« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазалыдағы ауданаралық аурухана санатына жататын емдеу мекемесінде алғаш рет жүрек қан тамырларына ота жасалыпты дегенде, әуелде сенбедік. Өйткені, мұндай күрделі операция үлкен қалалар мен облыс орталығында жасалатынына көз үйренген. «Облыс орталығынан шалғай жатқан аудан ауруханасы бұған дайын ба?», «Қажетті емдеу құрылғылары сай ма?» деген сұрақтар да көкейде көлбеңдеп тұрып алған. Жүрек дертіне шалдыққан алыс ауыл тұрғындарына бізге әлі беймәлім «Ангиограф» медициналық аппараты арқылы көмек көрсетеді деген ақпараттан басқа қолымызда түк те жоқ. Басталған істің байыбына барып, апта басынан бері жүріп жатқан отаны көзбен көрмекке Қазалыға аттандық.
Әуелі операция жасауда бірден-бір көмекші құрал «Ангиограф» аппаратына тоқталсақ. Аурухананың бас дәрігері Гүлжихан Нысанованың айтуынша, бұл медициналық жабдықты іске қосу үшін, тиісті құжаттар дайындалып, өткен жылдан бері аудан дәрігерлері қайта даярлау курсынан өтіп, облыстық медицина орталығынан тәжірибе жинапты. Аталған аппарат жалғыз Қазалы емес, көршілес Қармақшы мен Байқоңыр, Арал ауданы халқына да жоғары медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлер тілімен айтсақ, осы зерттеу арқылы жүректің ишемиялық ауруы, инфарктті жедел анықтау, бітелген жүрек тамырларын ашу сияқты ем жүргізіліп, стент қою арқылы жүрек жұмысын қайта қалпына келтіреді екен. Айтып отырған заманауи медициналық құрылғы осылай науқас өмірін сақтап, жасын ұзартуға септігін тигізеді.
– Республикадағы аудандар арасында аталған медициналық аппаратты ең бірінші қондырған біздің аудан болып отыр. Бұған дейін тек облыс орталықтарында ғана болды. Басты себеп – ауданның облыстан шалғай жатуы. 400-500 шақырым қашықтықта орналасқан Арал, Қазалы аудандары мен ауылдардағы науқастарды кейде облыс орталығына жеткізу қиын. Жүрек дертіне шалдыққан адам күн емес, сағат, тіпті кейде минуттар үшін күреседі. Өкінішке қарай, уақыт тығыздығы, жол алыстығынан науқасты құтқара алмай қаламыз. Мамандандырылған көмек берілмеген соң жағдайдың соңы белгілі ғой. Болашақта бұл құрылғымен жүрек-қан тамырлары ғана емес, бас миының қан тамырларына, яғни инсульт кезінде тамырлардың бітелуінің алдын алуға, бауыр, жатыр, бүйрек ісіктеріне қарсы, қант диабеті кезінде науқастардың аяқ тамырларының жұмысын күшейтуге қатысты оталар жасауға болады, – дейді хирург-интервент Кенесары Баспаев.
«Medtronik» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында алынған аппараттың көмегімен алғашқы күні 4 науқасқа ота жасалыпты. Жергілікті дәрігерлер облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмаиловтың жетекшілігімен әлі де жоспарлы емдеу шаралары жүргізілуде. Операция үстелінде білікті маманмен бірге аудандық аурухана дәрігерлері Кенесары Баспаев, Аян Қазиұлы, фельдшер Қасқырбай Молдабаев, мейіркеш Әлия Сүлейменова, рентген-лаборант Ғалымжан Жайылқанов тұр.
Аудан орталығына әдейі барған соң, отадан кейінгі науқастың жағдайын білуге асықтық. Қожабақы ауылының тұрғыны Тілеуқабыл Мұхамеддиннің жағдайын ризашылығынан байқауға болады.
– Биыл наурыз айынан бастап осы дертпен күресіп келемін. Бірінші ота облыста жасалды. Сол жақта емделгеннен кейін, жүректің екінші тамырына операция жасау керек болды. Сонау алысқа бармай-ақ осы Қазалыда жасатуға шешім қабылдадым. Шүкір, дәрігерлерге мың алғыс. Біз сияқты ауыл адамдарына, әсіресе, үлкен кісіге мұндай бөлімнің ауданда ашылғаны өте тиімді, – дейді Тілеуқабыл аға.
Аурухана кардиологы Ләззат Жұбанованың айтуынша, отаға түскендердің орта жасы – 50-55. «Ангиограф» аппараты келген соң, арнайы 15 орындық кардиология бөлімі ашылған.
– Жүрек аурулары көбіне дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, күйзелістен пайда болады. Кейде тұқымқуалаушылық та осындай дертке әкеп соғады. Ауру пайда болысымен адам дер кезінде дәрігерге көрініп, өз-өзін күтімге алу, тамақтану мен спорттық жаттығуларға аса мән беру қажет, – дейді кардиолог.
Айта кету керек, ауруханада алдағы төрт ай ішінде науқастарға диагностикалық коронарография – 160, жүрек артериясына стент қоюдың 50 процедурасы жасалады деп жоспарлануда.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |