Қызылордада 7 мектепте менингит тіркелді

Екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде «Қызылорда қаласындағы мектептер арасынан менингит ауруы шығыпты, ауру бассейннен жұғыпты» деген жайсыз хабар желдей есіп кеткені белгілі. Ата-аналар да ақпараттың қаншалықты рас екенін, қай білім ошақтарынан шыққанын білмей алаңдауда. Осыған орай облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сұрау салған едік.
Департамент мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бүгінгі күнге дейін (27.09.2019ж.) Қызылорда қаласында серозды менингиттің алғашқы диагнозымен 17 жағдай тіркеліп, оның 8-інде диагноз  аурудың клиникалық белгілері негізінде нақтыланды. Ауруға шалдыққандардың  92,8%-ін 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Эпидемиологиялық маусымы – жаз айларында 1 оқиға, ал осы қыркүйек айында  8 жағдай орын алды. Аурудың 7 жағдайы  мектеп оқушылары арасында тіркелген. Атап айтқанда, №271, 10, 217, 144, 215, 261 және №33 (Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылы) мектептерде орын алды. Топтасқан жағдайлар тіркелмеген, яғни,  науқастар арасында  ошақтық сипат қалыптасқан жоқ.
Эпидемиологиялық зерттеу  барысында науқастардың ашық су көздерінде  және бассейндерде шомылғаны жоққа шығарылды. Сондай-ақ, ашық су көздерінен 11 су сынамасы вирусологиялық зерттеулерге алынып (энтеровирустарды анықтауға), нәтижелері теріс екендігі белгілі болды.
Жалпы серозды менингиттің  қоздырғышы – 80%-інде қоршаған ортада жиі кездесетін  вирустар  болып табылады. Ол энтеровирус, тұмау вирусы, цитомегаловирус, аденовирус, парамиксовирус, сирек жағдайда кездесетін полиомиелит вирусы және қызылша вирусы да  аурудың  қоздырғышы болуы мүмкін.
Ауру ауа тамшылары арқылы  науқаспен сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде  сонымен қатар, науқас адамның жеке гигиеналық немесе өзге тұтынатын ауру қоздырғышы бар заттарды бірігіп пайдаланғанда,  яғни қарым-қатынас  арқылы және  суға түсу маусымында энтеровируспен ластанған су арқылы да жұғуы мүмкін.
 Серозды менингит ауруы клиникалық белгілерінің ауыр түрде өтетініне қарамастан (дене қызуының күрт 40 С дейін  көтерілуі, бастың қатты және үнемі ауруы, бастың   ауырсынуы,  басты, көзді қозғалтқанда күшейе түсуі  және  жарық пен дыбыстарға    әсер ету,  жалпы әлсіздік, бұлшық еттерінің ауырсынуы, лоқсу, құсу)  науқас дер кезінде дәрігерге көрініп, тиісті емдік шараларын жүргізген уақытта асқынусыз сауығып кетеді. Егер дер кезінде ем-шара қабылдамай, ауруды асқындырып алса, емделіп шыққаннан кейін бас ауру, астения, көңіл-күйдің өзгеруі, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, зейіннің төмендеуі белгілері сақталады, бұл белгілер бірнеше апта немесе 1 ай көлемінде жойылады.
Аталған серозды менингиттің сақтық шараларының бірі – бөлмелерді жиі желдету және залалсыздандыру ертінділерін пайдалана отырып,  күнделікті ылғалды тазалау  шараларын жүргізу,  қолды жиі сабындап жуу, салқын тигізіп алмау, жылы киіну. Сонымен қатар сапалы және құнарлы тамақтану, иммунитет күшейтуде дене белсенділігін арттыру қажет. Мамандардың айтуынша, серозды менингит аса қауіпті емес. Алайда сақтық шараларына көңіл бөлген жөн.

Айнұр БАТТАЛОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2019 г. 1 036 0