А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылауға арналған идеологиялық актив және «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, сала басшылары қатысты.
Президент Жолдауда ел экономикасын, тұрмысын жаңа сатыға көтеретін негізгі міндеттерді айқындап берді. Бұл – еліміздің бұған дейінгі жетістіктері мен табыстарын еселейтін, қажеттіліктер мен сұраныстарды қанағаттандыратын негізгі бағдарламалық құжат. Жиында қала әкімі Жолдауда көрсетілген басты 5 бағытқа тоқталып, Мемлекет басшысы жүктеген жаңа міндеттерді атап өтті.
– Ел Президентінің алғашқы Жолдауы – мемлекетімізді алға жетелейтін жаңа тарихи құжат. Елбасының бастамасымен қалыптасқан игі дәстүр, еліміздің стратегиялық даму жолының негізгі темірқазығы.
Облыс басшылығы қолдауының арқасында Сыр елінің орталығы – Қызылорда қаласында маңызды мәселелер шешімін табуда. Биылғы жылдың осы күнге дейінгі есептік көрсеткіштері бойынша қаламызда көптеген жұмыстар жоғары нәтижемен орындалуда. Жыл басында қаламыздың бюджеті 43 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 6 айдың қорытындысымен 70 млрд теңгеден асты. Бұл – бюджет көлемінің жыл басынан бері 62,5 процентке ұлғайғанын көрсетеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Орта және шағын бизнес – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатын, мемлекеттің негізгі даму драйвері. Президент Жолдауында Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырып, заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керегін айтқан болатын. Қазір елімізде кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер есігі ашылды, Жолдаудағы қаржылық қолдау осының айғағы. Соңғы жылдары облыста да кәсіп бастап, табысын еселеген азаматтардың саны артқан.
– Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 60 процентке жуығы Қызылорда қаласының үлесінде. Жыл басынан бері жаңадан тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінде 1 мың 600 жаңа жұмыс орыны ашылды, – деді қала әкімі.
Президент Жолдауда ауылшаруашылығы саласына тоқталып, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын, елімізде органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер барын айтқан еді. Қазір Қызылорда қаласы бойынша 390 шаруа қожалығының бірігуімен 27 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативі құрылған. Егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында 8 мың 583 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Соңғы жылдары қалада да ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бірақ, Нұрлыбек Машбекұлы қалаға қарасты елді мекендерде жерді тиісті деңгейде пайдаланбай отырған шаруашылықтар барын атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы қажеттігін айтып, әлеуметтік салада ең бірінші кезекте білім саласына мән беруді тапсырған еді. Бүгінде мемлекеттік цифрландыру бағдарламасымен қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші 100 процентке жетті. Жиында қала әкімі білім беру нысандарының саны жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
– Жыл аяғына дейін Жаппасбай батыр көшесінің бойынан салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысын аяқтаймыз. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында №198 орта мектебі жанынан 200 орындық, №261 орта мектеп жанынан 150 орындық қосымша ғимараттар құрылысы жүргізілуде. Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, «Саяхат» шағын ауданынан 300 орындық мектеп, «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық мектеп құрылыстарын жүргізу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылды, – деді қала басшысы.
Еліміздегі әрбір отбасы қауіпсіз қоғамда, жайлы баспанада өмір сүргенде ғана мемлекет жаңа жетістіктерге қол жеткізе алады. Елбасының және Мемлекет басшысының негізгі басымдықтарына ие болған мәселе – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында жаңа шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Құрылыс саласындағы жұмыстардың ең ауқымдысы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада. Мұнда республикалық және облыстық бюджеттерден 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қазір қалада 2 мың пәтерлік 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынуда.
Тұрғындардың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың баспанаға қолжеткізуі қашанда маңызды. Өңірде халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «ОРДА» аймақтық Жол картасы қабылданғаны белгілі. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы көпбалалы отбасыларды қолдау және оларды баспанамен қамту бағытында бірегей жобаны жүзеге асыруда. Яғни, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорының демеушілік қолдауымен 100 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Сонымен бірге, 50 пәтерлік 25 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Қала әкімі басты ұстаным – ашықтық екенін атап өтті. Бүгінде қала тұрғындарымен байланысты арттыру және барынша ашықтықты қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Айталық, «Ашық Қызылорда» жобасындағы өтінімдердің 90 проценті дер кезінде шешімін тапқан.
– Әлеуметтік желілер – біз үшін «пиар» құралы емес, халықпен байланыс құралы! Бұл ретте, қала әкімдігі ғимаратынан «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында фронт-офис аштық. Аймағымызда алғаш болып қалаға қарасты Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі «Open space» жобасын қолға алса, осы жобаны Қарауылтөбе ауылдық округі жүзеге асыруда, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ, қала әкімі Жолдаудан туындаған міндеттерді іске асыруға байланысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Жиында «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агро-техникалық жоғары колледждің директоры Ибадулла Құттықожаев Жолдаудан туындайтын міндеттер туралы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» тақырыбында пікір білдірді. Сондай-ақ, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері Мұхтар Ниязов, қалалық мәслихат депутаты, №23 мектеп-лицейінің директоры Ләйлә Қожаниязова, «Самғау» жастар сыйлығының иегері, «Бизнес старт» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Жандос Оразмаханов Жолдаудың негізгі бағыттар бойынша келелі пікірлерді ортаға салды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.