Ауылда өткен бір апта

  Технология дамыған қазіргі уақытта қала мен даланың айырмашылығы күн өткен сайын азайып барады. Әрине, ауылда шаһардағыдай тақтайдай жол, жүйткіген көлік, қайшыласқан адам нөпірін көре бермейсіз. Бірақ, ауыл бұрынғыдай   қаладан жаңалық күтіп, алаңдамайды. Алыс­тағы ағайын еліміз бен әлемге қатысты соңғы ақпаратты қала тұрғынымен бірдей біліп отыр. Бұл – әрине, соңғы технологияның жетістігі. 

Бірақ, шаһар мен шалғайда жатқан елді мекеннің тұрмысында әлі де өзгешелік бар. Жуырда облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы қала балаларына нағыз ауыл өмірін көрсету үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өзекті ауыл өмірі, қарбалас қала тірлігі» атты мектеп жеті күндік саяхат ұйым­дастырды. 

Орталық директорының орынбасары Гүлжаһан Ізбасарованың айтуынша, былтыр басталған жобаға қатысатындарды іріктеуде ешқандай қиындық болмапты. Оқушылардан жасақталған топ «Арал, қайдасың?» деп жолға шық­қанда ұйымдастырушылар ал­ғашқы қадамның сәтті бас­тал­ғанына қуанысып еді

– Елдің тұрмыс-тіршілігімен, дамуымен таныстыру, балаларды еңбекке бейімдеу,  еңбек адамын құрметтеуге үйрету,  тұрмыстық салт-дәстүрлерді көрсету, олардың отбасы тәрбиесіндегі маңызын түсіндіру,  ауылдық жерлердегі рухани құндылықтарды насихаттауды көздеген тұңғыш шарада қызықты сәттер көп болды, – дейді  ұйымдастырушылар. – Ауылға келген қалалықтың білмейтіні көп қой. Бірақ мұндағылар оларды мазаққа айналдырған жоқ, жанына ертіп, көп нәрсенің жай-жапсарын үйретті. Балалардың бейімділігіне қарай биыл шаралар аясын кеңейте түстік. 

Осы жылғы саяхат барысында балалар «Менің ауылға деген көзқарасым» атты диалог алаңына қатысып, қыздар «Шебердің қолы ортақ» атты шара шеңберінде жүннен бұйымдар тоқыды, ұлдар ұсталық өнермен айналысты.  Балалардың бұл бастамасына ауыл кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп, «Түйе шаруашылығы – ата-баба кәсібі» атты сұхбат алаңын ұйым­дастырыпты.

– Орталыққа келген күні ер балаларға қойылған шарт есіктен ауыл жайлы бір мақал айтып ену болды. Бәрі дерлік айтып шықты. Әдет-ғұрыптан «емтихан» тапсырған қыздар да сүрінген жоқ. Бәрінің жауабы мен тапқырлығы көңілімізден шықты, – дейді «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру  орталығының мамандары.   

Сапар аясында балалар айран пісу, күбіден май алу, сүзбе дайындау тәсілімен танысып, «Ақбай» ауылына барып, қауын-қарбыз жинауға қолғабыс етті. Бақша иелері берген қауын-қарбызды далада таласа жеп, сол маңдағы қаз фермасының жұмысымен таныспақ. № 9, 10 білім-инновация лицей-интернатының балалары қашанда зеректігімен ерекшеленіп тұрады ғой. Ферма басында тұрып құс шаруашылығынан түсетін пайданы, кететін шы­ғынды есептеп шығыпты. Қаздың жүнін пайдалану турасында пікір таластырыпты. Соған сәйкес, ферма қожайындарына ұсыныстарын айтыпты. Осылайша, ауыл бизнесінің дамуына сәл де болса сеп болған.  

Саяхатқа қатысқан балалар аудан тұрғындарының атакәсібі – балық шаруашылығымен етене танысты. Облыстық білім басқармасы мен «Рухани жаң­ғыру» орталығы бірлесе ұйым­дастырған шара аясында  балалар қаладағы «Балықшылар мұражайына» барды. Осыдан 7 жыл бұрын ашылған мұражайдың бір ерекшелігі – мұндағы жәдігерлердің бәрі дерлік түпнұсқа.  Музей алдында бір кездері балықшылар кәдеге жаратқан түйе шана, ат шана, шығыр тұр. Кемелер мен қайық­тардың біразы осы жерден «қоныс» тапқан.  Балалар әр әр жәдігерді қызықтап, ХІХ ғасырдағы орыс архитектурасы үлгісінің негізінде салынған музей ауласында біраз аялдады.

«Балықшылар музейі»  залында Социалистік Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлық иегері атан­ған балықшылар мен қоғам қайраткерлерінің портреттері, фотосуреттері ілініпті. Социалистік Еңбек ері Бақыт Рысқалов қызмет жасаған кездегі арба, балықшылардың ау құралдары, шағын қайықтан бастап кемелердің техникалық құрал-жабдықтары жақсы сақталған. Бір қызығы, ғимарат ішінен атақты «Лев Берг» кемесіне көтерілуге болады. Аулада өткен ғасырда теңіз төсін тіле жүзген үш кеме тұр.

Осыдан кейін қаладағы балық зауытына барып, халықаралық стандарт деңгейінде жұмыс істеп тұрған өндіріс орнымен танысты. Балық шаруашылығы саласының белгілі маманы Әділбек Әйімбетов негізін қалаған кәсіпорын бұл күнде теңіз маржанын шет елге экспорттап отыр.

