«Мектеп – кеме, білім – теңіз»

Қоңыр күздің алғашқы күнінде еліміздің барлық білім беру ошағы оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңа оқу жылында облыстағы 293 мектепке 164 500 оқушы келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға көп. Өңірде 21 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Олардың саны былтырғыға қарағанда 2500-ге артық.


Байзақ Момынбаевтың 

есімі берілді


1 қыркүйек – Білім күні мерекесі қаладағы №278 ІТ  мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары үшін ерекше салтанатпен өтті. Бұл күні мектепке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, академик Байзақ Момынбаевтың есімі беріліп, бюсті ашылды. 

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақтың тұң­ғыш ғарышкері Тоқтар Әу­бәкіров, ақын, драматург, мем­лекеттік сыйлықтың иегері Иран- Ғайып Оразбаев, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин және Б.Момынбаевтың ұлы Жомарт Момынбаев, ака­демиктің әріптестері мен достары, шәкірттері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов оқушыларды айтулы мерекемен құттықтап, білім нысанына есімі берілген Байзақ Момынбаевтың еңбек жолы мен ғылымдағы қолтаңбасына тоқталды.

– Бүгін – аса қуанышты күн. Бірінші сынып оқушылары алғаш рет мектеп партасына отырып, жаңа өмірге қадам басуда. Соңғы бірнеше жыл ішінде білім беру жүйесі әлемдік үде­ріспен өсуде. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында өткен республикалық тамыз конференциясында білім сапасын жоғары деңгейге шығаруды, ұстаз мәр­тебесін көтеруді жүктеді. Жа­ңа оқу жылында Президент тап­сырған міндеттерді орындау біз үшін аса маңызды. Осы орайда мектептерді заманауи технологиялармен қамтамасыз ету, мұғалімдерді әлеуметтік жа­ғынан қолдау назардан тыс қалмайды. Бүгінде облыс көлемінде  апатты жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. Саланы дамытуға ба­ғытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Еліміздің білім және ғылым саласына зор үлес қосқан академик Байзақ Момынбаевтың есімі осы білім ұясына беріліп, бюсті ашылып отыр. Осы жиынға қа­тысып отырған ұлтымыздың мақтанышына айналған тұл­ға­ларға зор алғысымызды біл­діреміз ,– деді.

Байзақ Көпірбайұлы 1946 жылы 1 тамызда Қызылорда облысы Сырдария ауданы (қазір­гі Шиелі ауданы), Бірлес­тік кол­хозында дүниеге келген. Ол – елімізде отандық инже­нер­лік-педагогикалық білімнің не­­гізін қалаушы, техника ғы­лым­дарының кандидаты, доцент, ТМД елдері арасында инженерлік педагогика саласы бойынша ғылым докторлығын тұңғыш болып қорғаған ға­лым. Ресей, Қазақ білім ака­де­мияларының академигі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 2007-2011 жылдар аралығында өзі туып-өскен Сыр еліндегі Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры болды.

Шарада академиктің достары – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров,  ақын Иран-Ғайып және шәкірті, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин сөз алып, марқұмның балалық шағы, ада­ми болмысы, ғалымдық, ұстаз­дық жетістіктері туралы есте­ліктер айтты. Ал ғалымның ұлы Жомарт Момынбаев әке­сінің ең­бегін бағалап, кейінгі ұрпақ есінде сақтау мақсатында оның есімін білім ошағына бе­­руге қолдау көрсеткен  ай­мақ басшылығына, ниеттес азаматтарға алғысын айтты. 2017 жылы ашылған, өзі жетекшілік ететін «Академик Б.Момынбаев атындағы» қордың осы мектепте мамандандырылған білім жобаларын қаржыландырып ке­ле жатқанын, алдағы уақытта да көмектесуге әзір екендігін жеткізді.

Айта кету керек, 2015 жылы пайдалануға берілген оқу ордасы білім сапасы жағынан алдыңғы қатарда келеді. Жаңа оқу жылында 180 бүлдіршін 1-сыныпқа қадам басса, өткен оқу жылында 21 оқушы мектеп бітіріп, оның 14-і грант иегері атанды.

Салтанатты шарада Байзақ Кө­пір­байұлының бюсті ашылып, академиктің рухына тағзым етілді, гүл шоқтары қойылды.  Бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер құрметіне ән-биден шашу шашылып, алғашқы қоңырау соғылды.


Жүзден 

аса оқушы 

1-сыныпқа 

барды


Жаңа оқу жылында облыс орталығындағы М.Сужиков атындағы №6 орта мектеп табалдырығын 116 оқушы аттады. Алғашқы қоңырауға арналған салтанатты жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов қатысты. 

