Даңқты ауылдың дара болмысы

Дәстүрлі өнердің қара қазаны қайнаған сұлу Сырдың бойында жыраулық өнердің алар орны ерекше. Жыршылық дәстүр жайында айта қалсақ, топырағынан 100 шайыр шыққан Қармақшы ауданы аузымызға алдымен ілінеді. Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұрымбет, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет, Молдахмет Дабылұлы туып-өскен, тектіліктің тамыры тереңге кеткен тұғырлы өлкеде дүбірлі той өтті.

Алты алашқа мәлім болған Тұрмағамбет атындағы ауылдың 60 жылдығы мен Жиенбай жыраудың туғанына 155 жыл толуы­на орай өткен іс-шаралар аясында Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округінде ақын-жыраулар фестивалі мен спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ауыл тұрғындарының қуа­нышына ортақтасты. Орталық алаңдағы мерекелік шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы спорттық жарыстарға көрермен болып, «Тағзым» алаңына гүл шоғын қойды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құт­тықтады.

– Қызылорда облысын ежелден «Жыр елі» деп атайды. Оның бір себебі – «жүз жыраудың мекені», ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының құрметіне аталған ауыл. Кішкене ауылдан бір ғана Сәлима Жұмабекова апамыздай Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана шығуының өзін мақтан етуге болады. Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған ақындар Құланбай Көпішов, Әбдікәрім Ахметов, Мағираш Сарикова, жазушылар Нәсреддин Сералиев, Адам Мекебаев, Раушанбек Бектібаевтар, журналистер Мырқы Исаұлы, Әбілахат Жанаділов, Шакизада Құттаяқовтар бірі қазақ әдебиетіне, бірі журналистикаға еңбегі сіңген тұлға, өңірге ғана емес, елге танымал қаламгер ретінде есте қалды. Қазір ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуында игі үрдістер жалғасын тауып келеді, көптеген әлеуметтік және бизнес нысандары салынуда, – деді. Ауылдың бір көшесін жарықтандыруға және бір көшесін жөндеуден өткізуге облыстық мәслихат шешімімен арнайы қаржы қарастырылғанын айтып, қуаныштарын еселей түсті.

Аймақ басшысы одан әрі Тұр­ма­ғамбет ауылындағы тәулі­гіне 1 тонна сүт өңдейтін шағын зауыт­тың ашылу рәсіміне қатысты. Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұма­бековамен бірге шағын сүт өң­­дейтін зауыттың лентасын қиған соң, жаңа нысанның жабдық­тал­уы­мен, жұмыс барысымен танысты.

«Тұрмағамбет» ЖШС-ның тап­сырысымен салынған бұл нысан­ның жалпы құны 30 млн теңгені құрайды. Сұйық отынмен жылытылатын сүт өңдейтін зауытта 12 бөлме бар. 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл зауыт қазірдің өзінде айран, балмұздақ, сүзбе, қаймақ және пакеттелген сүт өндіру жұмыстарын бастап кетті.

«Тұрмағамбет» ЖШС осы уақытқа дейін аудан эконо­мика­сының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Күріш, бидай, жаңа және ескі жоңышқа, бақша өнімдері мен картоп, көкөніс, соя егеді. Серіктестік директоры Н.Пірмантаев:

– Былтыр күріш 2700,  жаңа жоңышқа 315, мақсары 150 гек­тарға егілді. Жиналған күріштің әр гектарынан 60 центнерден барлығы 162 мың тонна өнім алынды. Бүгінде ауылдың 250 адамын жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Берілетін орташа еңбекақы қосымша сыйақыларды қоспағанда 47 мың теңге. Мұнан бөлек, шаруа­шылықтың жұмысшы-қызмет­керлеріне жалпы құны 750 мың теңгеге ақ күріш тегін босатылса, қарттар мен мүгедектер күніне орай 150 мың, ардагерлерге 270 мың теңгеге тегін ақ күріш таратылды. Былтырғы егіннен алған өнімнің қорытындысымен үздік деп танылған 1 азамат  «LADA GRANTA» автокөлігін иеленді, – дейді. Бүгінгі таңда серіктестік мен­шігінде барлығы 106 техника бар.

Одан әрі тойдың көркін елдің түкпір-түкпірінен келген арқалы ақындар қыздыра түсті. Алматы, Тараз қалаларынан және облыс­тың барлық аудандарынан келген ақындардың қатысуымен респуб­ликалық ақындар мүшәйрасы өтті.

Қасиетті өңірге табан тіреген ақындар шайырлар жатқан өлкеде ерек­ше шабыттанды.  Жыр тұл­парын тізгіндеген қара өлеңнің шеберлері бәсекесі нәтижесінде шиелілік Ержігіт Бекжанның өнеріне тәнті болған қазылар алқасы бірінші орынды тарту етсе, екінші орынды осы өңірдің тумасы қызылордалық Тұрар Бекмұрзаев еншіледі. Тұр­мағамбеттіктер де жүлдеден құр қалмады. Үкілеп қосқан үміті, осы ауылдың тұрғыны, ақын Гүлжанат Қадырбекова жүлделі үшінші орынды иеленді.

Шара одан әрі ауылдың орталық алаңында жалғасын тапты. «Жыр жампозы – Жиенбай» атты облыстық жыраулар фестивалінде өрен жүйріктер алаңға жиналған жұртшылық пен ауыл қонақтарын жырмен сусындатып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Тұрмағамбет ауылын шаттыққа бөлеген жыр фестивалін Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университетінің про­фес­соры Алмас Алматов жүргізді.

Өнер фестиваліне қатысқан жыр­шы-жырауларға аудан әкі­мі­нің орынбасары Еркебұлан Меңлі­баев аудан әкімінің «Алғыс» хатын табыс­таса, «Тұрмағамбет» ЖШС-ның демеушілігімен жы­рау Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүс­тем­беков және Алмас Алматов­қа шапан жауып, 60 жылдық төсбелгімен марапаттады. Эстрада жұлдыздары, облыс пен жергілікті өнерпаздар жиналған жұртшылыққа  концерт­тік бағдар­лама ұсынды.

Шара одан әрі Қуандық Бүрлібаев атындағы ауылдық клуб үйінде жалғасын тапты. Ауыл қонақтарының қатысуымен өткен «Сүлейлер өсіп-өнген қарашаңырақ» атты ғылыми-танымдық конференцияны аудан әкімі Сұлтан Мақашов ашып, дүбірлі тоймен құттықтады.

Жыршылық өнердің же­лісін үзбей бүгінгі күнге дейін жаңғыртып келе жатқан, Сыр шайырларының өмірін зерттеу жолында талай еңбек жазған ғалым Жұмабек Аққұлов пен  жырау Алмас Алматов баяндама жасады. «Жыр дүлдүлі – Жиенбай жырау», «Шайырлар Отаны – Тұрмағамбет ауылы» тақырыбындағы баяндамадаларда қасиетті өнердің киесі дарыған ауыл жайлы деректер айтылды. Көнеден келе жатқан жәдігер өнердің құны ұлықталды.

Еңбек ардагері Нұртілеу Салықовтың Тұрмағамбет ауылының құрылғанына 60 жыл толу мерейтойына арнайы жазылған «Жүз шайырды тербеткен алтын бесік» кітабының тұсаукесері болып, осы кітаптың мазмұны жайында сөз өрілді. Қонақтар ауылдың өткені мен бүгінін ұштастыратын кітап көр­ме­сімен де танысты.

Қазақта бәйгесіз өткен той бар ма?! Қашаннан қазанатын бабында ұстап, сәйгүлігін үкілеп топқа қосқан текті халықтың Тұрмағамбеттегі тойы да ат тұяғының дүбірінсіз өтпеді. Жер тарпыған тұл­пар­лар бәсекесі ауыл ипподро­мында  ұйымдастырылған жор­ғалар жарысымен басталды.

Алты шақырымдық жарыста 6 жорғаның арасынан мәреге алғашқы болып жеткен тұрмағамбеттік Батыржан Қалиевтың «Көкбөрала» жорғасы Әмзе Мұхтаров, Серғали және Сердалы есімді ауыл тумаларының ұрпақтары тағайындаған ақ­шалай сыйлықты жеңіп алды. Осылайша астындағы атымен бірге мәреге жеткен шабандоз Нұрбол Берікбаев та қошеметке бөленді. Ал, Жеткерген Алтыруовтың «Күреңі»  мен Нағымет Сәуеновтің «Тортөбелі» тиісінше екінші және үшінші орындарды иеленді.

Жарыс жолында келесі болып тай жарысының бәсекесі басталды. Мұның жеңісін Арал­дан келген «Шанель» атты тай еншілеп, Зауытовтар әулеті тағайындаған жүлдені иеленсе, Алматының үміті «Көзмоншақ» атты тай мен Мұғалжардан келген «Қаршыға» Сәруат Баймырзаев пен Әбдіхалық Үмбетбаевтар тағайындаған екінші және үшінші орынның жүлдесін жеңіп алды.

16 шақырымнан тұратын құнан бәйгенің басын Жамбыл облысының «Қарлығаш» атты торы жүйрігі еншіледі. Екінші және үшінші боп жаңақорғандық «Доллар» мен алматылық «Кәусар» келді.

Бәйгеде аламанның жөні бөлек. Міне, шешуші сәтті күткендей, жарыс жолына хас жүйріктер шықты. Құ­лағын қайшылап, жер тарпыған жүйріктерді көрген жұртшылықтың көкейінде «Жеңіс кімде кетер екен?» деген сауал.

Төрешінің ысқырығы естілгені сол еді, ауыз­дықпен алысып, делебесін баса алмай тұрған 37 сәйгүлік соқтығыса келіп, бауырын кере ұзап бара жатты. Артында қалған ала шаң ауылдың төбесіне көтеріліп, аламанның ауылы мұнда дегендей көкті көлеңкелей берді. «Әп» дегеннен суырылып оза шабуға асықпаған аламаншылар да кезек-кезек ауысып, аттың бабына қараумен болды.

Десе де, аламанның аяғына жетпей алқынып қал­ған жүйріктер де аз емес. Ал, мәреге алғаш жеткен Жамбыл облысы Меркі ауданының сәйгүлігі «Дос» атты тұлпардың иесі Елдос Сұлтанбеков «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы та­ғайын­даған автокөлікті иеленсе, ІІ орынды иемденген алматылық «Секенторының» иесі Ерсұлтан Байбатыров 1 млн теңгенің, қызылордалық «Самалдың» егесі Сәдір Саламат 500 мың теңгенің иесі атанды.

Ал, Нұрым Сәлімгерей және Мақсат Исағабылов бастаған қазақ күресінің түйе балуандары алаңға жиналған жұртшылықты бір желпінтіп тастады. Белділер бәсекесінде мықтыны анықтау оңайға түспеді. Күрестің айла-тәсілін жетік меңгергендер арасында Нұрым Сәлімгерей үшінші орынды қанағат тұтса, аймақ басшысы көрермен болған ақтық сында Мақсат Исағабылов ұпай санымен Марат Баймахановтан жеңіп алып, демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлыққа қол жеткізді.

Өгіз көтеру, гір көтеру спорттық сайыстарынан да үздіктер анықталды. Спорт­тық бәсеке тек мұнымен шектелмеді. Екі күнге ұласқан той аясында волейбол мен шағын футболдан жарыс өтіп, жеңімпаздар марапатқа ие болды.

Тұрмағамбет ауылындағы той жайында Жұмабек Аққұлов:

– Осындай үлкен ша­раның Тұрмағамбет ауылын­да өткеніне қуанышым шексіз. Сыр бойындағы жы­­раулық өнердің құтты ме­кеніне баланған осынау ауылда ұрпағы ұлықтап, еске алып жатқан бұрынғы жыр­шы-жыраулардың ар­уа­ғы разы болар. Бұл тек тұр­мағам­беттіктердің ғана тойы емес. Бұл – барша қазақтың тойы, жырдың тойы. Шараның осындай деңгейде өткізілуіне атсалысқан барлық азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді.

Ал, Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова:

– Атам ауылында өтіп жатқан тойға көңілім толды. Бұл ауыл тұрғындарының  көптен күткен тойы болатын. Міне, ол да өтті. Халықтың риза болғаны соншалықты, жер-жерден осы ауылдың тумалары келіп, тойды қызықтап жатыр. Орталықтан жаңа алаң ашылып, балалар түгілі, ересектер де мәз-мәйрам болуда. Ауыл ажарын айшықтап, экономикасының өсуіне ықпалын тигізетін нысандар ашылды. Мұның өзі үлкен мәртебе емес пе?! Халқымның қуанышы – менің қуанышым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп батасын берді.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,

Оңталап ЖОЛДАСОВ.

Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 тамыз 2019 г. 776 0