Мәңгілік сарынның үзілмес үні

 Түркітілдес ел ғалымдары мен айтулы өнер иелерін Сыр елінде тоғыстырған «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық өнер фестивалінің жабылу салтанаты Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінде өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бас хатшысының орынбасары Чакыджы Билял және осы ұйымның Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев, Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков қатысып, фестиваль қонақтары мен қатысушыларын құттықтады. Сонымен қатар, шетелдік және қазақстандық дәстүрлі жыр шеберлеріне сый-құрмет көрсетті.

Салтанатты жиында түркі халықтарына ортақ дәстүрлі музыка өнері салтанат құрды. Осылайша түбі бір түркі жұртын өнер арқылы біріктірген фестиваль соңы жыр жампозы Бидас Рүстембеков бастаған жыршы-термешілердің гала-концертіне ұласты. Атап айтсақ, концертте Амандық Бүрлібаев, Арай Оңғарқызы, Айкерім Ешпаева, Ұлжан Байбосынова, әзербайжандық Рамин Караев, қырғызстандық Ширин Абдрахаманова, Саха елінен келген Юлиана Кривошапкина, өзбекстандық Эльдор Юлдошев пен Роза Ражапова, түрік әншісі Демирташ Йылмаз, Татарстаннан келген «Нұр» бишілер тобы мен  Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттап жүрген «Қобыз рухы» тобы өнер көрсетті.

Түркітілдес елдерді бірік­тіретін бірден-бір тұлға Қорқыт ата екені белгілі. Ал, өмірі аңызға арқау болған дала данагөйінің жай тапқан жері қазақ елінде. Мұның бір дәлелі – Қорқыт ата мұрасы, аңыздары мен күйлерінің қазақ арасында кеңінен таралуы. Фестиваль аясында түркітілдес елдер жастары арасында «Түркі әлемін тоғыстырған – Сыр елі» тақырыбында өткен форумға қатысушылар да Қорқыт ата кешенін аралады. Форумға қатысушыларға елімізде, оның ішінде облыста жастар саясатын қолдау мақсатында атқарылып жатқан игі істер баяндалды. Сондай-ақ, шара барысында жас­тар арасында қол күресі, арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру және қарбыз жеу бойынша са­йыстар өткізіліп, жүлдегерлер арнайы марапатқа ие болды.

Шарада фестивальға қа­ты­сушылар мен қонақтар сыр­бойылық қолөнер шеберлері мен зергерлері, ұсталар жасаған көздің жауын алатын бұйымдармен де танысты.

Облыс әкімдігі мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесе бесінші мәрте ұйым­дастырған ауқымды мә­дени шара түркі халықтарына ортақ баба мұрасын насихаттап, әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлес қосқаны айқын. Айталық, фестивальда еліміздің және Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар Қорқыт атаның түркі әлеміндегі орны, тарихи тұлғаның бейнесі туралы кеңінен пікір алмас­ты, түркіге ортақ әдебиет пен мәдениеттің даму жайын талқыға салды. Ең бастысы, осы жолы Ираннан келген қандасымыз, коллекционер Уәлимұхамед Қожа жиынға арнайы шақы­рылып, оның Тегераннан «Қорқыт ата» кітабының жаңа нұсқасын тапқаны белгілі болды. Бұл жазба тұтас түркі әлемі үшін құнды қазына екені анық. Сондай-ақ, өнер фестивалінда «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы оқырманға жол тартты.

Өткен жылы Қорқыт ата мұрасы БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгені белгілі. Облыс әкімі фестиваль аясындағы ха­лықаралық ғылыми-теориялық конференцияда бұл маңызды жетістік әрі үлкен жауапкершілік екенін, барша түркі әлемінің рухани тәлімгерінің шығармаларын сақтап қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа жеткізіп, баба мұрасын насихаттау аса маңызды екенін айтты. Қорқыт атаның рухани қазынасын зерттеу, насихаттау ісі жалғасып, алдағы уақытта да түркітілдес елдердің өнер фестивалі дәстүрлі түрде өтетін болады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қыркүйек 2019 г. 434 0