Өнер фестивалінің екінші күнінде түркітілдес мемлекеттердің өкілдері «Қорқыт ата мұраларының түркі әлеміндегі ролі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға жиылды. Келелі басқосуға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Облыс әкімдігі мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесе бесінші мәрте ұйымдастырған мәдени шара тамыры тереңге жайылған түркі халқының саяси, әлеуметтік, мәдени дамуының терең сабақтастығы мен біртұтастығын айқындайды.
– Рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық құндылықтар болса, Қорқыт ата мұрасының біз үшін орны бөлек. Осы ретте түркі халықтарына ортақ баба мұрасын насихаттай отырып, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайту, әдебиетіміз бен өнерімізді дамыту – зор жетістік. Дәстүрлі өнер фестивалінің біздің өңірде өтуінің өзіндік мәні бар. Қызылорда қаласы ХХ ғасырдың 20-жылдары Қазақ елінің астанасы болды. Ерте замандарда Сыр бойын мекендеген тайпалар көне түркі мемлекеттерін құрып, оларды Ұлы Жібек жолындағы саяси ортаға айналдырды. Сондықтан Сыр елі түбі бір түркі мәдениетінің мұрагері ретінде Қорқыт мұрасын дәріптеуде алда жүруі тиіс, – деді аймақ басшысы.
Фестиваль Елбасының қолдауымен алғаш рет 2006 жылы ұйымдастырылып, 2011, 2014, 2017 жылдары жалғасын тапты. Бастаманы жүзеге асыруда облысты алты жылдан астам уақыт басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың үлесі зор. Осы уақыт аралығында тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, баба мұрасын зерттеу бағытында біршама жұмыс атқарылды. Қорқыт ата кесенесі Елбасы тапсырмасымен 2015 жылы қайта жаңғыртылып, зиярат ету орталығы қоса салынды. Кешен бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының бірі ретінде танылып, сан мыңдаған адам ат басын бұратын орынға айналды. Ең басты жетістік, былтыр 27 қараша күні Маврикийде өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасы БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді.
– Бұл – маңызды жетістік әрі үлкен жауапкершілік. Бес жылдан кейін біз материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет алдында Қорқыт ата мұраларын дамыту бағытындағы жұмыс бойынша есеп береміз. Сондықтан алда әлі көптеген міндет күтіп тұр. Барша түркі әлемінің рухани тәлімгерінің шығармаларын сақтап қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа жеткізіп, баба мұрасын насихаттау аса маңызды, – деді облыс әкімі.
Одан кейін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары, доцент, ғылым докторы Чакыджы Билял сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айнұр Мырзабекова министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов Қорқыт бейнесін нақтылайтын уақыт жеткенін атап өтті.
– Бүгінде түркітілдес халықтардың әрқайсысы оны өзіне икемдеп алған. Қорқыт бірінде абыз қарт, екіншісінде жыршы-жырау, енді бірінде аңыз-әпсана кейіпкері, музыканың атасы немесе мәңгілік өмір іздеген жиһанкез ретінде белгілі. Қорқыт тұлғасы Ұлы даланың ежелгі тарихында теңдессіз болып, көне түркі халықтарының санасында өшпестей із қалдырды. Арғы дәуірде ерекше ардақталып, мифтік кейіпкер дәрежесіне дейін көтерілді. Кейінгі дәуір оқиғалары да оған нұқсан келтіре алған жоқ. Халық санасында әбден орныққан қасіретті жылдардың мифтік-фольклорлық туындыларынан Қорқыт атаның өміршең кейіпкерге айналғанын көреміз, – деді ғалым.
Конференцияда ирандық коллекционер Уәлимұхамед Қожа «Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасы қолына тигенін сүйіншіледі. Әке өсиетімен құнды жәдігер жинау ісіне ден қойған ол даналық дастанының үшінші нұсқасын тауып отыр.
– Кітаптың қандай тілде екенін әуелгіде ешкім біле қойған жоқ. Ғалымдарға көрсеткенімде теңдесі жоқ дүние екенін айтып, төбеміз көкке жеткендей болды. Қолжазба қазір Иранда – үйімдегі кітапханада жүзден астам түрлі қолжазба еңбектің қатарында сақтаулы тұр. Ал кешеден бері бабамыздың туған жеріне табанымыз тиіп, қуанып жатырмыз, – деді ол.
