Олардың әрқайсысында қарапайым халықтың табысына қарай баспаналы болуына барынша мүмкіндік жасалған.

Ел Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеу қажеттігін айтты.

Елбасының бастамасымен «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске қосылуы халықтың аз қамтылған бөлігі үшін тиімді жеңілдік болды. Президент Жолдауда бұл бағдарлама бойынша елімізде жыл соңына дейін кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін атап айтты. Бірінші кезекте көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларды қамту – басты назарда. Жолдауда атап көрсетілгендей, 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Тұрғын үй құрылысы қарқыны жағынан Сыр елінде үлгі етерліктей іс бар. Соңғы бес жыл бедеріндегі толайым табыстың бірі – тұрғын үй құрылысының қарқын алуы десек, қателеспейміз.

Баспанамен қамтуды мақсат еткен игі бағдарламалар аймақта өз деңгейінде орындалып келеді. Халықты баспанамен қамтамасыз етуде, құрылыс қарқыны жағынан Сыр өңірі өзге өңірлерге үлгі болып келеді.  Баспаналы болуға сеп болатын мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие елімізде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Банктің жергілікті филиалында күн сайын қарбалас тірлік. Мұнда бас сұғатын мыңдаған адамның арман-мақсаты – баспаналы болу. Мұнда үлкен үмітпен келген талай отбасы қуанышқа кенеліп, қоныс тойын тойлады.

– Биыл облыста халықты баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарламалар жылы болды десек болады. Өткен жылы облыс әкімдігі мен банктің әріптестік меморан­дум негізінде қабылданған «Орда» бағдарламасы жүзеге асты. Бағ­дар­ламамен сол жағалаудағы жаңа үйлерден 246 пәтер берілді, – дейді банктің жергілікті филиал ди­рек­торының орынбасары Ілияс Жұрынов.

Орайы келгенде «Орда» бағдарламасының тиімділігін айта кетелік. Облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған бағдарлама баспанаға мұқтаждардың ішіндегі белгілі санаттарға арналған. Атап айтқанда, көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері және мемлекеттік қызметкерлер, бюджет мекемелерінің қызметкерлері және жасы 35-ке толмаған жас отбасылар. Бағдарламаның бір ғана талабы бар. Ол банк есепшотында кепілдік жарна ретінде кем дегенде 500 000 теңге жинағаныңыз болу керек.

«Орда» бойынша берілетін пәтер бағасы отбасы бюджетіне соншалықты салмақ салмайтындай есептелген. Мәселен, жалпы ауданы 58 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтер 6 960 000 теңге. Жаңа пәтерінде 8 жыл бойы тұрып келген банк салымшысы осы уақыт ішінде шотына ай сайын 36 888 теңгеден ақша аударып тұру керек. Жыл сайынғы мемлекеттік және банк сыйақысын қоса есептегенде жинақ сомасы үй бағасының 50 процентіне жеткен кезде қалған 3 480 000 теңге несие түрінде рәсімделеді. Бір атап айтарлығы, бұл бағдарлама халықты табысынан ақша жинап пәтер алуға үндейді.

 – Бағдарламамен берілетін 240 пәтерге конкурс жарияланғанда 1000-нан аса өтініш келіп түсті. Бұл табысы аз тұрғындар үшін бағдарламаның тиімділігін көрсетеді, – дейді филиал директорының орынбасары.

Баспанаға қолжетімді еткен келесі бағдарлама «Әскери баспана» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, әскери қызметкерлерге арналған бағдарлама 2018 жылдан жүзеге аса бастады. Биыл жалғасын тапқан бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл – әскерилердің баспаналы болуына тағы бір үлкен мүмкіндік.

– Өткен жылы бағдарлама бойынша барлық әскери қызметкерлер құжат тапсырып болғаннан кейін компьютер арқылы іріктеу жүргізілетін. Биыл кім бірінші құжат тапсырса, бағдарлама талабына сай келсе, сол баспанаға қол жеткізді, – дейді І.Жұрынов.

«Әскери баспана» бағдарла­масының өз талаптары бар. Мәселен, алғашқы жарна – үй бағасының 15 проценті депозитке жиналу қажет. Әрі қарай төлем қабілеті расталса, ол кез келген үйден таңдап ала алады. Көпқабатты үйден немесе жеке тұрғын үйден таңдайды ма, өз еркі. Ең бастысы, банк талаптарына сай келсе болғаны. Бағдарламамен биыл 53 әскери баспана алған. Ал екі жылды қоса есептегенде 93 адам бағдарламамен үйлі болған.

