«Қобыланды батырды» жаттаған жеңімпазға 1 млн теңге беріледі

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы ұлт қазынасын жарқыта көрсетіп, елдегі үлкен-кішіні елең еткізді. Бұл – халықтың ел мұрасына деген ықыласы екені белгілі. 6-10 сынып оқушыларының арасында өтетін байқауға республика бойынша 5621 мектептен 51328 оқушы тіркелген. Ал біздің облыстан 2733 оқушы бақ сынайды. Тіпті қазірдің өзінде жүздеген оқушы 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын толық жаттап алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. 

«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Жиында облыстық білім басқармасы Тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Мади Бекмағанбетов оқушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтатынын жеткізді. Сондықтан аталған жыр шағын кітапша түрінде шығарылып, оқушыларға тегін таратылған. Сондай-ақ, олар жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Ал, байқаудың облыс бойынша штаб жетекшісі Дәурен Омаров әділ түрде өтуі үшін қазылар алқасында мектеп директорлары болмайтынын, сондай-ақ сайыс барысы бейнетаспаға түсірілетінін атап айтты.

Оқушылар қазір байқауға қызу дайындық үстінде. Облыс бойынша тіркелген 3 мыңға жуық оқушыны 1376 мұғалім дайындауда. Атап айтсақ, Арал ауданынан – 450, Қазалы ауданынан – 363, Қармақшы ауданынан – 304, Жалағаш ауданынан – 195, Сырдария ауданынан – 170, Шиелі ауданынан – 333, Жаңақорған ауданынан – 408,  Қызылорда қаласынан – 510 оқушы бақ сынайды.

Балалардың қанша бет жаттағаны туралы мәлімет Qazaqepos.com сайтына апта сайын енгізіліп отыр. 

Ұлт мұрасын ұлықтаған байқаудың басталар күні де жақын. Алғашқы кезеңі 16-26 қыркүйек күндері өткізіліп, әр ауданнан екінші кезеңге 3 оқушы таңдап алынады. Ал байқаудың 2-кезеңі 2 қазан күні А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізіледі. Ал соңғы үшінші кезеңде өңірде бірінші орын алып, жеңімпаз атанған оқушы сынға түседі, бірақ ақтық кезеңнің өту уақыты нақты белгіленбеген. Финалды «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирі арқылы бүкіл ел тұрғындары, ал онлайн режимінде әлем халқы тамашалайды.

Әлемде көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіретін ұлан-ғайыр даланы рухы өр, болмысы бөлек батырлар көздің қарашығындай қорғағаны белгілі. Ал олардың ерлігі, текті тұлғалардың өнегесі ауыздан-ауызға тарап бүгінге жеткен. Сондықтан ертеректе әрбір бала құймақұлақ болуға тырысыпты.

Бұл жолы жырмен бірге елдің тарихын көкейге тоқитын оқушыларға деген жүлде қоры да ауқымды болғалы тұр. Айталық, байқаудың аудандық кезеңінде оқушыларға І орын үшін 150 мың теңге немесе бағалы сыйлық табысталса, жеңімпаздардың ұстаздары Білім және ғылым министрлігінің арнайы дипломымен марапатталады. Ал облыстық кезеңде І орын алған оқушыға 1 миллион теңге, ал ұстазына 2 миллион теңге табысталмақ. Жалпы екі кезеңде жүлдегерлердің қай-қайсы да марапатсыз қалмақ емес.

Айта кетейік, байқаудың ұйымдастыру комитеті – «Qazaq Epos» қоғамдық қоры болса, жобаның ресми өкілі – ақын, журналист Серік Сейітман. Жоба қолдаушылары – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы және жергілікті атқарушы органдар. Ал байқауға республикада алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысының әкімдігі, облыстық білім басқармасы қолдау көрсеткен.

Қазір  «Тұлпар мініп, ту алған!» сайысы аясында «Қобыланды батыр» жырынан үзінді оқудың отбаслық эстафетасы жүріп жатыр. Эстафетаны «Қазақ радиоларының» басшысы Құрманбек Жұмағалидың отбасы алғашқы болып бастап, қоғам қайраткері Нұрлан Өтешов пен әнші-компазитор Медет Салықовтың отбасыларына жолдаған. Бірлікті нығайтып, рухани құндылықты дәріптеген эстафета еліміздегі мерейлі отбасыларда әлі жалғасуда.

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА. 


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қыркүйек 2019 г. 1 300 0