Туған жерін түлеткен

Жалағаш ауданына қарас­ты Таң ауылы – ауыз­бірлігі мықты, азаматтары белсенді, ісі ілгері басқан елді мекеннің бірі. Ауылдың негізгі тіршілігі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру болса, оның ішінде күріш өсіруге басымдық берілген. Бұдан бөлек, бау-бақша егіп, төрт түліктен төл өсіру жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Жалпы, ауылдық округ аумағында 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік кооператив, 12  шаруа ­қожалығы бар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында елдегі экономикалық ахуалдың қаншалықты қиын болғаны баршамызға белгілі. Осынау өтпелі кезеңде елді кәсіпкерлік бағытына бейімдеп, сауатты азаматтардың салмақты жобалар енгізуі – ел экономикасын  дамытудың басты талаптарының бірі ретінде қарастырылған еді. Алайда, алғашында бұл талапты орындау оңайға соқпағаны рас. Осыған дейін тек дайын өнімді тұтынып, еңбегіне қарай ақысын алуға қалыптасқан халық нарықтың жаңаша талабына бейім емес еді. Әсіресе, ауыл тірлігінің  ыдырай бастағаны халықты қатты алаңдатты. Міне, осынау сын кезеңде туған ауылының  тұрмыс-тіршілігін түзеуге жеке қаражатын жұмсап, елдегі ағайынды еңбекпен қамтыған азаматтың бірі Имамзада Шағыртаев болатын. Рас, алғашында азаматтың бойында үміттен күдік басым болды. Өйт­кені кәсіпке жұмсаған қаражатының пайдасынан шығыны артықтау еді. Дегенмен, ол әуелгі қиындықтарға дес бермей, түпкі мақсатына жетуді көздеді. Нәтижесінде, өзі құрған “Таң ЛТД” ЖШС аз уақыттан кейін-ақ ауылдастарының қалт­қысыз сенімін иеленді. Шаруа­шылықта егін  егіп, межелі өнім алған ауыл тұрғындары  отбасыларын сол бір сындарлы шақтан аман  алып қалған еді. Осыдан кейін серіктестік еңбекшілері егіс өндірісіне бар ынтасымен кірісті.
Кәсіпке шындап бет бұрған И.Шағыртаев жылдан жылға егіс көлемін арттырып, сапалы өнім алу мақсатында күріштің жаңа сорттарын өндіруді қолға алды. Алдымен  шаруашылықты соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықтауға көңіл бөлді. Еңбек өнімділігі едәуір арта түсті. Бастапқыда елу-алпыс адамды еңбекпен қамтыған шаруашылық енді екі жүздей тұрақты еңбеккері бар іргелі құрылымға айналды. Бүгінде күріштің жоғары сорттарын өндіріп, экспортқа шығарып отыр.
«Таң ЛТД» серіктестігі өткен жылы құны 150 млн теңгені құрайтын, тәулігіне 100 тонна қара күріш  ақтайтын зауытты іске қосты. Мұнда қазір 20 адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, іске қосылған мал сою және ет өнімдерін бумалау цехында  тәулігіне 16 бас ірі қара сойылып, 1000 данаға жуық  консерві өнімі дайындалады деп жоспарлануда. Серіктестік төрағасы жұмысшы-механизаторлардың еңбекақысымен уақытылы есептесіп, жыл қорытындысымен оларға жоғары сыйақылар тағайындап, әлеуметтік тұрғыда әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, сыйлыққа тұрмыстық бұйымдардан бастап, жеңіл автокөліктерге дейін беріліп келеді.
Өзіміз куә болғандай, ауылдың кіреберісіндегі «Жаңа қоныс» елді мекені аумағынан үш жарым гектар жерге егілген 8 мыңнан астам түп алма ағашының күтімі жақсы, біртегіс көктеп тұр. Бұған дейін БҰҰ Даму бағдарламасының бірыңғай жо­басы шеңберінде баламалы энергияны пайдалану және ­о­а­­­зис­тік суару әдісімен 10 гектар жерге алма ағаштары отырғызылса, 6 гектарына басқа да бақша дақылдары егілген болатын. Жобаны жүзеге асырып отыр­ған «Манақ баба» фермерлік қожалығы тамшылатып суару әдісімен егілген бау-бақшаның болашақта мол жеміс беретініне сенімді. Әлемдік тәжірибе негізінде қолға алынған жоба ауылдың ғана емес, аймақтың экономикалық ахуалын көтеруге сеп болмақ.
Ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы мемлекет бастамаларына дер кезінде үн қосып, іргелі істің иінін тап­қан Имамзада Шағыртаевтың бүгінгі таңда кәсібін өркендетіп отырған жайы бар. Ауылды абаттандыру бағытында да алдына қойып отырған жоспары ауқымды. Оның біршамасын осы күні жүзеге асырды. Айталық, көп жылдардан бері ауылдағы өзекті мәселенің бірі балабақша болатын. Осы орайда 2017 жылдың желтоқсан айында ауыл ішіндегі ескі балабақша ғимаратына «Таң ЛТД» ЖШС тарапынан 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 90 орындық «Таң бөбегі» бөбекжайын ашты. Онда 24 адам жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануы үшін құны 40 млн теңге болатын спорт ғимараты мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік аясында талапқа сай жабдықталып, пайдалануға берілді. Бұл орталықта дзюдо және таэквондо спорт  түрлерінен 100 бала тәрбиеленуде. Ал 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Биылғы жылы екі ай кө­лемінде ауылды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына атсалысқан 16 студентке «Таң ЛТД» серіктестігі 55 000 мың теңгеден еңбекақысын төледі. Әлбетте, бұл қолдау жастарды жігерлендіре түсті. Серіктес­тік ауылдағы тұрмысы төмен бір отбасына тұрғын үй салып берді. Ауыл, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен азаматтар мен зейнеткерлерге тұрақты көмек беріп келеді.
Айтпақшы, ауыл тұрғындарының уақыт талабына сай кәсіпкерлікке бет бұра бастағаны көңіл қуантады. Олай дейтініміз, бүгінде кәсіпкерлікпен  айналысуға ынталы 12 азамат тіркеліп,  «Бизнес Бастау» және «Бизнес-Кеңесші» ­жобалары  бойынша  қысқа  мерзімді  оқу  курстарын аяқтады. Оның ішінде 11 азамат несиесін алып, кәсібіне кіріскен. Жалпы, 90-нан астам ауыл тұрғыны жеке кәсібімен тұрмысын түзеп, тірлігін жолға қойған.
«Ауылын көріп, азаматын таны» деген халқымыз. Осы сөздің астарында үлкен мән бар. Облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаевтың туған жеріне туын тіккен азамат. Сол тудың бетіне көлеңке түспесін деп күні-түні еңбек етіп келе жатқанына да ел-жұрты куә. Елге еткен еңбек еш кетпейді. Оның әрбір игілікті ісі жоғары бағаланып, 2015 жылы Елбасы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мұны ерекше азаматтық ұстанымы мен  елге еткен еңбегіне берілген әділ баға деп білеміз. Бұл  марапат ерекше азаматтық ұстаным мен туған жерге деген перзенттің парызының айқын дәлелі.
Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 тамыз 2019 г. 1 487 0