Шиелі ауданында «Этноауыл-2019» айлығы өтіп жатыр. Бұл туралы 24 kz сайтында хабарланды.
«Ауылым – алтын қазынам» тақырыбындағы мәдени шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Аудан орталығындағы Ыбырай Жақаев атындағы саябақта бір уақытта ұлттық салт-дәстүрді ұлықтаған 40-тан астам танымдық іс-шара жұртшылық назарына ұсынылды.
Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен тағам түрлерін дайындау жағы да жастарға үйретілді. Жыраулық мектеп өкілдері дәстүрлі ән өнерінен шеберлік сабақтарын өтсе, жас қолөнершілер кілем тоқу, жіп иіру шеберліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болды.
«Биыл жастардың жылы ғой, Елбасының «Жастар жылы» деп атауына байланысты әсіресе, мына жастарға деген үлгісі, өнегесі өте зор деп есептейміз. Әрине, осының барлығы бірігіп, бір-бірімен үндесіп, әрі қарай келешек ұрпақ үшін, келешек жастар үшін үлкен осы дүние болды деп есептейміз», - дейді Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы.