Жаңа мектепке баратын күн жақын

Күздің алғашқы күндерінің әсері бөлек. Жаңа оқу жылы басталғаны айналаны ерекше көрініске бөлейтіні рас. Арманшыл студент-жастар, мектепке асыққан оқушылар, білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен шәкіртін қарсы алған ұстаздың да қуаныштан жүзі бал-бұл жайнайды. 

Аймақта мектеп табал­ды­рығын алғаш аттаған бүлдір­шіндер саны жыл сайын артып келеді. Бұл көбею көрсеткішімен қатар, білім ордасына сұранысты арттырып отыр.

«Облыста биылғы жылы 165 мыңға жуық бала мектепке келсе, оның ішінде бірінші сыныпқа 22 мыңға жуық оқушы барды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2500-ге көп. Өңірімізде сұранысқа сай жаңа мектептер салу жыл сайын жүзеге асуда.

Облыстық құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқар­масының берген мәліметі бойынша биыл бірнеше жаңа білім ошақтары пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Арал ауданы Сексеуіл кентінде №23 мектепке жапсарлас қо­сымша 100 орындық ғимарат, Қы­зылорда қаласындағы №198 орта мектеп жанынан 200 орындық қо­сымша құрылыс және Әл-Фараби шағын ауданындағы №261 мектеп жанынан 150 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүруде. Мұнан бө­лек, қаламыздағы Жаппасбай ба­тыр көшесінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп салынуда.

Мұндағы жұмыс барысын көру үшін құрылыс басына бардық. Көпқабатты үй арасынан жаңа құрылыс мен­мұн­далайды. Жан-жағы қор­шалған құрылыс алаңында жұ­мыс қарқынды жүруде. Ғи­мараттың шатырын қағуға дайындық жұмыстары басталыпты. Ал ғимарат ішінде біраз жұмыс еңсерілгені байқалады. Терезелер толық салынып, жылу жүйелері жүргізілген. Жоғары қабатта әктеу-сырлау жұмыстары жүруде. Құрылыс алаңында гүрілдеген техникалар бір сәтке тыным таппайды.

Құрылыс салуды жауапкер­шілігіне алған бас мердігер «Ария-Жаңа Астана» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Мұхтар Қадырбек құрылыс жұмысының басым бөлігі еңсерілгенін айтты.

– Құрылыс жұмысы 70 процент орындалды. Енді ғи­мараттың ішкі жұмыстары жүр­гізілуде. Қыркүйек айында ғимарат алаңын абаттандыру басталады. Құрылыс жүр­гізу барысында бірыңғай отан­дық өнім пайдаланылды, – дейді ол.

«Жаңа мектеп қазан айында пайдалануға беріледі деп жос­парланған. Айта кетелік, жаңа ғимарат құрылысының аяқ­талуын асыға күтіп жүргендер аз емес. Соңғы жылдары осында қаз-қатар салынған көпқабатты үй тұрғындары балаларын жа­қын маңдағы мектептерге тасымалдайды. Мұндағы оқушылар КБИ және «Шұғыла» шағын ауданындағы мектептерде оқы­са, енді алысқа бармай-ақ, өз шағын ауданындағы жаңа мектепке баратын күн алыс емес.

– Балаларым «Шұғыла» ша­ғын ауданындағы мектепке қатынап оқиды. Кейде оларды күтіп алуға уақыт болмай қалады. Енді, міне, дәл үйдің жанынан мектеп салынып жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Жаңа баспана, жаңа мектеп. Өзім қатты қуанып жүрмін, – дейді көпбалалы ана Сәуле Жалбырова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қыркүйек 2019 г. 536 0