Шиелінің цементіне сұраныс жоғары

Шиелі ауданында тампонажды цемент зауыты өнімдеріне сұраныс артып келеді. Біріккен кәсіпорын өз өнімдерін ішкі-сыртқы нарыққа жіберіп жатыр. Нақты кезеңде мамандар 155 мың тонна өнім өндірген. Оның бір бөлігі экспортқа шығарылды. Күрделі құрылыста пайдаланылатын тампонажды цемент әлемдік нарықта әу бастан-ақ жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, ол уран өндірісі мен мұнай-газ саласына қажет маңызды компонент саналады. Жоғары сапалы томпанажды цементті біз бұған дейін сырттан тасымалдап келсек, енді міне сұраныстағы өнім Сыр өңірінде өндірілуде.

Қысқа мерзімде салынып, қолданысқа берілген  Шиелідегі кәсіп­орынның өткен жылдың соңында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпыұлттық телекекөпір арқылы іске қосылғаны белгілі. Қондырғылар орнатылып, қалыпты жағдайға келтірілген соң биылғы мамыр айынан бастап зауыт өнім шығара бастады. Қазір мұнда 256 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлының айтуынша, қазіргі таңда зауытта цементтің 6 түрі шығарылуда. Нақты кезеңде 155 мың тонна цемент нарыққа жөнелтіліпті. 

– Шиелі тампонажды цементінің сапасы өте жоғары. Цемент 50 келі және 1 тонналық болып қапталады. Зауытта шығарылған өнім атом өнеркәсібі мен газ-мұнай саласында және күрделі құрылыста кеңінен қолданылады. Қазіргі күні өнімді сату бойынша Қызылорда және Түркістан облыстарынан өзге елдің батысындағы бірнеше облыспен меморандум жасалып, өнімді жіберіп жатырмыз.  Биылғы меже – 400-500 мың тонна цемент өндіру. Ал алдағы 2020 жылдан бастап кәсіпорын өндірістік қуатына толық көшкен кезде жылына  1 млн тонна өнім шығаратын болады. Зауыттағы өндіріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы арнайы сүзгіден өтіп, тазартылады. Жаңа кәсіпорынның жаңа технология бо­йынша жұмыс істейтінін ерекше атап өткен жөн. Мұнда Елбасы Жолдауында айтылған цифрландыру жүзеге асырылуда,  – дейді аудан әкімі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, зауытта өнімнің 6 түрі шығарылады.  Соның бірі – күнделікті құрылыс жұ­мыстарына пайдаланылатын портланд цементі. Қызылордадағы «Сығанақ» құрылыс заттары базарынан жергілікті өнімді алып, пайдаланған тұтынушылар оны сапалы деп жатыр.

Мамандар кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім шығарған кезде Шиелі зауытының өнімі тампонажды цементке деген елдегі сұранысты толық жабады деп отыр. Қазіргі таңда елімізде цемент өндіретін 11 кәсіпорын бар. Солардың біреуі ғана осындай өнім шығарады. Демек, стратегиялық сала өндірісіне қажетті сапалы өнімге деген сұраныс жоғары боп қала бермек.

Сыр өңірі жерасты байлығына кенде емес. Өнімге қажетті шикізаттың 98 проценті оңтүстіктегі ауданның кен орындарында бар. Бұл – құм, доломит, әк тасы және уақталған қиыршық тас. Шикізат Қаратау қойнауынан алынуда. Тек цементке қажетті арнайы қоспалар ғана сырттан тасымалданады. Бұған қоса, жер­гілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мақсатында 50 адамды Қытайға жіберіп, арнайы оқытқан. Қазір сол жастар зауытта еңбек етуде.  Сонымен қатар, инвесторлар Шиелі индустиалды-аграрлық колледжінің базасында жергілікті жастардан 100 маман даярлап жатыр.

Кәсіпорында еңбек етіп жатқан 256 маманның 211-і – Қазақстан азаматы. Оның ішінде 203 адам жергілікті тұрғын болса, қалғаны шетелдік азаматтар.

Сөз соңында облыс үшін үлкен инвестициялық жобаға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде индустриалды аймақтың жанынан 50 гектар жер телімі табысталғанын, барлық инфрақұрылым жеткізіліп берілгенін еске сала кетейік. Зауыт құрылысының аумағы – 46 гектар. Ал 4 гектар жерге жұмысшылар мен қызметкерлерге арналған жатақхана, асхана және басқа да әлеуметтік құрылыстар салынған.

Зауытта жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджетке қаржы түсіп жатыр. Мәселен, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған  «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС салған зауыт биылғы жылдың алғашқы алты айында 91 мың тонна цемент өндіріп, жергілікті бюджетке 54,7 млн теңге салықтық түсім түсірген. Ең бастысы, тампонажды цементті еліміз шетелдерден импорттап келсе, енді өзімізде өндіріліп жатыр.

***

Жобаны қазақстандық  «DANAKE корпорациясы» мен қытайлық цемент компаниясы бірігіп қолға алды. «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты жобасының жалпы құны – 64 млрд теңге. Бұл жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның бас мердігері – «Чайна Триумф Интернэшнл» әлемдегі үздік 50 халықаралық көшбасшы компаниялардың бірі.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 тамыз 2019 г. 978 0