« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс әкімі, партияның облыстық филиал төрағасы Қуанышбек Ысқақов өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударуды, олар үшін тең мүмкіндіктер жасауды» тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста ауқымды істер атқарылып келеді. Кездесуде облыс әкімі бұл жұмыстарды егжей-тегжейлі айтып өтті.
– Аймақта 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін 2013 жылдан бастап, әр екі жыл сайын арнайы Жол картасы бекітіледі. Соңғы алты жыл ішінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін әлеуметтік төлемдерді есептегенде бюджеттен 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл осы мақсатқа 937 млн теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Әлеуметтік оңалту шараларын орындауда біз соңғы 3-4 жыл көлемінде республика бойынша бірінші орында келеміз. Осы жылы аймақта оңалту шаралары 80 процентке орындалып, республика бойынша орташа есеппен 57 процентті құраған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбеймесе, азаймайды, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан мүгедектікке жәрдемақыны тағайындау, тегін дәрі-дәрмектер алу, ақылы емдеу мекемелеріндегі жеңілдіктер, өзге өңірлерге барып ем қабылдау үшін квота бөлу, жолда жүру және жаңа шағын аудандарға қоғамдық көлікті көбейту, ипотекалық үй алған тұрғындарға несие процентін төмендету, сондай-ақ, ғимараттарға, оның ішінде жаңадан салынатын ғимараттар мен тұрғын үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері сөз болды.
– Ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп-тұруына көптеген кедергілер бар екенін жақсы білемін. Мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Солардың бірі – әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі. Қала инфрақұрылымы ол үшін әлі де толық бейімделмеген. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясымен қабылданған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Барлығы қаржыға келіп тірелетіндіктен, олар кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді облыс әкімі.
Жиында көтерілген өзекті мәселенің бірі – «Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділлаев айтып өткен инватакси қызметі. Бүгінде қалада 3 арнайы бейімделген және 4 жеңіл автокөліктер инватакси қызметін атқарады. Өткен жылы Халық банкінің демеушілігімен бейімделген «Газель» шағын автобусы беріліпті. Жасыратыны жоқ, бүгінде кресло арбада отырған мүгедектерді тасымалдау үшін инватакси қызметін алушылар саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қоғамдық бірлестіктерге бюджет есебінен қаржы қарастырылмаған. Бұл орайда облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына қосымша қаражат есептерін пысықтап, тиісті ұсыныс беруге тапсырма берді.
Кездесуде І топ мүгедегі, ақын Нұрмұханбет Әбілқасымов ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өз жыр шумақтарын арнап, аймақ басшысына жыр жинағын сыйлады. Облыс әкімі келген азаматтарға ризашылық білдіріп, айтылған ұсыныстың барлығы «2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту» жөніндегі жаңа Ұлттық жоспардың аясындағы Жол картасында ескерілетіндігін атап өтті. Қосымша ұсыныстарды жазбаша беру жағы да ескертілді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |