Елбасы бағдарламасы бойынша партия активі өтті

Қызылордада "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні" бағдарламасы бойынша партия активінің отырысы өтті.
Қызылорда облысының әкімі, "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов алдағы уақытта бағдарламаны жүзеге асыру өңір үшін басым міндет болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы партияның белсенді мүшелерін топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру мен бастауыш ұйымдардың ролін көтеру; жемқорлықпен күресті күшейту мен партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау; барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыру мен биліктің барлық деңгейіндегі партия алдындағы жауапкершілігін арттыру; халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу; партияның ақпараттық-идеологиялық жұмысын қарқынды ұйымдастыру және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды қамтиды», - деді аймақ басшысы.
"Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова партияның қызметін жандандыруға байланысты атқарылатын  жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, халықпен кері байланыс орнату, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлер арқылы тұрғындардың өтініштерін қабылдау және оны шешу бойынша жұмыстар күшейтілді.
"Елбасы тапсырғандай, біз негізінен партия мүшелерінің санына емес, сапасына басты назар аударып отырмыз. Шағын ұйымдар ірі бастауыш ұйымдарға біріктірілді. Нәтижесінде өңірдегі 272 бастауыш ұйымның жиырмасы қысқартылып, 252 бастауыш ұйым қалды. Облыстағы 51350 партия мүшесінің құрамына да талдау жасалынып,  жыл басынан бері партиялық жарнапұл төлемегендер мен партиямен байланысы үзілген 4083 адам партия құрамынан шығарылды", - деді А.Әлназарова.
Өз кезегінде, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов пен депутаттық фракциялар, бастауыш партия ұйымдарының басшылары партия жұмысын жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстарын енгізді.
Қорыта келе, облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам - "Nur Otan" партиясының 7 серпіні» бағдарламасына қатысты, соның ішінде "Жас Отан" партиясының жастар қанатының жұмысын қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 тамыз 2019 г. 387 0