« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Бала күнімізде мерекелік шараларға киетін көйлектің дизайнері де, тігушісі де анамыз еді. Ұйқыдан оянғанда алдымызда әдемі көйлек дайын тұрады. Тіпті өзіне де көйлекті лезде тігіп ала қоятын. Бұл балалық шағымыздан естелік болып қалған көрініс. Қазір тоқылған киім, тігілген көйлек деген ұғымнан алыстап кеттік. Бәріміз дайын дүниені сатып алуға жүгіреміз...»
«Аякен» тігін орталығының жетекшісі Әсима Бекжановамен әңгімеміз осылайша басталды. Бала күнімізде өзгенің киімін емес, өзімізге арнап анамыз тіккен көйлекті қазір біз неге тікпейміз?! Біз үшін анам тоқыған қалпақ пен қолғап, гүлдермен көмкерілген тоқыма жемпір мақтаныш болатын. Себебі, әр бала өз анасының қолынан шыққан дүниемен мақтана алатын. Ал, қазір қалай? Өзіміз қандай киім киіп жүрміз, балалар ше?
Осындай сауал мазалаған көпбалалы ана Әсима ісмерлікті үйренуге бел буады. Тағы да мәселе. Қаланы шыр айналып жүріп тігін тігуді үйрететін бірде-бір орталық таппайды. Қала асып баруға балалар жас. Ізденіс үстінде жүргенінде бір күні жарнама арқылы «Аякен» тігін орталығының Ақтөбе қаласындағы мамандары өңірге бірнеше күнге келіп курс өткізетіндігін естіп, сабағына қатысады. Аз уақыт болса да біраз мәліметке қанығады. Өлшеу-пішудің алғашқы сабағын алған Әсимаға бұл әлде де аздық еткені рас. Енді осындай орталықты өзімізден неге ашпасқа деген ой келеді. Елге танымал «Аякен» тігін орталығының франчизасын сатып алып, өзі сияқты талай қыз-келіншек үшін туған жерден тігін курсын ашуды қолға алады. Арманындағыдай оқу орталығын тапқан ол Нұр-Сұлтан қаласында екі маманмен бірге ісмерліктің қыр-сырын меңгереді. Нәтижесінде шағын бөлмені жалға алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, ісмерлікке оқыту орталығының жұмысын бастап кетеді. Ашылғанына бір жыл болған орталыққа келіп, тігін тігуді үйренуге талаптылар қатары аз емес.
– Бір топта 5-6 адам оқиды. Бір ай бойы мұнда 5 киім тігуді үйреніп шығады. Атап айтқанда, көйлек, шалбар, кофта, белдемше, пальто тігуді үйренеді. Ең алдымен, өлшем алу, киім үлгісін сызу, матаға пішу, тігуді кезең-кезеңімен үйреніп шығады. Мұнан бөлек, шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Мұнда құрақ құрау, матаға сурет салу секілді көптің қызығушылығын туғызған дүниені үйретеміз, – дейді ол.
Бір атап айтарлығы, ине ұстауға талаптылар аз емес. Орталыққа біз барған сәтте шеберлік сағаты өтіп жатыр екен. Ою ойып, құрақ құрауға ынталанғандар қатарында үлкен де, кіші де бар. Ең бастысы, өз көйлегімді өзім тігіп кисем ғой деген қыз-келіншектердің көптігі қуантты.
– Ең әуелі отандық өнімге деген көзқарас түзелсе. Қарапайым ғана мысал, өзгенің қымбат киімі ұнаса, тігісінен қателік байқасақ та, кемшілігіне қарамай сатып аламыз. Ал, отандық өнімге күмәнмен қараймыз. Тағы бір мәселе, отандық сән үйлері бағаны тым шарықтатып жібереді. Халыққа қолжетімді, сапалы киім тігуді қолға алу қажет. Ең болмағанда әр отбасы өз киімін өзі тігіп кие алатындай болса тіпті жақсы болар еді, – дейді Әсима.
Оның бұл пікірін өзге әріптестері де қолдайды. Жеңіл өнеркәсіптің жүгін арқалап жүрген жергілікті кәсіпкерлерге осы сауалды қойған едік.
Гүлбақыт Ізім, «Ізім» ательесінің иесі:
– Жақында ателье аштым. Сұраныс бар. Отандық сән үйлері киімінің қымбат болуы – шикізаттың сырттан келетіндігі және бренд киімнің бағасы соған лайық болады. Алайда қарапайым халықтың бәріне қолжетімді емес. Тағы бір себеп, отандық киім бағасының тым қымбат болуы – бәсекелестің жоқтығы. Бәсекелестік орта болу үшін жеңіл өнеркәсіпке қолдау қажет. Елімізде алдағы онжылдықта жеңіл өнеркәсіп белгілі бір деңгейде дамиды деген сенім бар.
Жанат Әуесбай, «Балақай ҚЗО» ЖК иесі:
– Облысымызда «Dаlатех» жақсы деңгейде келе жатыр. Бағасы да қолжетімді. Сапасы да ұнады. Жеңіл өнеркәсіп даму үшін бұл салаға көзқарасты өзгерту қажет. Себебі, халықтың өз өнімімізге немқұрайлы қарайтыны жасырын емес.
Қалай айтсақ та, бүгінде ісмерлікке елдің ықыласы ерекше. Үйіндегі көрпе-төсегін өзі дайындап, тіпті көйлегін тігіп киюді үйренгісі келетіндер көп. Мұны тігін орталығындағы қарасы қалың үйренушілерден байқадық.
Тағы бір қуантарлығы, өңірде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бетбұрыс бар. Атап айтар болсақ, ерлер жейдесін тігуден танымал болып қалған «Dalateх» оқушылар формасын тіге бастады. Жалағаш ауданындағы «Өркен Әлем» ЖШС әскери киім дайындаудан өзгелермен бәсекелесе алатындай жағдайда. Бұған той көйлектері мен ұлттық киім тігіп жүрген ательелерді қосыңыз. Сондай-ақ, өткен жылы жергілікті кәсіпкер шағын өндірісті қолға алып, шұлық шығара бастады.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |