«Қоржынымыз бос қайтпайды»

  Екатеринбургте (Ресей) өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлері, қызылордалық боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Тұрсынбай Құлахмет «Токио Олимпиадасынан қоржынымыз бос қайтпайды» деп отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте спортшылар кешегі әлемдік дода кезіндегі әсерімен бөлісті. Өздерін зор қошеметпен күтіп алған жанкүйерлеріне алғыс білдірді.

– Жарыс оңай, қарсыластар осал болған жоқ. Әйтсе де, Сыр өңірінен Тұрсынбай екеуміз қатысып, қазақ еліне жүлде сыйлағанымызға қуаныштымыз. Кемшін тұсымызды жөндеуге тырысып, келер жылғы Олимпиададан бұдан да жоғары көрсеткішпен оралуға күш саламыз, – деді Қ.Қоңқабаев.

Еске салсақ, көрші мемлекеттегі дүбірлі дода қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальмен 3-орынды иеленді. Бұл сында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев күміс, 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет қола жүлделерді еншіледі. Былғары қолғап шеберлері бір ай демалыстан кейін Токио Олимпиадасына дайындықты бастамақ.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов олардың алаңсыз жаттығуы үшін барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

– Жалақылары жақсы. Оқу-жаттығу жиыны немесе қандай да бір жарысқа еш кедергісіз қатыса алады. Екеуіне тек дайындықты күшейту керек, – деді ол.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2019 г. 1 046 0