Жол және қауіпсіздік: деректер алаңдатады

Қызылорда жолдарында қайғылы оқиғалар азаймай тұр. Облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында жол сақшылары осылай мәлімдеді. Оның маңыздылығын облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов баса айтты.
Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда биыл 7 айда жол апаты – 66, көз жұмғандар – 42, дене жарақатын алғандар саны 64 процентке өсіп отыр. Ережені елемейтіндер қатарында са­ла­ның өз өкілдері де бар. Жыл ба­сынан бері осындай 22 қызметкер мен басшылық құрамның 5 өкілі тәртіптік жазаға тартылған. Талдау нәтижесі көр­сеткендей, өкінішпен аяқ­талған оқиғалардың 35 проценті облыс аумағынан өте­тін респуб­ликалық маңызы бар тас жолдарда, 45 проценті Қы­зылорда қаласында тіркелген.
– 33 дерек жылдамдықты асырумен байланысты, соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 41 адам жарақаттанды. 47 оқиғаға үй жануарларының жолға кенеттен шығуы себеп. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолында көліктердің жоғары жылдамдықпен жүруі де кесірін тигізіп келеді. Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта жолдың екі жағын бөліп тұратын қоршаулар қарастырылмаған. Республикалық маңызы бар жолдардағы 24 қайғылы жайттың 66,6 проценті осындай аумақта жасалған, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров.
Ол жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оны жою бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Айтуынша, «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Құқық тәртібі» сияқты жедел-профилактикалық шаралар үзбей өткізіледі. Полицейлер әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері күшейтілген жұмыс кестесіне көшіріліп, «Түнгі қала», «Қауіпсіз аула» атты қысқа мерзімді шаралардың басынан табылып жүр.
С.Шалқаров жылдамдықты асыру фактілерін дер кезінде анықтау үшін Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында автоматты режимдегі арнайы жылдамдық өлшегіштер орнатуды ұсынды. Бүгінгі күні елді мекендерде радар жүйесі қолданыста жоқ. Облыс орталығы бойынша небәрі 5 қиылыста орнатылған болса, жылдамдық өлшеу функциясы соның тек 1-інде қарастырылған.
Сондай-ақ, жиында түнгі уақытта қауіптің алдын алу мақсатында елді мекендерде түсіндірме шараларын жүргізу, төрт түлікке жарық шағылыстыратын алқалар тағу жұмысын жалғастыру, халықаралық маңызы бар автомобиль жолының бойында «Абайлаңыз, үй жануарлары!» деген жазуы бар паннолар мен металл қоршау торларын орнату жөнінде ұсыныстар айтылды.
Келесі мәселеге бұрын соттал­ған, оның ішінде пробациялық бақылау есебінде тұратын азаматтарды еңбекпен қамту, оларға әлеуметтік көмек көрсету жайы өзек болды. Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Марат Накенов биыл 7 айда 1092 адамның бас бостандығы шектеліп, 259 адамның белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылғанын мәлімдеді.
– Қоғамдық еңбекке – 105, шартты жазаға 254 адам тартылды. 326 адам жұмысқа орналасып, тағы бірнеше адам басқа да әлеуметтік құқықтық көмек алды, – деді ол.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­­ламалар басқармасының 1 та­мыз­дағы мәліметінше, бұрын сотталған 256 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Оның 232-сі – пробация қызметінің есебіндегілер, қалғаны – жазасын өтеп шыққандар. 165 адам – тұрақты, 38 адам – қоғамдық, 3 адам әлеуметтік жұмысқа, 16 адам кәсіби оқыту және қайта даярлауға, 5 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. 16 адам – атаулы әлеуметтік көмек, 4 адам несие алды.
Ведомствоаралық комиссия отырысында бұған дейінгі хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша өңірлік жол картасын дайындауды, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсін­діру шараларын күшейтуді тапсырды.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2019 г. 412 0