Ел назарын аударған, халықтың табысы аз бөлігін қуанышқа кенелткен «Бақытты отбасы» бағдарламасы биыл жүзеге аса бастады. Елбасы бастамасымен іске қосылған бағдарламаның жеңілдігі көп. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, балалары кәмелет жасқа толмаған толық емес отбасылар қатыса алады. Айта кетелік, неке бұзылған болса, кемінде үш жыл мерзім өтуі талап етіледі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Бағдарлама талабы бойынша отбасы мүшелерінің табысы 42500 теңгеден аспауы тиіс.

– «Бақытты отбасы» – республика бойынша ең төмен процентпен тұрғын үй несиесі берілген бағдарлама. Бар болғаны 2 процентпен, 20 жылға дейін тұрғын үй несиесін рәсімдеуге болады. Бір ғана талап, қатысушы үй бағасының 10 процентін банктегі шотына жинақтау керек. Баспана алуға 10 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған, – дейді филиал директорының орынбасары.

Тағы бір атап айтар ерекшелік, бағдарламамен несие рәсімдеген кезде банк комиссиялары ұсталмайды. Қатысушылар өзі таңдаған үйді алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы,  қатысушының төлем қабілеті мен таңдаған үйі банк талабына сай болу қажет. Облысымызда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 232 өтініш қабылданған. Оның 111-і мақұлданса, 21-і баспаналы болған. Ал қалғандары үй таңдау, құжат жинау жұмыстарымен айналысуда.

Айта кетелік, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл еліміз бойынша 50 млрд теңге қаражат бөлінген. Несиенің ай сайынғы төлемі 50 мың теңгеден аспайды. Бұл табысы аз халық үшін баспанаға қол жеткізудегі ең тиімді бағдарлама екені сөзсіз.

Президент Жолдауында «Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс» деп, тапсырма берді.

Баспана алу жолын жеңілдеткен тағы бір бағдарлама «Нұрлы жер» деп аталады. 2017 жылдан жүзеге асып келе жатқан бұл бағдарламамен биыл облысымызда Сырдарияның сол жағалауынан 240 пәтер пайдалануға берілді. Тең жартысы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, қалғаны банк салымшыларына тиесілі. «Нұрлы жердің» өз талаптары бар. Биыл бағдарлама талаптарына айтарлықтай өзгеріс енгенін атап өткен жөн. Мәселен, бұрын бағдарламаға қатысу­шылардан атында кемінде соңғы бес жылда үй болмауы талап етілсе, биыл өтініш берген күннен бастап атында жылжымайтын мүлік болмауы ескеріледі. Сонымен қатар бұған дейін  тіркеуде тұрған өңірден ғана баспана алуға мүмкін болса, енді кез келген қаладан баспана алуға болады.

– Бағдарлама шарты бойынша қатысушы үй бағасының 20 процентін депозитте жинақтауы тиіс. Тұрғын үй несиесі 5 процентпен беріледі. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасына өтініш қабылдау, іріктеу конкурсы аяқталды. 240 пәтерге 703 өтініш келіп түсті. Қазір іріктеуден өткендердің төлем қабілеті расталуда, – дейді І.Жұрынов.

Айта кетелік, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушылардың да құтты мекені сол жағалауда. Әне-міне дегенше жаңа қалада тағы да қоныс той көбейгелі тұр.

Әрине, баспанаға қол жеткізу үшін халықтың барлығы бірдей мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайтыны аян. Бұл ретте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» бағдарламасының мүмкіндігін пайдалануға болады. Биыл «Өз үйіммен» сол жағалаудан 215 пәтер пайдалануға берілген.

– «Өз үйім» бағдарламасы 2015 жылдан бастап жүзеге асуда. Әдепкіде бағдарлама талабы бойынша алғашқы жарна үй бағасының 30 процентін жинақтау және  несиенің жылдық үстемесі – 8,5 процент болса, өткен жылдан бастап алғашқы жарна 20 процент және  несие 7 процентпен беріле бастады. Бағдарламаның бір тиімді тұсы – кез келген адам қатыса алатындығы. Ең бастысы, төлем қабілетін растаса болды. Атында жылжымайтын мүлік бар болғаны да кедергі емес және кез келген қаладан үй алуға мүмкіндік бар, – дейді І.Жұрынов.

Аймақта биыл халықтың аз қамтылған бөлігін баспанамен қамтамасыз етуде «Баламекен» жобасы жүзеге асты. Меценат «Болат Өтемұратов қоры» және облыс әкімдігі арасындағы меморандум нәтижесінде «Бәйтерек» шағын ауданында 150 отбасыға арналған жаңа үй пайдалануға берілді. Көпбалалы отбасылар қоныстанған бұл аудандағы 100 үй қор қаржысымен, 50 үй жергілікті бюджет есебінен салынды. Бұл 150 көпбалалы отбасын қуанышқа бөледі.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2019 г. 601 0