Алтын түстес алқапта

Мақсат Дәулетбековтің басқаруындағы шаруа қожалығына ат басын тірегенімізде диқан қауымы қарбалас еңбек үстінде екен. Дала кемесіндей алып техникалар атыздан атызға өтіп, дәнді дақылды масақ қалдырмастан жинап, бункерге тоғытуда. Бұл – Жалағаш ауданындағы «Мақсат» фермерлік қожалығындағы жұмыстың бір сәті.
Қожалық биыл 120 гектарға күріш және 30 гектар жерге жоңышқа егіпті. Байқауымызша, егіс алқаптарында жүрген техниканың бәрі жарақты. Жер табанын қуырған су жаңа екі комбайн алтын реңдес алқап үстінде жосылтып барады. Ғажап көрініске қызыға қарадық. Фермердің айтуынша, әзірге гектар берекесі 60-65 центнерден айналуда. Нақты кезеңде қожалық диқандары бітік өскен егіннің тең жартысынан астамын жинап болыпты.
– Гектарынан қаншадан өнім алғанда өзін-өзі ақтайды? – деп сұрадық шаруашылық басшысынан.
 – Ол егіннің шығымына байланысты ғой. Әр гектардан 60 центнерден жоғары өнім алғанда тұқымы бар, жанар-жағармайы бар, салығы мен еңбеккерлерге төленетін жалақыны қоса өзін-өзі ақтап шығады. Соңғы 4 жылдан бері күріш дақылын егумен айналысып келеміз. Әрине, әр жылда мол өнім алуға тырысамыз. Бір қуанарлығы, биыл күріштің шығымы жақсы, – деді ол.
Шаруашылықтың ауқымы шағын болса да қарбалас науқан кезінде білікті маман жетіспеушілігі секілді қиындықты бастан кешіп отырған жоқ екен. Мәселен, қазір мұнда 14 адам еңбек етеді. Барлығы осы Ақсу ауылының азаматтары. Өнімнің бітік шығуы үшін аянбай тер төгіп жүрген майталман механизаторлардың бірі Марқабай Бегалиевті де егіс алқабынан кездестірдік. Еңбек адамы бұған дейін де осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс жасапты.  
 – Көктем шыға дала қосына аттанамыз. Жер жыртып, дән сеуіп, атызға су жібергенше техникадан түспейміз. Одан кейін егінді күтіп-баптауға кірісеміз. Жалпы, осы жұмыстардың артында қызу еңбек жатыр. Ал күріш піскен уақытта атызға түсіп, дәнді ысырапсыз жиып алуға жұмыламыз. Өзім – жаткашы әрі механизатормын. Бәріміз бір үйдің баласындай аянбай еңбек етіп, мол өнім алуға тырысып келеміз, – дейді М.Бегалиев.
 «Елде болса, ерінге тиеді» демей ме?! Шаруашылық ауылдағы балабақшаны, мектеп асханасын күрішпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл – ауыл диқандарының дәстүрлі жолы.
«Мақсат» фермерлік қожалығының иесі Мақсат Дәулетбеков – Ақсу ауылының тумасы. Жастайынан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжіри­бесімен қазір күріш егіп, жер баптап жүр.

«СБ» ақпарат.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қыркүйек 2019 г. 1 639 0