Грузия мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ломисси» шығармашылық бірлестігінің бас директоры, Кавказ университетінің профессоры, өнертану ғылымының докторы Георгия Багашвили әріптестерін үш күнге жалғасқан өнер мерекесімен құттықтап, «Мдзлевари» ансамблімен бірге грузиндердің ұлттық әуенін орындады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбаев баба мұрасының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енуі жаңа міндет жүктейтінін айтты. Осы орайда ғалым «Қорқыт қобызшы ма әлде жырау ма?» деген сұраққа жауап берді.
– «Қорқыт ата» кітабында оның қобызын ұстап, ел аралап, жыр айтып жүретіні жазылған. Кейінгі уақытта мұны «қобызбен күй тартқан» деп алмастырып айтатынды шығарды. Осындай текстологиялық айырмашылықтан көпшілікте екіұшты пікір қалыптасып отыр. Қорқыттың заманында ысқышты музыкалық аспап болған жоқ. «Қорқыт ата» жазбасының әзербайжандық нұсқасында бабамыздың қолқобыз пайдаланғаны келтірілген, – деді Т.Қоңыратбаев.
Мәдени шарада өзге де шетелдік және отандық ғалымдар түркі әлеміне ортақ ойшылдың бейнесін жан-жақты ашып көрсетуге тырысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова Ұлы даланың ұзанынан бастау алатын Сыр бойындағы эпикалық жыршылық дәстүр жайында айтты.
– Бабамыздың өсиет сөздері жыршы-жырау, ақын-шайырлардың шығармашылығынан көрініс тапты. Майлықожа, Мәделіқожа, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұрмағамбет, Нұртуғандардың өнерінің өрістеуіне негіз болған – Қорқыт даналығы екені даусыз, – деді ол.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов жыршылық-жыраулық өнер өкілдерін жоғары оқу орындарында оқыту, оларды кәсіби білікті маманға айналдырудың өзекті мәселелерін көтерді.
– Қорқыт атаның мұрагерлері – жыршы-жыраулардың қоғамда орындаушы күйінде қалып қоймай, рухани-ағартушылық жетекші факторға ие болуы үшін оларды мәдениет, өнер, білім салаларында білікті маман етіп дайындаудың маңызы зор. Демек, бүтін оқу кешенін ғылыми тұрғыдан негіздеу керек. Біз 90-жылдардан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанында осы бағытта жұмыс атқарып келе жатырмыз. 1998 жылы дәстүрлі өнер мамандығының мемлекеттік стандартын бекіттік. Аталған мамандық бойынша қазіргі күні еліміздің бірқатар өңірінде шәкірттер тәрбиеленуде. Келешекте Қызылордада музыка және өнер лицейін ұйымдастыру көзделіп отыр. Осылайша 16 жасқа дейінгі оқушылардың халықаралық өнер алаңын қалыптастыруға ниеттіміз, – деді фольклортанушы-ғалым.
Осы жолғы өнер фестивалінің ең басты ерекшелігі, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы оқырманға жол тартты. Кітапты құрастырушы және жоба авторы – орталықтың бөлім басшысы, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан. Аталған еңбек 3 мың дана таралыммен «Тұмар» баспасынан жарық көрді. Мәтіндердің қазақ тіліндегі нұсқасы профессор Б.Ысқақовтың аудармасы негізінде әзірленіп, аздап түзетілген. Ал орыс тіліндегі мәтініне 1965 жылы «Книга моего деда Коркута» атауымен жарық көрген академик В.В.Бартольдтің аудармасы негіз болып отыр. Орыс, ағылшын тіліндегі нұсқалары Ұлттық аударма бюросы мамандарының көмегімен әзірленді.
Автор кітап мәтіні Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті орталық ғылыми кітапханасының сирек қоры және Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған материалдар, 1999 жылы жарық көрген «Қорқыт ата энциклопедиясындағы» нұсқалар негізінде дайындалғанын айтады. Жинақта Қорқыт тұлғасына байланысты түркітанушы ғалымдардың құнды ой-пікірлері қоса берілген.
Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген ғалымдардың өзара тәжірибе алмасу алаңында осылайша ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін қалаушы тарихи тұлғаның түркі әлеміндегі орны айшықталды.
Айтулы шара бүгін қонақтардың Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» ескерткішіне сапарымен қорытындыланады. Онда сырбойылық қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі, «Алтыбақан» жастар ойын-сауық бағдарламасы, фестивальдің салтанатты түрде жабылу кеші өтеді.
Назерке САНИЯЗОВА.