Кадрлық өзгерістер таныстырылды

 Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кадрлық өзгерістер таныстырылды.

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментін 2016 жылдан бері басқарып келген Ғанижан Қалиев ротациялау тәртібімен жуырда Қостанай облысына ауысты. Әріптестері оны жаңа лауазымға салтанатты түрде шығарып салды.

– Ғанижан Піртазаұлы өңірде қызмет атқарған жылдары өзін іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ізденімпаз, қарамағындағы қызметкерлерді ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін білікті басшы ретінде көрсете білді, – деді облыс әкімі.

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің аумақтық департаменттердің қызметін бағалау қорытындысында да оң көрсеткішке қол жеткізді. Департамент өткен жылы – ІІІ, биыл бірінші жартыжылдықта ІІ орыннан көрінді. Ғанижан Піртазаұлының бастамасымен бірнеше мәрте қызметкерлерді оқыту шаралары ұйымдастырылды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістерге байланысты департамент өкілдері басқа мемлекеттік органдарға уақытылы түсіндірмелер беріп, заңнаманың дұрыс қолданылуына септігін тигізді.

Ғ.Қалиевтің еңбегіне алғыс білдіріп, алдағы қызметіне табыс тілеген аймақ басшысы оған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың Құрмет грамотасын табыс етті.

Мәжілісте облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жаңа басшысы таныстырылды. Бұл лауазымға талай жыл салық органдарында жауапты басшылық қызмет атқарған Марат Егембердиев тағайындалды. Ол 2015 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін аталған департамент басшысының орынбасары болған.

 Сондай-ақ, жиында облыстық әділет департаментінің басшысы ауысқаны жария етілді. Бұл лауазымға тәжірибесі мол Ирина Бәкішева тағайындалды. 2002 жылдан бастап күні бүгінге дейін ол аталған департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Облыс әкімі жаңа лауазым иелерін құттықтап, тілектестік білдірді.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 тамыз 2019 г. 557 0