« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
ол қандай қажеттіліктен туындап отыр
Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Осы өзекті мәселенің қажеттілігін Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында атап көрсеткен болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қатысы бар барлық компаниялардың қызметіне талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауын тапсырды. Үкімет наурыз айының соңында «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспарды» бекітті. Сөйтіп, мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар нысандары жуық арада жалпыға ортақ сатылымға түседі.
Бұл ауқымды шара нені көздейді? Елдегі жеке бизнестің дамуына серпін беру, экономикадағы мемлекет үлесін дамыған елдер деңгейіне дейін азайту мақсатында бәсекелі ортаға берілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің нақты тізімі жарияланды. Үкімет бұл жекешелендіру аясында ішкі рыноктан бюджетке қаржы тартып қана қоймай, ел экономикасына жағымсыз әсер ететін факторларды жұмсарту мақсатында мемлекеттік шығындарды азайтуды да көздеп отыр. Жағымсыз әсер ететін факторлар ретінде нені атаймыз? Мемлекет, жай тілмен айтқанда, ендігі жерде бюджет есебінен қаржыны жұмсауды барынша тиімді етуді жоспарлауда. Қысқасы, біз нарық заңымен өмір сүруге дағдылануымыз керек. Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен наурыз айында өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында олардың есебін баяндады. «Республика меншігіндегі 32 нысан және квазимемлекеттік сектордағы 191 ұйымнан тұратын тізілім айқындалды. Сәуірде коммуналдық меншік кәсіпорындарының тізімі қалыптастырылады, олардың саны шамамен – 780. Маусымда оларды бәсекелестік ортаға беру басталады», деді ол. Б.Сағынтаевтың айтуынша, бұдан өзге Үкімет жеке бизнес тиімді жұмыс істеп тұрған экономика салаларына мемлекеттің қатысуын шектеу бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Сонымен квазимемлекеттік сектор дегеніміз не? Жалпы түсінік бойынша ол мемлекеттің жеке секторға қатысты негізгі үлесі бар кәсіпорындар санатын құрайды. Мұндай кәсіпорындар Қазақстанда баршылық. Алайда олар қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр? Біз масылдық психологиядан толық арылып болдық па? Елбасы алға қойған міндет бойынша бұл сауалдың жауабы қазір әрбір қазақстандық үшін өзекті мәселе болып табылады.
Үкімет қабылдаған «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар» ең алдымен жеке сектордың дамуына әсер ететін маңызды шарттың бірі болатын. Ол экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға бағытталған. Кешенді жоспар бойынша, алдымен коммерциялық кіріс түсіруге бейімделген мемлекеттік компаниялар жекешелендіріледі. Екінші шара, стратегиялық маңызы жоқ бейінді активтерді жеке секторға өткізумен қатар, холдингтер мен ұлттық компаниялардағы бейінді емес активтер мен нысандарды сату аяқталады. Содан кейін мемлекет иелігін тиімді құрылым етіп қайта жасақтау мақсатында қалған мемлекеттік активтерді қайта құру жүзеге асырылады. Қорытындысында мемлекет құзырына экономика саласында стратегиялық маңызы бар активтер мен әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар ғана қалады.
Жекешелендіруге жататын нысандар тізімі Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталында және баспасөз беттерінде жарияланды.
Квазимемлекеттік меншікті жекешелендіру ұлттық компанияларға артық салмақ түсіріп отырған кейбір құрылымдарды оларға өз еншісін бере отырып қайта құрудан басталады. Бұл шара «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға да тікелей қатысты. Жекешелендірудің жаңа толқынын жүзеге асыру мақсатында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын жекешелендіру жөніндегі басқарушы комитет құрылды. 14 адамнан тұратын комитет басшысы, аталмыш қордың басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова осы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан заңнамасы мен озық шетелдік тәжірибені басшылыққа алынғанын атап көрсетті.
«Самұрық-Қазынаға» бөлінген әрбір теңге табыс әкелуі тиіс. Дағдарыстан өткен соң Елбасы бізге өз қызметімізге қайта оралуды тапсырды. Содан бері біз жекешелендіру ісіне кірісіп кеттік. Жекешелендіруді алдымен бейінді емес активтерден бастадық, деді ол. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамына 599 компания кіреді. Олардың ішінде «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ сияқты еліміздің ең ірі компаниялары бар. 2013 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бәсекелестік нарығына өзінің 11 бейіндік емес активтерін және 394 нысандарын шығарып сатты».
Мемлекеттік активтерді сатып алуға әлеуеті жететін сатып алушы кім? Бұл сауалдың жауабы да көпшілікті мазалайды? Біздің қаныққанымыз, олар – жекешелендіру аясында сатып алуға әлеуеті жеткілікті отандық және шетелдік инвесторлар мен қарапайым тұлғалар болып табылады. Оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін ешқандай билік орындарының табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ең алдымен ғаламтордан мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталын ашып, осында, яғни «www.gosreestr.kz» порталындағы ортақ электронды сауда алаңындағы деректерге қанығуға болады. Мұнда ұлттық холдингтер мен компаниялар өз нысандарын сатуды жүзеге асырады. Яғни, тендер мен аукциондар электронды түрде өткізіледі. Бұл адам факторын барынша азайту әрі жемқорлықтан сақтану мақсатында жасалған шаралар болып табылады.
Сонымен Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Бұл шараға сіздің де қатысуға толық мүмкіндігіңіз бар.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |