Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Шиеліге жол түсті. Бас­ты мақсат – мемлекет қамқорлығымен іскерлік көрсетіп, өнімін елге ұсынған кәсіп иелерінің қарқынын көзбен көріп, басылым бетіне айшықтап жазу. Мұнда нарыққа бейімделіп, шағын кәсібін өрістеткен тұрғындар көбеймесе, азайған емес. Біз танысқан жеке кәсіпкерлердің көбісі отбасылық бизнесті дамытуға күш салған. Жалқаулық деген кесірді жанына жуытпағандардың еңбегі шынымен де көпке үлгі боларлықтай.

Аудандық кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімовтің айтуынша, өнеркәсіп орындары биылғы жартыжылдықта 13 млрд 639 млн теңгенің өнімін өндірген. Ал ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 4501 болса, оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің үлесі  91,2% құрайды.

– Жыл басынан бері мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы 272 жеке кәсіпкер, 21 шаруа қожалығы, 22 заңды тұлға тіркеліп, 315 ша­ғын және орта кәсіпкерлік нысаны ашылды. «Еңбек» бағдарлама­сының екінші бағыты бойынша биыл жоспарға сәйкес 110 азамат оқу курсынан өтіп, сертификаттарын алды. Ал «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша 81 адам оқытылды, – дейді бөлім басшысы.


Тартоғайдың тәтті алмасын жейтін кез жақын ба?


Шиелінің Тартоғай ауылының маңында «Баспақ арық» деп аталатын жерді кездестіресіз. Үлкен көлік дәлізінің бойында орналасқан сол маңнан Сейітқазы Әлібаев 10 гектар жерді жалға алып, алма бағын өсіре бастаған. Осыдан үш жыл бұрын басталған бейнетті жұмысқа бел буып кіріскен Сейітқазы аға бүгінде жайқала өсіп, бойын тіктеген жеміс шыбықтарына қарап, көңілі қуанып жүр.

– Әу баста бұл қалың жыңғыл-сексеуілі аралас жабайы жер еді. Отбасымызбен бірігіп, аршып, жан-жағына қоршау жүргіздік. Жол­дасымның әкесі де бағбан болатын. 2017 жылы облыстық «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы несие алып, алға қойған мақсатымызға біртіндеп қол жеткізіп жатқан жайымыз бар. Мына көрші Түркістанның Сарыағашынан 20 мың түп көшет әкелдік. Отырғызған шыбықтардың 70%-тен астамы бой көтеріп кетті, – дейді бағбанның жұбайы Клара Әлібаева.

Тамшылату әдісімен суарылатын алма шыбықтары бүгінде кісі бойымен бірдей.  Бұйырса, келер жылы гүлдеп, түйнек бере бастайды.

Ерлі-зайыптылардың ендігі мақ­саты, қазақтың атакәсібі – мал шаруашылығын дамытып, ірі қара тұқымын асылдандыру. 


Бәйгеқұм десе...


Аймақ жұртшылығына жақсы таныс, Бәйгеқұм десе, көз алды­мызға мөлдір суымен танымал Ханқожа көлі елестейді. Ауыл тұрғындарының дені осы көлдің шапағатын кеңінен көріп отыр. Көл жағалауын демалыс орнына айналдырып, демалушыларды тарта білген бәйгеқұмдық ағайынның бұл істе әзірге аты озып тұр.

– Өз күшімізбен, отбасы болып, халыққа «жағажайда демалу» қызметін бастағанбыз. «Өңірлік инвестиция орталығының» «Еңбек» бағдарламасы арқылы алған шағын несиеге көлде серуендеуге арналған моторлы қайық пен құрылыс материалдарын түгендедім. Шаруа осылай басталды. Кешегі ыстықта келушілер көп болып, маусымдық демалысты жақсы ұйымдастырдық, – дейді біз танысқан «Диас» ЖК төрағасы Ералы Каренеев.

Кәсіпкердің айтуынша, өзінің 17 сотық жағажайында  40 адамға дейін тапсырыс қабылдай алатын көрінеді. Ал ауыл әкімі Мұхамедәлі Жүсіптің сөзіне сенсек, Бәйгеқұм ауылындағы 93 кәсіпкердің 58-і демалушыларға қызмет көрсетумен айналысады екен. Жаратылыс берген табиғат байлығын тамаша кәсіп көзіне айналдырған жақсы-ақ. Бірақ, тұнық судың тазалығына баса мән беру жағын ұмытпаса болғаны...


Қыш кірпіш іздесеңіз...


Күйдірілген немесе қам кірпіш іздесеңіз, көлігіңізді Шиеліге қарай бұрыңыз. Толтырғанша теңдеп, артып қайтасыз. Мұнда арзан әрі сапалы деседі білетіндер. Жуантөбе ауылдық округіне қарасты «Палжанов» ЖК иелігіндегі күйдірілген қыш өндіретін цехтың өнімі аймақ асып, көрші Түркістандағы көп нысанның бірнешеуіне қаланып жатқанға ұқсайды.

