Бейресми жұмыс атқарушыларға бақылау күшейеді

Қазір жұмыс науқаны қызған егіс алқаптарында, құрылыс нысандарында бейресми жұмыс атқарып жүрген жұмысшылар жеткілікті. Бұл – бірқатар салаларда бұрыннан бар мәселе. Жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісімшарт болмауы зейнетақы жүйесімен қамтылмауға, кейде жалақының тұрақты қолға тимеуіне әсер етеді. Мұның алдын алу үшін облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының жанынан барлық аудандарда мониторингтік жасақ құрылады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес хабарлады. 

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың өкімімен өңірде бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру және сапалы жұмыс орындарын құру бойынша 2019-2021 жылдарға арналған арнайы жол картасы қабылданған. Осыған орай, бұл мәселені зерттеп, қадағалау мақсатында мониторингілеу бойынша жұмыс тобы құрылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жыл сайын облыста 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылатыны, дегенмен тұрғындардың басым бөлігі зейнетақы жүйесімен толық қамтылмағаны айтылды. Бұл, әрине, ресми емес еңбек қатынастарының барын айғақтайды. Көбіне мұндай жағдай жұмыс уақытында қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда жұмыс берушінің жауапкершіліктен жалтаруына әкеледі.

- Өңірде жұмыспен қамтылғандар саны 331,4 мың адам болса, соның ішінде жалдамалы жұмыскерлер саны 217,6 мыңды құрайды. Ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 113,8 мың. Міндетті зейнетақы жарнасы оның 130 мыңына ғана аударылған. Қазір зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланыстырылған. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасында байланыс күшейген. Сондықтан, әрбір тұрғын, оның ішінде жастар өзінің болашағы үшін атқаратын жұмысын заңдастыруы қажет, – деді Т.Тілес.

Аталған жол картасы аясында облыстық «Jas Otan» ЖҚ жанынан мониторингтік жасақтар құрылып, жұмыс берушілерге және бейресми жұмыс істеп жүрген жастарға түсіндірме жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе жұмыс берушілердің жалақы төлеу мәселелері жөнінде жастардан сауалнама алынып, нәтижесі тиісті органдарға жолданады. 


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2019 г. 479 0