Қаңғыбас иттер қауіпті

Қаңғыбас иттер жергілікті тұрғындар үшін қауіпті, олар инфекциялық аурулар тасымалдайды. Далада қаңғырып жүрген иттердің көлемі жыл өткен сайын көбеюде. Оның себебін мамандар қожайынның жауапсыздығынан көреді. Ал дамыған елдерде олармен күресу үшін арнайы ереже қабылданған. Мысалы, АҚШ-та қаңғыбас иттерді қадағалау қағидасы 1976 жылы жасалып қойған. Бұл ереже барлық штатқа ортақ. Қараусыз қалған кез-келген итті мамандар ұстап алып, арнайы белгіленген орынға жібереді. Тіпті полиция офицерлері де көмекке келеді мұндайда. Өйткені Америкада итті, жалпы жануарды қорлаған адам тергеуге ілінеді. Арнайы орынға жеткізілген итке қожайын қарастырылады. Ит асырау мәселесі де маңызды болып есептеледі.

Германия – жануарларды қорғау туралы заң шығарған алғашқы мемлекет. Ол жақта «Жануарлар құқығы» қатаң бақыланады. Жануарларға жауапкершілікпен қарамаған адам жазаға тартылады, яғни айыппұл салынады. Мысалы, итті көшеге шығарып тастасаңыз әжептеуір айыппұл төлейсіз.

Енді өзіміздің өңірдегі жағдайға тоқталсақ. Қаңғыбас ит, мысықтар – үлкен проблемалық мәселе. Әлеуметтік же­лі­лерде де көп жазылады. Бұл мақ­сатқа биыл 43,4 млн теңге қаржы бө­лінген. Соған сәйкес әртүрлі пара­зиттік аурулардың алдын алу мақса­тында 17814 бас қаңғыбас ит пен мысық ауланып, жойылды. Өлекселер ветеринариялық-санитариялық талап­тар­ға сәйкес, инсинератор пештерінде өртеліп, типтік жобадағы мал қорым­дарына тасталады.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетовтың айтуынша, жылда жүргізілетін жұмыстарға Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді.

 Оларды аулау жөнінде облыстық мәслихаттың келісімімен бекітілген ереже бар. Үй жануарларын, ит пен мысықты қоғамдық орындарда серуендету сол ережеге сәйкес болуы керек. Қаңғыбас ит-мысықтар адамдар көп жүрмейтін таңғы сағат 5-6-лардың кезінде ауланады. Оған қарсы пікір, тіптен ауыр сөздер айтатындар кездеседі. Мысалы, біреу итін босатып жібере салады, ит біреуді тістеуі, зақым келтіруі мүмкін. Соларды ит аулаушылар аулайды. Көшеде жүргеннен кейін қаңғыбас ит-мысықтың есебіне кіреді. Иесі итке ие болуы керек,– дейді басқарма басшысы.

Қаламызда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен қалалық ветеринариялық станциясы айналысады.  Ветстанция мамандары 16 – 21 қыркүйек күндері аралығында 191 бас қаңғыбас ит аулап, жойылғанын айтады.  Бұл жұмыстар күнделікті жауапты мамандардың бақылауында. Егер сіз көшеде қандай да бір қаңғыбас итті көрсеңіз 8702 914 27 45, 8777-422-47-97, 30-16-64 байланыс нөміріне қоңырау шалып, хабарлай аласыз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2019 г. 1 368 0