Ауыл дәрігері үйсіз жүр

Қандөз – облыстың бір қиырындағы ауыл. Қызылқұмның етегіне орналасқан елді мекен бұрын «Түркістан» кеңшарының орталығы болды. Қазір Жаңақорған ауданына қарасты екі мыңға тарта тұрғыны бар дербес ауылдық округ. Қалғансыр, Қашқанкөл атты елді мекендері мен шашыраңқы орналасқан малшы қауымы да осы округ есебінде. Орта мектебі, аурухана, поштасы бірнеше сауда дүңгіршегі ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Кеңестік кезде де әлеуметтік қолдаудан кенделеу қалып келген ауыл тұрғындары өзіміз өмір сүріп отырған нарықтық уақытта да жоғарыға қарай иек арта бермей, көнбістікпен тіршілігін жасап келе жатқан жайы бар. Бірі бес-алты тұяғын бағып, енді бірі тары егіп, енді бірі көлік жүргізіп дегендей күн көріп келеді. 

Жоғарыда айтқанымыздай, ауылда аурухана бар. Алайда, шеткі ауыл болғандықтан, мұнда дәрігер тұрақтай қоймайды. 2017 жылы ауылдың байырғы тұрғыны болған, кезінде шаруашылықта бас экономист қызметін атқарған марқұм Жұмашев Жайылдың ұлы Досболды ауыл адамдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында өз мамандығына сай қызмет етіп жүрген жерінен қолқалап орталарына шақырып алған еді. Жас жігіт те «Қаланың маңында жүрмін, тәуір қызметім бар»  деп бәлсінбей, бұл шақыруды құп көрген. Әуелгіде «тұрмыс­тық жағдайың жасалады» деген уәде кейін келе сұйылып, ауылға келген жас маман, жоғары білімді дәрігер нақты уақытта үйсіз-күйсіз жүр. Пәтерден пәтер жағалап жүрсе де өзінің қызметін адал атқарып келеді.

– Көңіліме медет тұтатыным – өзім туып-өскен ауы­лыма қызмет етіп жүрмін деген сенім. Алайда, отбасыңның тұрмыстық жағдайы болмаса қиын екен. Мені тірек тұтатын жан жарым, 3 ұл-қызым бар. Соларды тарықтыр­мау әкелік парызым емес пе?! Басында ауыл ағалары мен ауыл әкімінің тұрғын үй мәселесі шешіледі дегеніне сеніп едім. Соңғы кезде үмітім үзілгендей болды. Екі жылдан асты, іс жүзінде ай сайын  ақылы  пәтер жалдап тұрып келемін. Бірнеше рет ауыл әкімі, аудан әкімінің  орынбасарына, Жаңақорған  ауданының бұрынғы бас дәрігеріне мәселемді ауызша айтып шешіп беруін өтінгенмін. Жанайқайыма қарайтын басшыны байқамадым, – дейді ауыл дәрігері. – «Дипломмен  – ауылға!»  бағдарламасы  бойынша  бұрынғы  істеген жерім – Ордабасы  ауданында  үй  алғаныма  байланысты  бұл мәселенің  шешімі  табылар емес. Туған ауылым үшін жылы  орнымды суытқаныма өкінбеймін. Алайда баспана  мәселесінің  шешімін тапқанын қалаймын.

Әңгіменің ұзын-ырғағы осы. Күндердің күнінде туған ауылым деп келген жас дәрігер де жайлы жерге ойысып кетуі әбден мүмкін. Содан соң «ауылға маман тұрақтамайды» деген сөздің мәнісі қандай? Тұрғындардың әлеуметтік жағ­дайына жауапты атқару орындарының басшылары, денсаулық саласының тізгінін ұстап отырған ағайындар көз алдарында өтіп жатқан жағдайларға осылай алаңсыз қарап отыра бере ме? Әлде ұтымды бір жолын табар ма екен?!

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

Жаңақорған ауданы.

 



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2019 г. 492 0