Тоғызқұмалақ тақтасында 18 мың ғалам көрініс тапқандай

Еліміздің даңқын алысқа шығаратын спортшылар тәрбиелеген бапкерлер арасында жерлесіміз Еркетай Иманбайдың есімі құрметпен аталатыны сырбойылықтардың мәртебесін  асырары анық. Ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақты жаңа дәрежеге көтеріп, еліміздің бірнеше дүркін чемпиондарын, халықаралық біріншіліктердің жеңімпаздарын тәрбиелеген ұстаз шәкірттерінің рухани жан байлығын байытуға да тереңірек мән береді. 

Тоқсаныншы жылдардың со­ңы, екімыңыншы жылдардың ор­тасына дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде жарық көріп келген «Спорт» бетінің редакторы ретінде Қазақстан Рес­пуб­­ликасына еңбегі сіңген жат­­тықтырушысы Еркетай ағай мен ол тәрбиелеген шәкірт­те­рі жөнінде бірнеше мақа­ла­ жазғанбыз. 1998 жылдың жел­тоқсанында Президент ку­богінің жеңімпаздары Қызыл­орда қаласында анықталды. Осы айтулы бәсекеде бір­неше жерлес спортшы биік­тен көрінді. Бәрі де Ерекең­нің шәкірттері. Сол ағамыз әлі күнге Сыр спортының әрі қарай дамуына талмай атсалысып келеді. Шәкірттерінің бойына биязылық пен  ізеттілікті сіңіруге талпынатын ол то­­ғызқұмалақ төңі­регіндегі әң­гімені ойыннан емес, әріден бас­­тайды.

– Діни нанымда жаратушы­ның құдіретімен 18 мың ғаламда алты күнде тіршілік пайда болған дейді. Сол құдірет тоғызқұмалақ тақтасында  көрініс табады. Сіз­дегі тоғыз отау, мендегі тоғыз отау, барлығы он сегіз, яғни ғаламдық құбылыс! Он жұп ар­қылы өмір жалғасып отырады. Ата-Ана, өмір-өлім, күн мен түн, тақ пен жұп деген секілді... Соның тоғызы мұнда тұр, – деп әңгімесін әрі жалғады Еркетай Иманбай. Міне, дархан дала­сы секілді көкірегі де кеңге жайылған аталарымыздың ой-өрі­сі қиялға қияндап емес, нақты ғы­лымға негізделген.

Өткен ғасырдың жетпісін­ші жылдары Қазақтың политех­никалық институтының «Автоматика және есептегіш техника» факультетін қызыл дипломға бітірген соң біздің бүгінгі кейіп­керіміз Қы­зылорда политехникумында жиырма жылдан астам уақыт сабақ береді. Сонда информати­кадан дәріс беріп жүргенде оқу­шыларға машина-компьютер ті­лін меңгеру қиынға соққанын аң­ғарған ұстаз, шәкірттеріне информатиканы үйретудің тиімді жолын ізденеді. «Машина-адам­ның» ойлау процесін бала­лар қайтсе тез меңгереді? Не істеу керек?

– Біздің данышпан бабала­рымыз балаларының ойлау қа­білетін, пайымдауын, жадында сақтауын қалай жетілдірген деп зерттей бастадым. Көп ізденіп осы тоғызқұмалаққа тоқтадым. Біздің анализ-талдау, синтез жи­нақтау, алгоритм-есепті шы­ға­ру әдісі бәрі-бәрі осы ойын барысында қолданылады, осы­дан табылды. Бірте-бірте тоғыз­құмалақ мені өзіне тарта түсті. Білгенімді оқушыларыма үйре­туге тырыстым. Халықтық педагогиканы ЭВМ-мен байланыс­тырдым. Ойнай отырып, ойды жүйелеуді жетілдірдім. Осылайша, ізденіс үстінде жүргенімде республикалық олимпиадаға қа­тысқан бір оқушым күтпеген жер­ден жүлделі үшінші орын иеленді. Бұл біздің сенімімізді нығайта түсті, – дейді Ерекең.

Ұлттық ойын – тоғызқұ­ма­лақты әлемдік деңгей­ге кө­­теруге атсалысқан ғалым-бап­кер Еркетай Иманбай Ұлы Абай­дың еңбектерін көбірек оқып, зердесіне тоқиды. «Құс ба­ла­панына аузындағысынан, адам басындағысынан береді» де­мекші, өзінің үлгі тұтқан нәр­селерін шәкірттеріне де үйретуге асығады. Адамның ішкі жан дүниесі бай болса, адами бейнесі де биік болады деп ойлайды.

– Жидебайда болдым. Ұлы Абай ойнаған тақтаны көрдім. Ол кісі тек ақын емес, керемет ойыншы болған екен. Өзінің үнемі тоғызқұмалақ ойнайтын тобы болыпты. Балаларының да бұл ойынды ойнауына ерекше мән беріп отырған. Ойында жазатайым жеңіле қалса: «Тақтай бағып, ойын қуған қу ұтады, – деп, жеңсе:  Бұл ойында ми ұта­ды», – деп жанындағыларды әзіл­деп күлдіріп отырады екен. Осы жерде еске түседі. Жа­зу­шы-журналист Әзілхан Нұр­шай­ықовтың бір кітабында айтылады. Елуінші жылдардың ор­тасында болса керек, атақты жазушы, трилогия авторы Мұх­тар Әуезов Павлодар аллю­ми­ний зауытының ашылуына барғанда еңбеккерлермен кез­деседі. Сонда осындай әңгіме болған көрінеді. Тоғызқұмалақ тақтасындағы тоғыз отау тектен-текке алынбаған. Бұл ойын – адам өміріне, оның келешегіне қатысты өрісті кеңейтеді. Сон­дықтан да ойшыл қазақ ойынның атын тоғызқұмалақ атаған, – деді ол.

Ерекең осы ғылыммен са­бақ­тас ойын үшін қомақты жалақы алатын оқытушылық қызметін тас­тап, тоғызқұмалақты дамы­туға біржола бел шешіп кірісті. Спорт комитеті тарапынан үш бөлме үй алып, оны өзінше жабдықтап, интеллектуалды ойындар клубын ашты. Ол жерде көптеген шәкіртін шеберлікке баулыды. Осы жолын шәкірттері жалғастырып келеді. Иә, жігерлі ұстаздың еңбегі еш кетпеді. Тоғызқұмалақшылар то­бы бір­тіндеп көбейе түсті. Жа­лықпай іздену өз нәтижесін бере бастады. 1993 жылы шә­кірті Төлеген Құлышев облыс­та бірінші болып «Спорт ше­бе­рінің» нормасын орындаса, сол жылы 17 жасар Гүлнұр Ахметова Республика чемпионы тұ­ғырына көтерілді. Ал облыс ко­мандасы елімізде төртінші орын­ды иеленді.

1994 жылы облыс тоғызқұма­лақ­шылары Қарағандыда өткен бүкіл қазақстандық спартакиа­дада бірінші орынды жеңіп алды. Аға бапкер Еркетай Иман­байға «Бапкер-ұстаз», «Ұлт­тық дәрежедегі төреші» атақ­тары берілді. 1996 жылы облыс командасы республика Федерация кубогының командалық та, жекелей де жеңімпазы атанады. Сол жылы Қырғызстанның ашық біріншілігінде бірінші орынды иеленді. Бірнеше ойын­шы спорт шебері нормасын орындады. Бертінде клас­си­калық тоғызқұмалақтан дүние­жүзінің бес дүркін чемпионы атанған Әсел Дәлиева мен дү­ниежүзінің үш мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусін де Ерекеңнің шәкірттері.

Жоғарыда жаңашылдық ту­ра­лы айтқанымыздай, тоғыз­құмалақ ойынын компьютерге түсіруді жетілдіру, шахматтағы секілді «машина-адаммен» ойын өткізу арқылы адамдардың ойлау белсенділігін арттыруда да ағамыздың сіңірген еңбегі мол. Басты мақсаты – тоғызқұмалақ ойынының құдіретімен қазақ халқының ерекшелігін жер жүзіне таныстыру.    

– Шіркін, олимпиада ойын­да­рының сапына кіргізсек, – дей­ді әлемдік деңгейдегі тоғыз­құ­малақ ойынының жанашыры Ер­кетай Иманбай.


Нұрмахан ЕЛТАЙ,

 ақпарат саласының 

үздігі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2019 г. 676 0