Игерілмеген қаржы – ілгері баспаған іс

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен аппарат мәжілісі өтті. Онда алдымен аймақтық бюджеттің атқарылуы жөнінде сөз болды.
2019 жылдың 1 тамызындағы мәліметке сүйенсек, бюджет түсімі – 102,7, оның ішінде бюджеттің өз кірісі 117,1 процентке орындалды. Артық түскен қаржы көлемі – 4,5 млрд теңге. Шығын жоспары 97,7 процентке орындалып, 3,7 млрд теңге игерілген жоқ. Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің арасында оның ең қомақты бөлігі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі.
– Бұған Сырдарияның сол жағалауындағы (Қызылорда қа­ласы) магистралды көше жол­дарының құрылысы бойынша сараптама қорытындысының шық­пауы, «Жалағаш-Жосалы» авто­­мобиль жолын жөндеу бо­йынша мемлекеттік сатып алу порталының техникалық ақауына байланысты аванстық төлемнің көрінбеуі себеп болып отыр, – деді облыстық қаржы бас­қар­масының басшысы Талғат Жақыпбаев.
Сала жетекшісі аудандар мен Қызылорда қаласындағы бюджет қаржысының игерілу жағдайына кеңінен тоқталды. Анықталғандай, жергілікті бюджеттен – 1,5 млрд, республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге белгіленген уақыт ішінде пайдаға жаратылмаған.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инно­вациялық даму бағдар­ла­масының орындалуына бағыт­талды. Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде құны 568 млрд теңгені құрайтын 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жобалар іске қосылған жағдайда 6 мың адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі туады. Жыл басынан бері құны 50,2 млрд теңге болатын 3 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Олар – «Сыр Агро и К» ЖШС-ның 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасы, «РЗА» АҚ-ның 1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдеу зауыты (ІІ кезең), «Rino Asia» ЖШС-ның керамикалық плита өндіру зауыты жобалары.
– 2015-2018 жылдары 677 жаңа жұмыс орнын қамтитын 7 жоба іске қосылды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Осы мүмкіндіктер аясында 431 жұмыс орны ашылады, – деді облыстық индустриялық-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
Оған қоса, аймақта «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын, «Баласауысқандық» ванадий кенішін игеру, кальцийленген сода, ет комбинаты, томат пастасын шығару, тұз өндіру секілді ірі жобаларды іске асыру бағытындағы шаралар жалғасуда. Жалпы алғанда, бағдарламаның бірінші және екінші бесжылдығы аясында құны 150 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, 1,6 мың адам жұмыс тапты. Бүгінгі күні оның 18-і өнім өндіруді қамтамасыз етіп, жоспарлы қуаттылықты 90-100 процентке игеруде.
2019 жылдың 7 айында іске қосылған жобалар аясында 16 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 процентке артық. Есепті кезеңде құны 6 млрд теңге болатын 218,7 мың тонна өнім (тұз, балық, пропан-бутан, аммоний метаванадаты, мия тамырының сығындысы) экспортталды. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қаржылай мәнде – 22, заттай мәнде 37 процентке өскен. Жыл басынан бері карта жобалары арқылы өндірілген өнім көлемі жалпы өңдеу өнеркәсібінің 17 процентін құрады.
Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы бюджет қар­жысының игерілмеуінен іс­тің ілгері баспайтынын, ин­дустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру өңір экономикасын арттыратынын жеткізді. Осылайша тиісті бас­қармаларға, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2019 г. 401 0