Жиында Талғат Толыбайұлы барша ұстаздар мен оқушыларды айтулы мереке – Білім күнімен құттықтады.

–       Жаңа оқу жылы барлық оқушы үшін ерекше сәт, мектепке қадам басқан бүлдіршіндер үшін аса маңызды. Қазіргі кезде елімізде жүргізіліп жатқан саяси бағыттағы шаралардың барлығы адам құқықтарын дамыту мен жаңа форматтағы тұлғаларды қалыптастыру мәселесіне ерек­ше басымдық беріп отыр. Сондықтан жаңа дәуірдің жар­қын тұлғаларын тәрбиелеуді  бүгіннен бастауымыз маңызды. Бүлдіршіндердің тәр­биесі мен білімінің жемісі жаңа қазақстан­дықтардың қалыпта­суына серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен тамыз конференциясында ұстаз мәртебесін дамыту, білім саласындағы реформа нәтижесі туралы нақты тапсырмалар берді. Біз осыған күш салуымыз керек. Ұстаз мойнындағы жүк ауқымды, – деді ол.

Білім күнінде Жарасқан ақын айтпақшы, шағын портфелімен бірге алғашқы жүгін өмірдің арқалап бара жатқанын сезбесе де, бала көңілдері елеңдеп, жаңа ортаға қадам басқандардың қарасы қалың. Биыл мектептің даярлық тобына 70 бала қа­былданса, жалпы оқу жылында бұл мектепте 944 оқушы білім алатын болады. Оларды 105 мұғалім қарсы алды. Сондай-ақ, жексенбі күні барлық сыныпта «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.


Түлектері 

түгел 

оқуға түсті


 Білім күнінде облыс орталығындағы Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектепте «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты мерекелік жиын өтті. 

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді қарсы алған ұстаздар, білім ордасының ұжымы жиынды ән-күймен көм­керді. Білім ордасының ар­дагер-ұстазы Марк Подольский ұстаздар мен шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Биыл 164 бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданған. Бала санының жыл сайын көбеюіне орай мектеп жанынан 200 орын­ға арналған қосымша ғимарат салынып, жақын күндері пай­далануға берілмек. Мұнан бө­лек, 3 спорт алаңы да дайын.

– Жаңа оқу жылының ерекшелігі, бірінші сыныпқа келетін балалардың құжаты электронды түрде қабылданды. Сонымен қатар, бірдей форма киді. Өткен жылы мектепті 63 түлек бітірсе, 100 процент оқуға түсті. Олардың тең жартысы Ресейдің жоғары оқу орындарының грант иегері. Бұл – ұстаздар үшін үлкен қуаныш. Тағы бір атап айтарлығы, мектеп мұғалімдерінің 30 проценті осы білім ордасының түлегі. Өзім де осы мектеп түлегімін, – дейді мектеп директоры Анжела Садықбекова.


Білім 

күнінің 

қуанышы


Білім күнінде Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназияда «Сыңғырла, сазды қоңырау, Мәңгілік ел көгінде...» атты мерекелік жиын өтті. 

Мұнда да білім ұясына алғаш қадам басқан өз шәкірттері мен ұстаздар легі және мектеп табалдырығын аттаған балалар қуанышына ортақтасқан ата-аналардың қалың шоғырын байқауға болады. Сонымен қатар, шараға арнайы келген қалалық спорт бөлімінің басшысы Семсер Сыздықов мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне алдағы оқу жылына сәттілік тілеп, құттықтауын жеткізді.

– Қаламызда жылдан жылға оқушы саны артып келеді. Елі­міздің дамуы үшін олардың оқуы, танымы мен тәрбиесі жақ­сы болуы тиіс. Мемлекет қол­дауымен білім саласында ай­тарлықтай оң жаңалықтар орын алып жатқаны өздеріңізге белгілі. Білім мен тәрбие беруде ұстаздар қауымына толайым табыс, үлкен жетістіктер тілеймін, – деді ол.

Мектеп директоры Батырбек Әбиевтің айтуынша, биыл мектеп-гимназияда 1570 оқушы білім алатын болса, оның бірінші сыныпқа қабылданғаны – 176. Ал 120 мұғалім қызмет ететін білім шаңырағы екі тілде де оқушыларға дәріс береді.

Алғашқы қоңырау шарасы барлық аудандық мектептерде де салтанатты жағдайда аталып өтті.


«СБ» тілшілер тобы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қыркүйек 2019 г. 842 0