Жер баптаған елдің ырысты шағы

Жаңақорған ауданындағы көп көлемде Сыр салысын өндіретін ауылдық округтің бірі – Аққорған. Мұнда 1600 гектар күріш егілген. Осы шаруамен шұғылданатын 14 шаруа қожалығының ең ірісі – «Түгіскен»  тұқым шаруашылығы мекемесі. Бұл кеңестік кездегі осы атауды алып, аймағымызда озық атанған шаруашылықтың ізіндегі ұжым. Ауылдағы шаруа қожалықтарының көшбасшысы десек, артық айтқандық емес.

Биыл Жаңақорғандағы егін орағы да осы Түгіскеннен бастау алған-ды. Соңғы  екі аптадан бері ауылдық округтегі барлық қожалықтар  күріш оруға жаппай кірісіп кеткен. Әрине, алдыңғы қатарда «Түгіскен» шаруашылығы келеді. Бригадир Әбсаттар Сайфуновтың алқа­бында ойқастаған комбайндар күніне 30-40 гектардан Сыр салысын жатқызып, еңбек көрігін қыздыруда. Әсіресе, күріш орудан облыстың бірнеше рет чемпионы Шамшиддин Мамутовтың қимылына еріксіз сүйсінесіз. Сырыл­даған шалғысымен күрі­шіңізді баудай түсірумен бірге, әр дәннің ысырап болмауын да на­зарынан шығармайды. Күріш алқабының тек тазаланған жерімен жүріп отыру, орылмаған дақылды құр таптамау үшін де механизаторға үлкен тәжірибе мен ептілік қажет. Міне, осы қасиеттер озат комбайнердің бойында барын аңғарар едіңіз. Сондай-ақ, оның әріптесі Айдос Омаровтың да қимылы ширақ, сапалы жұмыс атқаруда. Алқаптан алқапқа жылдам өтіп, өзінің күндік нормаларын артығымен орындау жолында.

– Егілген күріштің үштен бірі­нен астамы, яғни, 600 гектары ораққа түсіп үлгерді. Мұнан да мол болуы керек еді, оған егіс танап­тарындағы  ызаның кеппеуі мұрша бер­мей тұр. Әйтпесе, егін орағына деген шаруашылықтардың барлық техникасы мен жанар-жағармайы алдын ала қамдастырылған. Мәсе­лен, ауылдық округ бойынша айт­сам, 14 жатка және 8 дән бас­тыру комбайндары сақадай сай әзір­ліктен өткен болатын. Жедел қызмет көрсету  шаралары да жол­ға қойылған. Сондықтан да егін орағы қысқа мерзімде аяқталып, қыр­манымыз дәнге толатын күн де алыс емес. Бұл диқандардың ала жаз­дайғы шаруақорлық бейнетінің же­місі, – дейді ауыл әкімі Сардар Садықов.  

Биыл Жаңақорған ауданының шаруашылықтары 11610 гектарға дәнді дақылдар орналастырса, оның 7739 гектары күріш. Жаңа технологияларды пайдалана отырып аудан диқандары зор жетістіктерді межелеп келеді. Бұл енді көптің несібесі, жер баптаған елдің ырысы. Осы орайда түгіскендіктердің ынтымағы мен бірлігі, еңбекке деген ерекше құлшынысы табысты биіктерге шығарарына сенім мол.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

 Жаңақорған ауданы,

Аққорған ауылдық округі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2019 г. 496 0