Өндіріс орнының меңгерушісі Берекет Боздақұлының айтуынша, зауыт 2013 жылдан бастап өнім шығарып келеді. Былтыр өнімдерін Қытай еліне шығаруға мүмкіндік алған зауыт бүгінде Ресей, Беларусь, Грузия, Польша мен Германия мемлекеттеріне өнімін жіберуде.

Қазір зауытта 40-тан астам адам еңбек етуде. Жалпы өндіріс орны балықшыларды қосқанда жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт биыл сыртқа жөнелтетін өнім бағасын 1 млрд теңгеге жеткізіп, табыс жағынан аудан бойынша «Аралтұз» АҚ кәсіпорнынан кейін екінші орынға шықты.

Балалар зауыттағы жаңа технологияны қызыға тамашалады. Мұнда балық аршитын құрылғы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Одан шыққан өнім тазаланып, мұздату цехына жіберіледі. Саяхатқа қатысқан оқушылардың  көпшілігі осы­ған дейін аудан орталығында дүниежүзілік стандартқа сәйкес өнім шығаратын зауыт  барын білмегенін айтады. Қысқасы, осыған дейін балықты тек қазанда көріп келген қала балалары үшін бұл бір танымдық тәрбиесі мол шара болды.

Қала балаларының ауылға саяхаты түйінделер тұста арнайы барып, соңғы шараларына куә болды.  «Қамбаш» оқу орталығының ішін думанға бөлеген қалалық шәкірттер ауданнан барған қатарластарымен достасып алыпты.  Әр үйірме бойынша балалардың шеберлігін шыңдаған ұстаздар балалар жасаған бұйымдардан көрме жасақтапты. Аралдағы №19 мектепте технология пәнінен сабақ беретін Әлнұр Жарқынбаев ер балаларды ағаш оюға баулыған. Шәкірттер әзірлеген балық бейнесі, ет салатын астаудың кішкентай түрі, кемелер, түрлі аң-құстардың мүсіні көздің жауын алады.

Орыс тілі пәнінің мұғалімі Лиза Досмамбетова – орталыққа өзі сұранып келген мамандардың бірі. Матадан қуыр­шақ пен  түрлі бейнелерді жасау­ды хоббиге айналдырған ұстаз осы бағыттағы үйірмеге жетекшілік етеді.

– Ине ұстай алмайтын балалар саяхат соңында іске кәдім­гідей төселіп қалды. Қызығушылықтары жақсы, білмегенін сұрап, үйренуге талпыныс білдірді, – дейді ол.

Оқушылардың сурет өнеріне бейімділігін бағалаған аудандық оқушылар үйінің маманы Элмира Нұрашова қала балаларының  түсті үйлестірудегі қия­лының ерекшелігін атап өтті. Ол түстерді үйлестіру арқылы шағын текемет жасап шыққан шәкірттердің алар шыңы алда деген ойда. Құрт, ірімшік әзірлейтін үйірмеге жетекшілік еткен Рыскүл Ерімбетова мен балаларды нан өнімін әзірлеуге баулыған Марина Абдуллаева да шаһардан келген шәкірттердің шаруаға ширақтығын сүйсіне айтады.  

Осы күні шара қорытындыланып, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы директорының міндетін атқарушы Әлима Әбдіқалықова саяхатты ұйымдастырушыларға Алғыс хат табыс етті. Лагерь ауласына алау жағылып, оқушылар оны айнала отырды. Бұрын-соңды қаладан ұзап көрмеген балалардың «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді...» деп әндеткені қызық көрінді бізге. Ымырттағы көл жағасын әдемі ән тербеп тұрды.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы  «Өзекті ауыл өмірі, қарбалас қала тірлігі» атты жоба – өте сәтті бастама. «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталығының мамандары да ауыл тынысымен танысуға келген балалар үшін бар жағдайды жасады. Орталық басшысы Рахан Қалиев қалалық шәкірттердің демалысын қадағалап, бар шаруаның басы-қасында жүрді.

Саяхаттан қайтар жолда оқушылар «Қорқыт ата» кешенін аралады. Музей қызметкерлері, жалпы аудандағы мәдениет саласының мамандары шәкірттердің өмір тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба жайлы танымын кеңейтуге барынша мүмкіндік жасады. Осыдан кейін кешендегі амфитеатрда халықаралық, республикалық жарыстарда жүлде алған жас жыршы-жыраулардың қатысуымен «Ұлы даланың көне сарындары» атты кеш өтті. Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі ұйымдастырған концерт есте жоқ ескі заманның үнін бүгінге жалғаған шара болды.   

Ежелгі ұзандардың ізі қал­ған өңірдегі Жыраулар үйінде қазір 6 үйірме жұмыс істейді. Оларда тәлім алатын талапты жастар қазір түрлі байқауларға қатысып, бағзы өнердің туын түсірмей жоғары көтеріп келеді. Шарада балалар дәстүрлі өнердің көшін жалғаған қатарларының жырына қызықты, ұлы даланың үнін көңілге тоқыды.

Апта ішінде балалар ауыл тіршілігіне кәдімгідей төселді, ұлдар бақшадан өнім терді, жантақ шауып, мал жайғады. Елдегі қатарластарының күнделікті атқаратын шаруасына араласты. Қыздар кесте тігіп, жүн түтті. Бұрын өздері үстінен жолай өте қалса, самарқау ғана көз тастайтын жырақтағы жұрттың жағдайымен танысты.

Ең қызығы, қалаға қайтарында бойларын бір қимастық билеп, автобус терезесінен артта қалып бара жатқан ауылға қайта-қайта қарағыштай аттанды.

Алты күннің басты табысы да осы болса керек.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,

облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қыркүйек 2019 г. 575 0