Өңірде металлургия кешені құрылады

Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты бүгінде 5 түрлі өнім шығарып, 100 мың тоннадан астам цементті көрші үш өңірге – Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарына сатып үлгерсе, шілде айынан бастап Өзбекстанға 7,5 мың тонна өнім экспортталды. Осы және облыстың индустриялық-инновациялық даму саласындағы жетістіктер туралы облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Ринат Қалдыбекұлының айтуынша, биыл индустрияландырудың екінші бесжылдығын аяқтай отырып, 28 жобаның 11-і іске қосылатын болады.
– Облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында өңірде металлургия кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта екі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны және «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобалары, – деді ол.
Оған қоса, мамыр айынан бастап өңірде ет комбинатының құрылысы басталды. Қуаттылығы жылына 5 мың тонна етті тереңінен өңдейтін комбинат болмақ. Негізгі өнім экспортқа бағытталған, өнімі вакуумды қаптамада шығарылады.
Басқарма басшысы аймақта тұзға деген сұраныстың артуына байланысты жаңа испан цехын ашу ісі басталғанын жеткізді.
– «Аралтұз» акционерлік қоғамы биыл өнімге сұраныстың жоғары болуына байланысты 3-ші испан цехын салу мәселесін қарастыруда. Биылғы жылы кәсіпорын өндіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25 процентке арттыруда, – деді Р.Сұлтангереев.
Айта кету керек, өңірде индустриаландыру картасы аясында 28 жоба өз деңгейінде орындалуда. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 6 айдың қорытындысымен өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 180 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Ал, өсу динамикасы бойынша Қызылорда облысы аймақтар қатарында алғашқы орында.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 тамыз 2019 г. 370 0