ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, 1-қыркүйек жексенбіге сәйкес келгендіктен, ол күні сабақ болмайды. Республикамыздың барлық мектептерінде салтанатты сап түзеу шарасы өткізіледі.
Қоңыр күздің алғашқы күнінде еліміздің барлық білім беру ошағы оқушыларға есігін айқара ашады. Жаңа оқу жылында облыстағы 293 мектепке 164500 оқушы келеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға көп.
Биылғы жылдан бастап мектепке қабылдау, ыстық тамақпен қамту, лагерьге жолдама беру қызметтері автоматтандырылды. 2020 жылдан бастап министрліктің жоспарына сәйкес, білім беру мекемелері жан басына қаржыландыру механизміне көшеді. Қаржыландыру енді мектепке емес, әрбір оқушыға бағытталады.
Жаңартылған білім беру мазмұнына 4, 9, 10 сыныптар көшуге дайын. Оларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 10-сынып оқушылары «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» сынды жаңа пәндер оқиды. Алғашқы әскери дайындық курсының мазмұны толық өзгертіліп, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» деген жаңа атаумен оқытылады. Ал 9-сыныптар функционалдық сауаттылыққа негізделген жаңа форматтағы мемлекеттік емтихан тапсырады.
Қаладағы №№4,12,187, 278 мектептерге ІТ-лицей статусы берілді. Облыстық бюджеттен информатика және робототехника үйірмелерін жүргізуге қосымша қаржы бөлініп, компьютерлермен жабдықталды.
Жаңа оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылады. Сонымен бірге 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, қазан айында пайдалануға беріледі.
Бүгінде 667 мектепке дейінгі ұйымда 61 мың бала тәрбиеленуде. Осы жылы өңірде 4 типтік жобадағы балабақша ашылды. Тағы бір жаңалық, балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізіліп, балабақшаға бару кестесі жаңартылады.
Бұл күн әсіресе, 1-сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер үшін маңызды. Дәл осы сәттен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адамның жеке тұлға ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Жалпы, өңірде 21 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Ендеше, тарыдай болып кірген кішкентайларға келешекте таудай азамат болып шығуына тілектеспіз!
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.