Бүгін Невада-Семей ядроға қарсы қозғалысының ашылуына 30 жыл және Семей полигонының жабылуына 28 жыл толуына орай А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде конференция ұйымдастырылды.
Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, Қызылорда облысы бойынша «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш, «Невада-Семей» қозғалысы қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының атқарушы директоры Рахымжан Мантенов қатысты.
Конференцияда басқарма басшысы Талғат Толыбайұлы ғасырға жуық ядролық сынақ өткізіп келген Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы өркениетке бейбітшілікті жақтайтын мемлекет ретінде қадам басқанын көрсетті деп ой бөлісті.
– Егеменді ел болғалы 28 жыл уақыт болды. Ел тыныштығын ойлаған қазақ зиялылары «Семей-Невада» ядролық полигонын жабуда аянбай еңбек етті. Бүгін де осы еңбектің арқасында «Семей-Невада» ядролық полигонының жабылғанына 28 жыл толуы халықтың маңдайына берген бір сый болар.
Бүгінгі таңда, солбір күндердің куәгерлері арамызда жүр. Осы азаматтардың мүддесін қорғаушы болып табылатын қоғамдық бірлестіктер облыстың әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласып келеді, – дейді Талғат Маханов.
Басқосуда бірқатар азаматтар мерейлі мерекеге арналған алғыс хаттар мен құттықтауларға ие болды.