Түркітілдес елдердің фестивалі өтеді

«Алаштың анасы», ұлық тұтар киелі шаңырағы атанған сұлу Сырды қайсыбір қырынан алып қарасаңыз да, оның әуел бастан қасиет қонған, өлмес өнер ұялаған өңір екеніне көзіңіз жетеді. Таңғажайып күйлерімен, алтынның сынығындай жақұт жырларымен танымал. 

2006 жылдан бері «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне қатысқан қонақтар мен өнерпаздар Сыр өлкесін бүкіл түркі халқының ортақ Отаны деп санайтынын аңғартты. Руханият керуенінің көшін бастаған өлкеде ұлт өнерінің айдынын асырған, тарихтан тағылым терген мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өтіп келеді.

Қыркүйектің 19-21 күндері Қы­зыл­ордада түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәс­түрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Оған Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақ­станнан 150-ге жуық өнерпаз бен фольклортанушы ғалымдар қатысады.

Облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Жүсіпованың айтуынша, өнер фестиваліне Қазақстан мен алыс және жақын шет елдерден келген белгілі ғалымдар, халық жазушысы Олжас Сүлейменов, Кенжехан Матыжанов, Тынысбек Қоңыратбаев, сондай-ақ, түркітілдес елдерден және Грузиядан өнер ұжымдары, республикамызға танымал «Тұран», «Арқайым», «Тиграхауд» этно-фольклорлық топтары, айтулы өнер майталмандары Алмас Алматов, Ұлжан Байбосынова қатысады деп жос­парлануда.

– Фестивальдің алғашқы күнінде меймандар облыстық тарихи-өлкетану музейімен, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан қала тарихы музейі және «Рухани жаңғыру» орталығымен танысады. Одан кейін, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Тұран – түркі есігі, Қорқыт жырдың бесігі» атты өнерпаздардың концерті болады. Шараның екінші күні Облыстық мекемелер үйінде «Қорқыт ата мұраларының Түркі әлеміндегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен жалғасады. Жастар ресурстық орталығында «Түркі әлемін тоғыстырған Сыр елі» атты түркітілдес елдер жастарының пікір алмасуы өтеді. Сол күні кешке «Достық үйінің» алаңында «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болады. Ал шараның соңғы күнінде қаладағы оқу орындары мен облыстық филармонияда өнерпаздар шеберлік дәрістерін көрсетеді. Түскі үзілістен соң құрметті қонақтар Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» ескерткіш кешеніне барады. Ол жерде Сыр елі қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі және «Алтыбақан» жастар ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады. Кешке фестивальдің салтанатты жабылуы,– дейді Қ.Жүсіпова.


Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қыркүйек 2019 г. 750 0