Қайталанбас құндылық

Сыр өлкесін ән мен жырға бөлеген түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Биыл бесінші рет өткізіліп отырған шара үш күнге жоспарланған.

Еліміздегі «Жастар жылы» аясында ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту мақсатында алғаш рет түркітілдес елдер жастарының халықаралық фестивалі ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат – жастардың қарым-қатынасын нығайту, ортақ тарих пен құндылықтарды насихаттау, жастар саясатында оң бастамалар бойынша тәжірибе алмасу.

Өнер фестиваліне Иран, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мем­лекет­терінен және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен өнер иелері қатысуда.

Облыс әкімінің орынбасары Нау­рызбай Байқадамов шараға қатысушы өнерпаздарды құттықтады.

– Сырдариясы жыр дариясына ұласқан, ойшыл абыз Қорқыт ата туып- өскен барша түркі халқының байырғы Отаны, Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр елі – ежелден мәдениеті дамыған, өнердің киесі дарыған киелі мекен. Өздеріңізге белгілі, Қорқыт ата мұралары БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тек Сыр елінің ғана емес, барша түркі жұртының қуанышы. Ұлы ойшыл абыз Қорқыт атаның мұраларына арналған бұл фестивальдің келер ұрпаққа берері көп. Бүгінгі таңда облысымыздың 7 ауданында қобыз үйірмелері ашылып, онда кәсіби мамандар дәріс беріп, осы өнерге жас жеткіншектердің қызығушылығы күн санап артып келе жатқандығын мақтанышпен айтқым келеді, – деді Н.Байқадамов.

Өткен жылы аймақта алғаш рет «Қорқыт. Қобыз» республикалық қобыз­шылар мен қобыздың сүйемел­деуімен жыр айтушылардың байқауы ұйымдастырылды. Бұл Қорқыт мұраларын насихаттауда мәнді шара болды. Бүгінде Қорқыттың күйлері еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында  шәкірттерге үйретіліп, әлем сахналарында орындалуда.

Фестивальға қатысқан халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысының орынбасары, доцент, ғылым докторы Чакыджы Билял, аталған ұйымның Қазақстандағы өкілі, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Асқар Тұрғанбаев өз ықыластарын білдірді.

 Мағыналы шарадан алған әсерін көрерменмен бөліскен ТҮРКСОЙ ұйы­мының бас хатшысы орынбасарының сөзі де әсерлі болды.

 –  Біздің ата-бабаларымыз Сырдың бойында өмір сүрген. Кейін осы жерден кетіп, бір-бір ұлтқа, үлкен мемлекеттерге айналдық. Қанша ұлттың өсіп-өнген құт мекені аман болсын. Бұл – әлемнің ең мықты суретшілері сала алмайтын, барша ақындар жиылып сөзбен жеткізе алмайтын тамаша көрініс, – деді ол.

 Халықаралық ұйымның еліміздегі өкілі А.Тұрғанбаев туған жерінің әрбір жетістігін көргенде мерейі тасып қуанатынын, бүгінде сәулеті келіскен қалаға айналған Сыр еліне ықыласы ерекше екендігін білдірді.

Фестиваль сахнасының шымылдығы қаймағы бұзылмаған саф өнердің жалғастырушысы сырбойылық жырау­лар жырымен түрілді. Атап айтқанда, Өзбекстанда өткен халықаралық бахшы жыр фестивалінің бас жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова, есімі елге белгілі жыршы-жыраулар Бисенбек Төлеубаев, Күнсұлу Түрікпенова, Әділхан Қуаңбаев мақам сазды маржандай төгіп, айналаны жырмен көмкерді.

Фестиваль әрі қарай түркітілдес елдер өнер­паздарының концертімен жалғасты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2019 г. 548 0