Қызылордада егін ору басталды

   Бүгін Жалағаш ауданы «Таң ЛТД» ЖШС-нің егіс алқабында облыс әкімі Қ. Ысқақовтың қатысуымен егін жинау науқанының басталуына байланысты «Дала күні» семинар-кеңесі өткізілді.

Шараға аудан, қала әкімдері мен әкім орынбасарлары, облыстық басқармалар мен тиісті салалық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, шаруашылық басшылары және округ әкімдері қатысты.

Облыс әкімі алдымен күрішке алғашқы орақ салу рәсімін өткізді. Бұдан кейін семинар-кеңес мәжілісін бастап, агроөнеркәсіп кешені саласы алдында тұрған міндеттер мен облыста атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып, егін жинау жұмыстарының басталуына байланысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Облыс әкімі ала жаздай аптап ыстық пен желге қарамай егілген егіннен мол өнім алу жолында тер төккен диқан қауымына алғысын айтты.

Алдымен, салада атқарылып жатқан жұмыстар мен егін жинау науқанына дайындық барысы туралы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Нұрымбетов баяндап, бұдан соң, бір қатар аудан әкімдері мен шаруашылық басшылары хабарлама жасады.

Ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 183,1 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл күріштің көлемі 87,9 мың га. Егіс көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 5,8 мың гектарға артты. Көктем - жаз айларында ауа райының қолайлы болуынан егін егу және күтіп баптау жұмыстары мерзімінде атқарылды.
Жалпы егіс көлемінің ішінде дәнді дақылдар 97,5 мың га, майлы дақылдар 7,9 мың га, мал азықтық дақылдар 60,2 мың га, картоп, көкөніс, бақша 17,4 мың га құрады.

Облыста егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында қолға алынған шаралар биылғы жылы да өз жалғасын тапты. Нәтижесінде, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 2,4 мың га, мал азықтық дақылдар 3,4 мың га, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 639 га ұлғайтылды.

Облыста алғаш рет өндірістік негізде соя және қант құмайы дақылдары егіліп күтімге алынды.
Сонымен қатар, 66 га жерге азық-түлік маңызы бар
жеміс – жидектер мен жүзімдіктер егілді.

Шаруашылық құрылымдары күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялық тұқымдарды себуді, минералдық тыңайтқыштарды пайдалануды және өсімдік қорғау шараларын мерзімінде іске асыруды қамтамасыз етті.
Күріш егісінің 68,1 мың гектары жақсы, 17,6 мың гектары орта және 2,2 мың гектары қанағаттанарлық деп бағаланып, күріш шығымдылығы өткен жылғы деңгейден біршама жоғары.

Облыста егін жинау жұмыстарына қатысатын 1636 трактор, 806 комбайн, 460 жатка, 323 жүк көлігі, 766 трактор тіркемесі толық дайындыққа келтірілді.
Күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін оңтайлы мерзім ішінде жинап алуға толық дайын.

Мәжіліс соңында облыс әкімі егілген егінді оңтайлы мерзім ішінде ысырапсыз жинап алуды пысықтап, сол сияқты, күзгі дала жұмыстарын да (тұқым құю, күздік егу, сүдігер көтеру) уақытылы жүргізуді, аудан және қала әкімдеріне аталған жұмыстарды өз бақылауларында ұстауды ескертті.

Сондай-ақ, облыс әкімі семинар-кеңеске қатысушыларға алдағы «Алтын дән» мерекесінде мол табыстармен қауышуға тілек білдірді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 тамыз 2019 г. 993 0