Түркістандық ұстаздар Сыр елінде

Өткен сенбі, жексенбі күндері А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ардагер ұстаздары Сыр елінде болды. Елбасының «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай арнайы «Туған жер» жобасы және «Халықаралық қарттар күні» қарсаңында өлкеміздің киелі жерлерінде болып, Қорқыт баба кесенесіне тағзым етті.

Әуелгі ат басын көне Сығанақ қалашығына бұрған ардагерлер тарихи қазба жұмыстарымен танысты. Қазақ даласының үш хандығының астанасы болған қаланың орны жал-жал болып үйілген қара топырақ. Қорғанның солтүстік беті жермен-жексен болып шөгіп, тегіс жерге айналған. Бүгінде ол маңды жергілікті тұрғындар Сунақ ата деп те атайды. Сапар барысында түркістандық ұстаздар әлі де жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына куә болып, қыш құмыралар, сүйектер, ошақ орындары мен Хан сарайы орналасқан төбені тамашалады.

– Қаланың қазіргі орны – 10 гектар жерді алып жатқан үлкен бесбұрышты төбе. Жан-жағында үйінділер, су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Ежелден үлкен сауда орталықтарының бірі болған соң, қалаға қызығушы мемлекеттер арасында Сығанақ үшін жиі соғыс та болған, соның салдарынан қала жиі бүлініп, кей хандықтың тұсында қайта жанданған. Тарихшылар Сығанақ қаласының өз заманында халықаралық сауда орталығы болғандығын да айтады. Ұлы Жібек жолында орналасқан Сығанақта күніне 100 түйеге артылған тауар сатылған көрінеді. Солардың арасында көшпелілер алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болыпты.

Республикалық маңызға ие бұл ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұрасының қатарында. Мұндағы қайта қалпына келтіру жұмысы аяқталған соң ашық аспан астындағы мұражай салынып, үлкен туристік орталыққа айналмақ. Сонда қазақтың тарихы мен бай мұрасы, рухани қазынасы туралы жас ұрпақ қана емес, шетелдіктер де етене таныса алады, – дейді археолог Мэлс Бақтыбаев.

Келесі сапар Оқшы ата басында жалғасты. Бұл Шиеліде орналасқан мазарат, Сыр өңіріндегі, үлкен зиярат кешені. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Саяхат барысында ардагерлер осы әулиелер мекеніне де бас сұғып, бабалар рухына тағзым етті. Алдымен қыпшақтан шыққан  Бала би бабамыз­ға аялдап, артынша Есабыз, ­Ғайып ата, Қыш ата, Асан Қайғы, Оқшы ата кесенелерін тамашалап, абыздардың өмір сүрген кезеңдері туралы тағылымды деректерді естіді.

Түс ауа түркістандық топ Қармақшы жеріндегі киелі Қорқыт бабамыздың басына да келіп жетті. Арнайы құрбандық шалынып, құран оқытылды. Университет ұстаздарының басым көпшілігі мұнда болмаған. Оны екі сағаттан астам аралап, ескерткіштің әрбір ерекшелігіне назар аударуынан байқауға болады. Әсіресе, келушілерді қызықтырған дала желімен үндесетін қобыз үні мен амфи­театр алаңы болды.

– Сырдарияның бойынан бері жерде Қорқыттың зираты болғаны туралы Ә.Диваев, т.б. ғалымдардың өз еңбектерінде жазылған. Ә.Қоңыратбаев жұмыстарында Қорқыт ХІ ғасыр басында қайтыс болған делінсе, Ә.Марғұланның зерттеулерінде ол ХІІ-ХІІІ ғасырлар арасында өмір сүрген деген пікірлер бар. Қазақ философиясында Қорқыт ата елдің бірлігін нығайтып, түркілер дүниетанымының негізін құрған ұлы ақылшы, философ-гуманист ретінде танылады. Қорқыт – оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан бақсы, күйші, танымал жырау. Себебі оның жырларында оғыз-қыпшақ тайпаларының өмірі анық бейнеленген тарихи жағынан алғанда маңызды мұра, – дейді «Қорқыт ата» ескерткішінің музей қызметкері Айгүл Бермаханова.

Кешен басынан мол әсер алған ардагер ұстаздар Сыр өңіріндегі саяхат туралы жүрекжарды пікірлерімен де бөлісті.

– Ардагерлер үшін ұмытылмас күн десем, артықтық етпес. Университет басшылығының ұйымдастыруымен аты түркі әлемінде аңызға айналған Қорқыт ата кесенесінде болып, баба аруағына тағзым жасап, құран бағыштау құрметіне ие болдық. Есте қаларлықтай танымдық саяхат болды, – деді ардагерлер ұйымының төрағасы, профессор Балғабай Нақыпов.

– Бұл жерде рух бар, дәстүр бар. Бұл жерден қазақтың нағыз иісі шығады. Өз басым Сыр жеріндегі киелі жерлердің атын естігенім болмаса, көзбен көрмегенмін. Өз салтын сақтап, өткенін құрметтеп, тарихын әспеттей білген мұндағы халыққа шынымен де мың алғыс, – деді биология ғылымдарының докторы, профессор Ырысай Ділбәрханова.

Сапардың келесі күнінде қонақтар Қызылорда қаласында болып, сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығындағы музейді тамашалады. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы ҚМУ бас ғимараты мен Студенттер сарайын аралап, облыстағы бас оқу ордасының ішкі тарихымен танысып та үлгерді. Ардагер ұстаздар мұнда Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан мен Археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының көрме залдарын аралады. Келушілерге Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Жандос Базартай келушілерге ізгі лебізін білдіріп, кәдесый ұсынды. Өз кезегінде А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Балғабай Нақыпов киелі Түркістанның тарихы туралы құнды кітап пен кәсіби суретшілер қолынан шыққан мазмұнды суретті университет музейіне табыстады.

Ержан ҚОЖАСОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2019 г. 362 0