– Бұл жолдасым Марат Палжа­новтың идеясымен басталған еді. Мына көріп отырғандарыңыз­дай, кірпіштің барлығы газбен күй­діріледі. Газды да 2013 жылы өз күшімізбен кіргіздік. Халықтың қышқа да, кесекке де сұранысы өте көп. Былтыр қыс айында «Даму» қоры арқылы 9 миллион несие алып, қажетті техникалық жабдықтарымызды түгендедік, – дейді Бану Шамшиева.

Бүгінде 10-нан астам жұмыс­шысы бар цехтың кірпіші халық қалтасы көтеретіндей бағада. Кесектің бір данасы 16 теңге болса, күйдірілген кірпіш 30 теңгенің көлемінде ұсынылуда.

Кәсіпкердің айтуынша, жыл басынан бері 450 мыңнан астам кірпіш құйылып, сатылымға шыққан. Ал, бір күнде 8 мың данаға дейін кірпіш өндіретін кәсіп иелері цех жұмысын алдағы уақытта кеңейтпек ойлары барын да жасырмады.


Қолдау қанаттандырған кәсіпкерлер 


Мемлекеттің мал санын өсіру мен оны асылдандыру жолында қызмет қылғысы келетіндерді қолдау жағына көп мән беретіні жасырын емес. Көшпелі ата-бабаның басты тіршілігі болған кәсіпті тізгіндегендер саны Шиеліде де өте көп. Солардың бірі, аудан іргесіндегі Гигант ауылдық ок­ругінің тұрғыны Қарлығаш Айым­бетова 15 сиыр мен асылтұқымды бұқа алып, ірі қара басын асылдандыру жұмысын бастап кеткен.

– Былтыр «Өңірлік инвести­ция орталығының» «Еңбек» бағдар­ламасы арқылы 6 процентпен 4 миллион теңге несиені рәсімдедік. Шүкір, жұмысымыз біршама алға басуда. Талап қыламын деген адам­ға мемлекет тарапынан қолдау көп. Бұрын отбасылық мал шаруа­шылығымен айналысып келгенбіз. Енді соны кеңейтіп, мал басын кө­бейтуге жұмыс істеудеміз, – дейді ол.

Кәсіпкер келіншекке көбіне-көп жолдасы мен балалары қолғабыс тигізеді. Жеті баланы өмірге әкелген Батыр ананың кәсіпкерлікке деген қадамы бізді сүйсінтті. Айтпақшы, Қарлығаш апай, мұнан бөлек, тайынша мен ұсақ малды бордақылап, аудан тұрғындарына базар нарқы­мен ұсынып, семіз етпен қамтып отыр.

Ал, Ақмая ауылының тұрғыны Қалима апа ине мен жіпті жанына серік еткен жан. Қазақ қолөнерін қадір тұтқан ол жас күнінен бері қарай осы ауылдағы тігін цехында жұмыс істепті. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 450 мың теңге қайтарымсыз грант ұтқан ақмаялық апа өз кәсібін ашуға бел буған.

– 40 жылға жуық осы тігін­ші­лікпен айналыстым. Бүгінде «Ерасыл» жеке кәсіпкерлігін құрып, қарамағыма тігінге икемі бар екі келіншекті жұмысқа алдым. Шеберхана ғимаратын өз қаражатыма алып, грантпен келген қаржыға төрт тігін машинасын орнаттым. Ауылда тапсырыс көп. Осы кезге дейін бос отырған күніміз болмапты. Ел болған соң той да жетерлік. Дәл қазір келіннің шымылдығы пен қыз жасауын тігіп жатырмыз, – дейді Қалима Бисариева.

Қалима апаның айтуынша, тігін шеберханасында мектеп пен балабақша, басқа да мекемелер тапсырыс беретін терезе жапқыштары, үстел бетіне жабулар, мерекелік кештерге түрлі формадағы көйлек­тер де тігіле береді.

– Ұлттық киімдерді, сонымен бірге, құрақ көрпені пішуді көп жас­тарымыз біле бермейді. Бұйырса, «көрсем», «білсем» деген кез келген талаптыға тігіншіліктің қыр-сырын үйретсем деген жоспарым бар, – дейді тігінші апа.

Қош, бүгінде «қарап жатпайтын­ның қармағы қабатынын» көпшілік түсінген. Әрі бұрынғыдай дүкен ашып, сауда-саттыққа тікелей көш­кеннен гөрі белгілі бір кәсіп­тің түрімен айналысуға ден қой­ғандардың қатары қалың. Шиелі сапары осыны айғақтап берді. Ал, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қатысты оң ұсыныстар мен қол­дауларды мүлт жібермей, халыққа кеңінен түсіндірме жұмысын жүр­гі­зетін аудандық кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімі «өз ісін бастаймын деушілерді қолдауға, біз қашанда дайынбыз» дейді.

– Бүгінгі күні барлық кәсіп ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданнан 958,9 млн теңгені құрайтын 156 жоба қаржыландырылса, қосымша 838,4 млн теңгені құрайтын 58 жобаны іске қосу жоспарда бар. Ал, енді «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ауданнан 680 млн. теңгені құрайтын 3 жоба құжаттарын екінші деңгейлі банкке тапсырса, 595 млн теңгені құрайтын 14 жоба осындай қаржы ұйымдарына құжаттарын әзірлеуде, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы.


 

Ержан ҚОЖАСОВ,

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2019 г. 621 0