«Нұрлы жер» бағдарламасына өтініш қабылдау аяқталып, бүгінде баспанаға үміткерлердің төлем қабілетін растау жұмысы жүруде. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның жергілікті филиалына бір ай мерзімде 703 өтініш келіп түскен.
Айта кетелік, бағдарлама бойынша қаланың сол жағалауынан 240 пәтер пайдалануға берілуге дайын. Оның 140-ы 3 бөлмелі, 100-і екі бөлмелі. Үш бөлмелі пәтердің жалпы ауданы 67 шаршы метр болса, екі бөлмелі пәтер 57 шаршы метрді құрайды. Баспананың бір шаршы метрі – 140 мың теңгеден.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында банк салымшыларына қойылатын талаптың бірі – үй бағасының 20 процентін депозитте жинау. Сонымен қатар ҚР азаматы, атында жылжымайтын мүліктің болмауы және төлем қабілетінің болуы секілді талаптар бар. Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаға 6 санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар да, кезекке тұрмаған, баспанасы жоқ азаматтар да қатыса алады.
– Сол жағалаудағы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін 240 пәтердің 120-ы жергілікті атқарушы органда үй кезегінде тұрғандарға, қалған 120 пәтер банк салымшыларына беріледі. Барлығы 703 өтініш түссе, бағдарлама талаптарына сай келетін 240 тұрғынның есімі компьютерлік бағдарлама арқылы анықталды. Яғни, іріктеу кезеңіне адам факторы ықпал ете алмайды. Бүгінде баспана алудан үміткерлер төлем қабілетін растауда. Ал, қалғандары резервте тұр. Мәселен, іріктелген 240 үміткердің біреуінің төлем қабілеті жетпей қалған жағдайда резервте тұрған адам қатыса алады, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Айжан Аралбайқызы.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.