Нақты шешім – көп күрмеудің кілті

Кеше облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен «Индустриалды даму» бағытында партиялық тыңдау өтті. Мәжілісте мемлекеттік «Білім», «Денсаулық» және «Индустрия» бағдарламаларының аймақта жүзеге асырылуы туралы айтылды.
Жиын кадрлық ауыс-түйісті таныс­тырудан басталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына Қамбарбек Мүбәраков, облыстық цифрлық технологиялар бас­­қармасының басшысы болып Нәби Дәужанов тағайындалды. Қамбарбек Аман­гелдіұлы бұған дейін облыс бо­йынша тексеру комиссиясының төр­аға­сы, ал Нәби Тоқмырзаұлы облыс әкі­мі­нің кеңесшісі қызметтерін атқарып келді.
Партиялық тыңдаудың күн тәртібіне сәйкес алдымен мемлекеттік «Білім» және «Денсаулық» бағыттарының орын­далу барысы сөз болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттерін жатақ­ха­намен, оны бітірушілерді жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Сонымен қатар, жиында көрсеткіші көңіл көншітпейтін мектептердің мәселесі қаралды. Жүргізілген рейтинг бойынша 8 мектеп директоры төмен нәтиже көрсеткен. Бұл ретте аймақ басшысы жауапкершілік қатаң сұралатынын жеткізді.
Облыстық білім басқармасының басшысы 8 мектеп директорының да ұзақ жылдық жұмыс өтілі, жеткілікті тәжірибесі бар екенін тілге тиек етті.
– Олар 6 жылдан 19 жылға дейін басшылық қызмет атқарған. Ал мектептердің рейтингінің төмен болуы­на басты себеп – білім ошағындағы қадағалау жұмысының төмендігі, – деді М.Мелдебекова.
Еске салсақ, 2017-2018 оқу жылында сырбойылық мектеп түлектерінің 97 проценті жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл – білім саласындағы үлкен жетістік. Аймақ басшысы алдағы уақытта көрсеткішті төмендетпей, оны сабақтастық дәстүрімен абыройлы жалғастыру міндеті тұрғанын жеткізді.
– Бұл жетістікке жету үшін Қырымбек Елеуұлы білім саласына қатысты батыл шешімдер қабылдап, саланың дамуына көп қолдау көрсеткенін баршаңыз білесіздер. Жалпы, білім саласына қатысты менің ұстанымым айқын: сапалы білім беру арқылы баланың болашағын қалыптастыру. Шынына келгенде, біз барлығымыз осы балалардың келешегі үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі денсаулық сақтау меке­мелері арасында жүргізілген рейтинг қорытындысы бойынша төменгі орыннан көрінген 4 мекеменің жұмысы мен олардың басшыларын сынға алды. Айта кетейік, мұндай талдау «Денсаулық» бағдарламасындағы 36 индикатор бойынша жүргізіледі. Білім мен медицина салалары Елбасы мен Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өткен аймақ басшысы жұмысты әлі жетілдіру қажеттігін тапсырды.
Шикізатқа байланған менталитет­тен бас тартып, экономиканы әр­тарап­­тандыру, инновацияны дамыту ар­қылы еңбек өнімділігін арт­тыру және тікелей шетелдік инвестиция тарту – Президент Жолдауынан туын­дай­тын міндеттердің бірі. Индустрия­лан­дыру бағдарламасының үшін­­ші бес­жыл­дығына аяқ басқан тұста бұрын жіберілген қателіктер мен олқы­лық­тарды ескермесе болмайды. Ай­мақ­та аталған бағдарлама аясында бір­неше жобаның кемшілікпен жүзеге асы­рыл­ғанын талдау нәтижесі көрсетіп отыр.
– Жобалардың басым көпшілігінің қаржыландыру мәселесі нақты шешіл­меген. Мия тамыры мен мұнай өңдеу сияқты жобалардың шикізат көздері анық­талмаған. Сондықтан үшінші бесжылдық аясында жоспарланған жобаларда осындай кемшіліктердің болмауы үшін күш жұмсауымыз керек. Одан күтілетін нәтиже – жаңа өндіріс орындарын құру арқылы жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру, өңір халқының әл-ауқатын жақсарту, – деді облыс әкімі.
Индустрияландыру бағдарлама­сының бірінші және екінші бесжыл­дық­тары аясында өңірде 24 жоба іске асы­рылып, нақты 1442 жұмыс орны ашыл­ды. Осы жылдың 7 айында іске қосылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттылықты 90-100 процентке игерді. Мемлекеттік бағдарламамен бекітілген индустрияландырудың 6 басым бағыты бар. Олар – металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материал­дарын шығару және тамақ өнеркәсібі.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жұмыс жоспарына сәй­кес жыл соңына дейін сайлауалды тұғырнаманың «Индустриалды даму» бағыты бойынша қала және аудан әкімдері есеп береді. Бұл жолы Арал мен Қазалы аудандарында атқарылып жатқан шаралар мен кемшіліктер жөнінде айтылды.
Арал ауданында соңғы 10 жылда 7 жоба жүзеге асырылып, оның 4-уі іске қосылды. 2016-2019 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы мен индустриялық аймақтан тыс өңдеу өнеркәсібі саласында құны 91 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 27 жұмыс орны ашылды. Ал Қазалыда құны 2,2 млрд теңге болатын 3 жоба орындалды. 2013 жылы 12,7 гектар жерге индустриялық аймақ құрылып, оған 177,2 млн теңгеге инфрақұрылым желілері жүргізілді. Қызылордалықтар бірінші бесжылдықта осы екі ауданда іске қосылған тауарлы сүт фермасы, ас тұзы, балық өңдеу сияқты зауыттардың игілігін көруде. Бірқатары республикалық конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп, облыс имиджін көтеруге атсалысып келеді. Десек те, әлі күнге шешімін таппаған мәселе аз емес.
– Индустрияландыру бағдарламасы аясында Арал мен Қазалы аудандарында атқарылған жұмысты одан әрі жетілдіру қажет. Жыл соңына дейін индустриялық аймақтарды толтыру бойынша бекітілген межені игеруге жұмыс істеуіміз керек. Арал, Қазалы аудандары бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын талап етемін, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте шикізаттық емес секторды дамыту басты назарға алынғаны айтылды. Сондай-ақ, биылдан бастап республикада өңдеу өнеркәсібінің ішкі салаларын дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылуда. Мәжілісте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев, облыстық кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Әділбек Бекішов тиісті жобалардың іске асырылуы туралы баяндады.
– Біздің бүгінгі мақсатымыз – партиялық тыңдауда өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу үшін нақты шешімдер қабылдау, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қыркүйек 2019 г. 505 0