Бизнесті бамперден бастады

Қазір зауыттан шыққанына 30 жылдан асса да халық шетелдік көліктерді тұтынуға құмар. Әйткенмен, зауыт олардың кейбір қосалқы бөлшектерін шығаруды тоқтатқан. Мәселен, кей көліктердің шанақ бөлшектері мүлдем табылмайды. Табылса да, шетел асып, қып-қызыл ақшаға бірнеше айдан соң қолға тиіп жатады. Ал жерлесіміз Ердәулет Сәрсенбек көліктің бамперін жасап шығаруда. Қазір оның қолынан шыққан бөлшектер тіпті көршілес облыстарға дейін жетті.

– Алғашында «Қызылорда су жүйесі» мекемесінде инженер болып істейтінмін. Бір күні қысқартудың құрығына ілініп, жұмыстан босап қалдым. Ата-анама масыл болып жатқым келмеді. Әрі қысқартудан соң біреудің қарамағында жұмыс істеуге де зауқым соқпады. Ойланып жатып, бірнеше бампер жасадым. Кейін сұранысқа ие екеніне көзім жетіп, кәсіп ашуға бел будым, – дейді жас кәсіпкер.

Бұл күнде Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Шымкент тәрізді көршілес аймақтар мен облыс аумағы бампер сынса Ердәулеттің көмегіне жүгінеді. Тіпті Бішкектен де тұтынушылар бар.

– Байқағаным, кәсіп ашып, тірлік қылсаң, шекара дегенді ұмытасың. Әлеуметтік желілер арқылы өніміңді жарнамалай білсең, болғаны. Жарнама – бизнестің жолын ашады. Кейде біздің кәсіпкерлер жарнамаға шығындалғысы келмейді, содан соң сұраныс жоқ деп басын қасып отырады. Жарнаманың тегін әрі тиімді жағы да бар. Іздену керек. Қазір мен көрші мемлекеттерге де жасаған затымды жібере аламын, – дейді Ердәулет Сәрсенбек.

Кеше ғана ол мемлекеттік бағдарламалардың бірі бойынша өз жобасын сәтті қорғап шықты. Тіпті комиссиялар оның нағыз іскер азамат екеніне разы болыпты. Алдымен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында «Микробизнес Қызылорда» микроқаржы ұйымынан 2 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Кейіннен 1,5 миллион теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

– Қазір менде бірнеше көлік түріне ғана шақталған матрица бар. Матрица дегеніміз кәдімгі қалып. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен енді сұранысқа ие бірнеше көлікті қамту жоспарда бар. Қазір бұл кәсіпке сұраныс өте жоғары екенін байқадым, – дейді Е.Сәрсенбек.

Талап қылған Ердәулет ауладағы Газель, BMW автокөліктерінің бамперлерін көрсетті. Оның айтуынша, құйылған бамперлер мықты әрі қолжетімді бағада сатылады. Мәселен, BMW автокөліктерінің алдыңғы, артқы және жиектердегі бампер бөліктері рынокта 500 мың теңге тұрса, Ердәулеттің қолынан шыққандары 80 мыңнан сатылуда.

– Бағасының арзандығына қарап, сапасы төмен деп айтуға болмайды. Ертең мен карбоннан дайындауды да қолға алмақпын. Карбоннан жасалғандар темірден екі есе жеңіл, төрт есе мықты. Сол тәрізді материалдар. Темір дегеніңіз қазір қалып барады, – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпті мейлі Қызылордадан, мейлі Америкадан ашыңыз. Әйткенмен, сұраныс болса, ең шалғай жатқан ауылда жасалған өнімнің де сапалы болса шетелге шығуына мүмкіндігі жоғары.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 тамыз 2019 г. 2 025 0