« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халыққа бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Ассамблеяның 20 жылдан астам уақыттан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, қоғамның құрамдас бөлігі екенін көрсетті. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың конституциялық, азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстанның көпэтностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орнады.
Кеше «Достық үйінде» облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыстық ассамблеяның «Татулық пен келісім формуласы: бірлік пен жаңғыру» тақырыбындағы ХХІІ сессиясы өтті. Онда облыстық Қазақстан халқы ассамблея хатшылығының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары, сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтылды.
Сессияның ашылуында аймақ басшысы қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, татулық пен бірліктің ұйытқысы болып отырғанын айтты. Сессия қонақтарын құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
– ХХVII сессия барысында Елбасы Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда Сыр өңірінде Елбасының тапсырмалары жүзеге асып, толымды істер атқарылып жатыр, – деді облыс әкімі. Естеріңізге салайық, «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналып әзірленген кешенді жоспары» осы жылдың 28 мамыр күні Үкімет мәжілісіне ұсынылып, жан-жақты талқыланып, бекітілді. Кешенді жоспардың негізгі бағыттары өнеркәсіп, «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, су шаруашылығының ахуалы, әлеуметтік сала мен Қызылорда қаласының бас жоспарын қамтиды. Оны іске асыру нәтижесінде жалпыөңірлік өнім көлемі 2 трлн 62 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Сонымен бірге, алдымызда Мемлекет басшысының айқындап берген ел қажетіне бағытталған, ел мүддесіне қызмет ететін 10 тармақтан тұратын межелі міндет бар.
Экономикаға тартылған инвестиция, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша және ауыл шаруашылығында да өсім қамтамасыз етілді. Облыстың экономикалық дамуындағы өсімге қол жеткізу үшін аймақ экономикасын индустрияландыру арқылы әртараптандыру стратегиясы жүзеге асырылуда. Осы ретте «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 12,6 млрд теңге болатын 124 жобаны жүзеге асыру жұмыстары атқарылып жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Сыр өңірінде 2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланды. Осылайша, шағын және орта бизнесті дамыту қолға алынды. Тек, соңғы алты жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 2,5 есеге артып отыр. Осы уақыт аралығында Қызылорда қаласының өзінде жаңа 10 шағын аудан, 5 тұрғын үй кешені, 361 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық адам баспаналы болды. Оның ішінде, «Баламекен» жобасы шеңберінде «Болат Өтемұратов Қоры» есебінен осы жылы 100 үй пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарға қор есебінен 450 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Сырдарияның сол жағалауында сәулеті мен дәулеті келіскен жаңа қала бой түзеп келеді.
Аймақ басшысы және атап өткендей, Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің ұйытқысына айналды. Ассамблея құрылған күнінен бастап 24 жылдан астам уақыт бойы тарих, мәдениет және тіл ортақтығын дамытуда қызмет етіп келеді.
– Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен әртүрлі форматтағы 96 іс-шара өткізілген. Мәселен, ассамблеяның бастамасымен өңірде «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылды. Айта кету керек, бұл жоба Қызылорда облысынан бастау алды. Сондай-ақ, ассамблеяның қолдауымен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Халықтар достығы» ұлттық-мәдени фестивалі өтті. Облыстық Қазақстан халқы ассамблея хатшылығы өз қызметін бірнеше бағытта жүзеге асыруда. Атап айтқанда, облыстық этномәдени және аудандық этно бірлестіктер, қоғамдық келісім және аналар кеңестері, жастар қанаты және ассамблея жанындағы депутаттық топ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы және ғылыми-сараптамалық топ, қайырымдылық, медиация, аудан орталықтарында меценаттарды тарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері меценаттардың қолдауымен 798 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, 24794 адамға 270 млн 809 мың теңгеге көмек көрсетілді. Өңірде облыстық, 2 қалалық, 7 аудандық және 155 кенттік және ауылдық қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олар ассамблея отырыстарында жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді қарастыра отырып, қоғамдық бақылау қызметтерін орындайды. «Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі этномәдени бірлестіктерге ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек, тұрақты қолдау көрсетуі қажет. Облыс әкімдігі өз тарапынан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының, «Достық үйінің» материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мен жобаларды өткізуге қаржы бөлуге тиісті қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы мерейтойға орай аймақтың басты сыйлығы игі істеріміз бен жетістіктеріміз болуы керек», –деді облыс әкімі.
Сессия барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Геннадий Шиповских телебайланыс арқылы өзінің пікірін білдірді.
– Сыртта жүрсем де туған жерімнің тілеуін тілеп, жақсы өзгерістерді көріп мақтанып отырамын. Мен бала кезімнен теміржолшы болуды армандадым. Ол арманым орындалды. Жұмысыммен қатар, қоғамдық істерде белсенділік көрсететін едім. Оның ішінде облыстық ассамблеяның жұмысына жақсы араластым. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында «Менің Қазақстаным» атты поезды Астана қаласына дейін айдап келдім. Бұл естен кетпес сәт еді. Еліміздің саясатын жүргізуге өз үлесімді қосуыма себепші болған осы ассамблея болып табылады. Мен де еңбектің адамы бола тұра, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болдым. Тағдырыма, ата-анама, сенім білдірген өздеріңізге рахмет айтамын. Еліміздің басты құндылығы – бейбітшілік пен бірлік, экономиканың тұрақты өсуі, этносаралық татулық пен қоғамдық келісім. Осы қолымызда бар байлықты қадірлей білейік, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Мұнан кейін Ресей Федерациясы Шешенстан Республикасының Серновод аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы Ислам Губанов сөз алды. Ол туған жері – Сыр еліне келгеніне қуанышты екенін жасырмады.
– Мен қасиетті Қорқыт елінің топырағынан шыққан шешен ұлтының өкілімін. Бүгін сәті түсіп, сүйікті жерім Сыр бойына келдім. Шешен бауырларыңыздың ыстық ықыласын қабыл алыңыздар. Құрметті жерлестер, шешен ұлтының Қазақстан жеріне қоныстанғанына 75 жыл болыпты. Бұл жылдар аралығында біздің өміріміз бен тарихымыз, руханиятымыз бен мәдениетіміз біте қайнасып кетті. Өз халқымның атынан қиын-қыстау кезінде бізге пана болған қазақ жұртына шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін, – деді Ислам Вахидович.
Жиын кезінде Жалағаш ауданының әкімі, облыстық ҚХА мүшесі Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжікеев, «Жомарт» қоғамдық бірлестігінің еріктісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ольга Сивцова, Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылындағы №108 орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Аида Мутиева, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі Луца Константин сөз сөйледі. Спикерлер бейбітшілік пен келісім, ұлттық құндылықтар, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, саяси өзгерістер, қоғамдық даму мәселелері туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Шарада облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Теңелұлын 70 жас мерейтойымен құттықтап, облыстың Құрмет грамотасын табыстады. Өңіріміздегі мемлекеттік этносаясатты дамытуға елеулі үлес қосқан облыстық этномәдени бірлестіктердің белсенділері Алғыс хатпен марапатталды. Сессия соңында ҚХА-ның «Қазақтану» жобасы аясында «Алмас қылыш» фильмі көрсетілді.
Сессияның қорытындысы негізінде облыс әкімі өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесе отырып қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасын әрі қарай жалғастыруды, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері этнобағыттағы қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық келісім кеңестерін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қолдауды жүктеді.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |