Оқушы саны 10 мыңға артқан

Жаңа оқу жылында облыстағы 293 мектепке 164 500 оқушы келеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға көп. Жалпы өңірде 21 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Осы және өзге де білім беру саласының жаңалықтары өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифингте айтылды. Онда облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

- Облысымызда  667 мектепке дейінгі тәрбие беру ошағында 61 мың бала тәрбиеленуде. Жекеменшік балабақшалардың үлесі 72 процентті құрайды. Биыл жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 4,9,10 сыныптар көшуге дайын. Жаңартылған мазмұнға сәйкес 10-сынып оқушылары «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» сынды жаңа пән оқиды. Оларға оқулықтар мен әдістемелік кешендер сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді. Тасымалдауға 15,7 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 15 баспамен келісім шарт жасалып, 30 процент қаржысы аударылды. Оқулықтар 25 тамызға дейін толық жеткізіледі. Шілде айында басталған «Мектепке жол» акциясы аясында 5051 балаға 34 млн. теңгеге мектеп формасы мен оқу құралы алынды. Акция жалғасып жатыр.  Сонымен қатар, мектептерде ыстық тамақ ұсыну, лагерьге жолдама беру, 1-сыныпқа қабылдау, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі автоматтандырылды,– дейді басқарма басшысы.

Облыстың бас ұстазы өңірдегі мектептердің жаңа оқу жылына дайын екенін мәлімдеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 тамыз 2019 г. 455 0