« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазір нысананы дәл көздейтін мергендерді табу қиын. Кез келген жастың жылқыны ерттеп мініп, ат үстінде тік отыра алуы да неғайбіл. Есесіне әлсіз, аурушаң, аласа бойлылар мен ұлт мұрасына бейқам қарайтындардың саны артты. Қазақтың ұлттық болмысы мен саулығы ұлттық коды, тарихи жадына байланысты екенін дәлелдей түседі бұл. Бірақ дала ойындары, көшпенділер салты қайта жаңғыруда. Бұл сөзімізге ұлттық спортқа деген мемлекеттік деңгейдегі қолдау дәлел.
Жуырда Жаңақорған ауданына сапарымызда облыстық құрамадағы көкпаршылардың 90 проценті, тіпті садақ атудан еліміздің биылғы чемпионы осы ауданнан екенін білдік. Біздің облыстың көкпар құрамасы – республикада үздік төрттікте жүрген команда. Өзге облыстардың құрамасында бірнеше легионерлердің өнер көрсетуі қалыпты, ал бір ауданның өзінен осынша көкпаршының шығуы таңғаларлық емес пе? Бала күнінен ат құлағында ойнаған, дала заңын білетін қазақтардың болмысы бөлек. Көкпардың қазіргі жайын сұрайық деп Қыркеңсе ауылындағы аудандық көкпар құрамасының жаттықтырушысы Исламхан Боранбаев ағамен әңгімелескенімізде бұл ойымыз орныға түсті.
Біз барғанда көкпаршылардың екі жаттықтырушысы осы шаңырақта екен. Ат шаптырымдай аумақтағы аулаға кірген бетте жылқыны, үйілген шөпті көріп, еркін аураны сезінгендей болдық.
Қазір мұнда білегі құрыш, жігері қылыш шабандоздар ұлттық ат спорты түрлерінен төрт жылда бір рет өтетін республикалық фестивальға дайындалып жатыр. Ал осының алдындағы фестиваль 2016 жылы Қызылордада өткен. Сонда облыстың командасы жалпы есепте бірінші орынды бермеген еді.
Ұлттық спорттың бұл түріне тәуекелі мықты нар жігіттер жиылса керек. Батылдық пен ептілікке үйрететін ойында жаттықтырушы адам мен аттың үйлесім табуы өте маңызды дейді. Сондықтан атты ерттеп міне алу мен ат үстінде өзіңді еркін ұстап, мықтылығыңды байқату екі дүние. 2006 жылы Жаңақорғанда құрылған көкпар құрамасында қазір сайдың тасындай көкпаршылар бар, оларды Исламхан ағадан бөлек, Қанат, Асылбек, Асхат есімді жаттықтырушылар ойынға дайындайды. Жетістік те жетерлік. Жиырмадағы Нұрлыбек Асқаров есімді көкпаршы Азия чемпионатында І орын алып, «Жылдың үздік шабуылшысы» деген атақ еншілесе, Нұрлыбек пен Наурызқожа Әмзиев ел құрамасының сапында өнер көрсетіп, бүкіләлемдік көшпенділер ойынына қатысып, ІІІ орын иеленген. «Тұлпардың тай күнінен танылатыны» секілді қазір ат үстінде ойнап, намысты да, серкені де қолдан бермейтін Нұрлыбекті жаттықтырушылар 12 жасынан дала ойындарына баулыпты.
Бұрынғыдай емес, ұлттық ат спортына қолдау бар. Бүгінде құрамадағы 11 көкпаршыға облыс тарапынан 75-77 мың теңге аралығында стипендия тағайындалған. Сондай-ақ, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан 8 ат беріліпті.
– Жылқы құлын күнінен баптауға келмейді, өсе келе толысады. Сондықтан мүмкіндігінше дайын аттарды алуға тырысамыз. Былтыр бағдарлама аясында ат берілгені едәуір көмек болды. Бұған дейін атбегілермен алыс-беріс жасап, жеке аттармен жарысқа шығатынбыз. Қазір жануарлардың жем-шөбі қарастырылған, сондай-ақ былтыр дайындалу үшін моңғол, қытай, поляк садақтары берілді. Қытай садағы оқушының қолы таймайтындай ыңғайлы әрі жұмсақ жасалса, моңғол садағымен жебе алысқа ұшады, ал поляктардыкі ат үстінде тартуға қолайлы, – дейді Исламхан Боранбаев.
Садақ демекші, аңыздарда неліктен патшалар «ат үстінде нысана көздеп, жамбыны атып түсірген адамға қызымды, жарты патшалығымды беремін» деп жар салатынын білесіз бе? Мергендіктен бөлек, мұның тағы бір сыры бар екен. Байқасақ, миының екі жартышары бірдей жұмыс істейтін адам ғана, атпен шауып келе жатқанда нысанаға дөп тигізеді. Мидың екі бөлігінің де бірдей жұмыс істеуі инттелектінің жоғары екенін көрсетеді. Демек, мергеннің мерейін асырып, патшаның жарты патшалығымды беремін деуі тегін емес.
Исламхан аға да жәй тұрып жамбыны көздеу бір бөлек те, атпен шауып келе жатқанда, діріл үстінде нысанадан мүлт кетпеу бір бөлек дейді. Садақ атуды көздің қырағылығы ма десек, мергенге ең маңыздысы сабырлылық таныту екен. Биыл садақ атудан ел чемпионы атанған Ғалымжан Өміртай қазір Кореяда өтетін әлем чемпионатына дайындалуда. Бұл сайыста ол корей, моңғол, қазақ стилінде садақ ататын болады. Атқан оғы далаға кетпейтін жиырмадағы Ғалымжан жақында ғана ересектер арасында жамбы атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Өзі ғана жаттығып қоймай, қазір жанына бірнеше жасты жиып алып, шәкірт тәрбиелеуде.
Байқадыңыз ба, Жаңақорғанда көкпар десе, делебесі қозып, дегбірі қашып, рухы аспандайтын жігіттер неге көп? Себебі, мұнда қуанған адам дүйім жұртқа жар салып, алдымен жаппай көкпар жасайды екен. Ал, доданың астарында ата дәстүр бар.
Сөз соңында Исламхан аға иппотерапияны – атпен емделу ісін де жолға қою керегін айтты. Жылқының ауырғанды басатын қасиеті болса керек. Сондықтан ертеректе науқас кісілер үшін аттар бөлек бағылып, оған басқалар отырмайтын көрінеді. Біле білсек, бұл қазаққа еркіндік сыйлап, бекзат өнерге баулыған жылқының тағы бір қасиеті.
Ағаның үйінен қайтарда «сендер келеді деп қой сойып, ас әзірлеп қойып едік» деп таңғалдырғаны бар. Ұзақ дегенде бір сағат қана аялдаймыз деп келген әрі сапар барысында мұндайға үйренбеген біз аздап тосылып қалдық. Бірақ қазіргі уақытта шаңырағына келген қай қонағына да қазан көтеретін тұлпар тектес қазақтың бұл қасиеті көкпаршыда болуы заңдылық сияқты көрінді...
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
Жаңақорған ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |