Түркі руханиятының темірқазығы

 Бүгін Қызылордада түркітілдес елдердің дәстүрлі өнер фестивалі басталады


Қорқыт және оның қазыналы мұрасы – Елбасы айтқан нағыз ұлттық кодымыз. Біз ғана емес, түбі бір түркі халықтарының біраз жұрты Қорқыт атаны құрметтеп, аңызға толы өмірін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген.

Тіпті, «Қорқыт осында жай тапқан» деп халық кие тұтып, қастерлейтін Қорқыт атаның мазары бірнеше елде бар. Бірақ, Қорқыт – қазақтың төл тұлғасы екенін академик Әлкей Марғұлан дәлелдеп, жерленген жері Қызылордада, Қармақшы ауданында екенін нақтылай түскен. Бұл тақырыпта Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Қорқыт аңыздары қазақта мол сақталған. Сонымен қатар Қорқыт мазарларының негізгісі – Сырдың бойында тұр. Олай дейтініміз, Түркияның Байбурт қаласында да, Кавказда да Қорқыттың мазары бар. Дегенмен де, Қорқыт күйлерінің тек қазақ арасында сақталуы, басқа түркі халықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыздарының бүгінге дейін қазақ арқылы жетуі – Қорқыт мұрасының мұрагері қазақ екенін көрсетеді» деген болатын. Рас, бірнеше ғасырдан бері Қорқыт қалдырған рухани мұра қазақ жұр­тын татулыққа шақырып, бірлігін бекемдеп келеді. Қорқыт ата айтқан «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, Ұл атадан үйренбей сапар шекпес», «Тәкаппарды Тәңірі сүймес» сынды нақылдардың сөз арасында жиі айтылатыны да сондықтан болуы керек.  Бізде ғана емес, түркі халықтарының біраз елінде Қорқыт осылай қастерленеді. Сондықтан бір біле­ріміз, Қор­қыт – түбі бір түркі халық­тарын біріктіретін бірден-бір тұлға.

Бүгінде Қорқыт мұрасын дүйім елге жарқырата ұсы­нып, тереңірек зерттеу ісі­не жол ашу үшін түркі ел­дері ұйымшылдықпен бірі­ге түсті. Соның айқын дә­лелі – «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольк­лор­лық-музыкалық өнер фестивалі. Осы кезге дейін 2006, 2011, 2014, 2017 жылдары ұйымдастырылған фес­тиваль Қорқыт ата мұрасының, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендерінің зерттелуіне, көп тал­қысына түсіп, кеңінен тарауына септігін тигізді.

Бұл туралы жырау Алмас Алматов «Бұл фес­тиваль – түркі бауырластардың өнерін бағалау, олардың әлемін, мә­дениетін танудың бірден-бір ғы­лыми трибунасы» деген болатын.

Қорқыт ата мұрасын бір­лесе зерт­теу, Ұлы баба төңі­регіне топтасу 1997 жылдан басталады. Сол жылы ҚР Президентінің қол­дауы­мен Қызылорда қаласында «Қорқыт және түркі әлемі» атты халық­аралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Ал 1999 жылы «Қорқыт ата кіта­бының 1300 жылдығы» ЮНЕСКО көлемінде атап өті­луі түркі халықтарына ор­тақ дәс­түрлі музыка өнерінің қа­нат жаюына, зерттелуіне жол ашты.

Ауқымды шара аясында халық­аралық ғылыми-танымдық конференция 2006 жылы «Түркі халық­тарының дәстүрлі музыкасы бүгіні мен келешегі» тақырыбында, 2011 жылы «Түркі халықтарының дәс­түрлі музыкалық мәде­ниеті: келелі мәселелері мен келешегі», 2014 жылы «Қорқыт ата мұра­лары – түркі халықтарының рухани қазы­насы» атауымен өткен. Осы кезге дейін төрт рет ұйым­дас­тырылған дәстүрлі өнер фес­тивалі Түркия, Әзербайжан, Алтай, Қырғызстан, Башқұртстан, Саха, Молдава, Қарақалпақстан елдерінің өнерпаздарын Сыр еліне жинады және әр фес­тиваль сайын тың идеялар талқыға түсіп, дәстүрлі өнер жаңа қырынан таныла түсті.

Айталық, 2017 жылы өткен фестивальда Түркия елінен келген Хаджеттепе университетінің профессоры Озкул Чобаноглы «Дәдә Қорқытты болашақ ұрпақ тануы керек. Барлық түркі мемлекеттерінің білім жүйесіне Қорқыт туралы пән енгізілсе деген ұсынысымыз бар. Сонымен қатар, Ұлы ойшыл туралы толық зерттеу жүргізе алмасақ, онда біз үшін өз-өзімізге мазар қазғандай боламыз», – десе, қобызшы Қазақбай Дотаұлы «Қобыз аспабын  Қорқыттан бөліп тастай алмаймыз. Бабаның күйлері тек қазақ ұлтында сақталған. Сондай-ақ, терімен қапталған, жылқының қылымен тартылған қоңыр үнді қобыз тек бізде ғана» деген болатын.

Қорқыт мұрасы – бір ұлттың ғана емес, тұтастай түркі әлемінен хабар беретін рухани құндылық. Сондықтан 2014 жылдың ақпан айында облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесте сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізбесіне «Қорқыт ата мұралары» номинациясын енгізу қаралған болатын. Бұл игі бастама ойдағыдай жүзеге асып, оң нәтиже беруі үшін бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Айталық, 2017 жылы Қызылорда, Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен бірлесе отырып, Қорқыт ата мұраларын насихаттау мақсатында «Қорқыт ата мұралары» көпұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік  тізіміне енгізу бойынша  сараптамалық кездесулер ұйымдастырылған.

Көп тілегімен, ұлттық өнер жанашырларының қолдауымен іске асқан бұл бастама тұтас түркі жұртына игілік әкелді.  2018 жылдың 26 қараша – 2 желтоқсан күндері Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында Қорқыт ата мұралары мақұлданып, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді.

Қорқыт ата мұрасы – түркі руханиятының темірқазығы. Ал, Қорқыт ата мұраларының әлем жұртшылығына танылуы – түркі жұртының ортақ жеңісі екені белгілі. Бүгін Сыр елінде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық өнер фестивалі бесінші рет ұйымдастырылмақ. Руханият жанашырларының бұлай бас қосуы баба мұрасының, түркі халықтары дәстүрлі өнерінің жаңа биікке шығуына жол ашатыны анық.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2019 г. 427 0