Аралдағы Тоқпан көлінде балық қырылды

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Исатай Әбдіразақов Арал ауданы Тоқпан көлінде балықтардың қырылуына қатысты түсініктеме берді.
– Экология департаментінің, ветеринарлық қызмет, «Қазгидромет» РММ және «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның мамандары лабораториялық зерттеулер мен санитарлық – химиялық талдамалар жүргізу үшін су мен өлген балық сынамаларын алды. Қазіргі уақытта өлген балықтарды жинау және жою жұмыстары жүргізілуде. Балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат лабораториялық зерттеулердің қорытындылары дайын болған соң қосымша хабарланады, – деді ол.
4 қыркүйекте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына WhatsApp мессенджері арқылы Арал ауданы Тоқпан көлінде балықтардың қырылуы туралы ақпарат түскен.
4-5 қыркүйекте өңірлік инспекция, Қамыстыбас ауыл әкімдігінің, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының, «Қазгидромет» РММ филиалының, Арал ауданы АПБ, ветеринарлық қызмет, Қызылорда облысының Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу, Жұмылдыру дайындығы басқармаларының, Төтенше жағдайлар, Экология департаменттерінің мамандарынан құралған комиссия оқиға орнына барды.
Мамандар жағалауды зерттеп, 6,4 тонна өлген балықты жинаған. Балықтардың 96% – табан балығының шабақтары, қалғаны –торта, қылыш балық, сазан және көксерке балықтарының шабақтары болған.
Айта кетерлігі, Тоқпан көлі Қызылорда облысы, Арал ауданы Қамыстыбас көлінің солтүстік батыс беткейінде орналасқан, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне енбеген, онда негізінен табан балығы көп мекендейді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қыркүйек 2019 г. 603 0