Арал ауданының Ақбасты елді мекені кезінде теңізі шалқып, үй маңына келіп жатқан қойнауы құтты өңір болатын. Аудан орталығынан шалғайда орналасса да ол жерде қайнаған тіршілік әлі де бар. Жолыңыз түсіп бара қалсаңыз аңызға бергісіз әңгімелерге арқау болған тарихи жерлерді де қызықтап, көнеден сыр тартқан шежірелерге қанығасыз.
Айталық, ауылдан 2-3 шақырым жерде Манабай баз деген жер бар. Ол жердің тарихы өткен ғасырдың бас жағынан бастау алады. Сол замандарда ол жерде Манабай деген атақты бай болған. Өрісі төрт түлікке толған. Дені жылқы. Мыңнан әрі жылқыға су тауып беру де оңай емес қой. Сондай қиын кезеңерде атақты Манабай өз салдырған күмбезді кесенесінің ең биік нүктесі таңғы күн шуағымен көлеңке боп түскен жерінен құдық қаздырған. Ол құдықты қаздырғанша суға зәру болған бай әлгі кесененің әрбір кесегін басарда жылқы сүтіне илеген екен.
Бұл жөнінде Ақбасты ауылының тұрғыны, №22 орта мектептің әлеуметтік педагогы Ж.Қалыбаев:
– Біздің бала күнімізде Манабай баздың басында биіктігі 3-4 метрдей болатын үлкен күмбезді кесене болды. Асты бетон болды. Кеңес үкіметінің тұсында мұндай тарихи жерлерге өз деңгейінде мән берілмей қалды да сол күмбезді кесене жарты ғасыр бойы дауыл мен жауынның өтіне шыдас бермеді. Қазір орны төбешік болып жатыр. Қаздырған әлгі құдығы да көміліп қалған. Бір деректерде Манабай бай өзінің жиған-терген алтын, күміс сынды қазына байлықтарын әлгі құдыққа көмдіргені айтылады. Сонау 1970 жылдары Ә.Сәдуақасов есімді ауыл заматы ол жерлерде жергілікті жердегі савхоздың көліктерін ұйымдастырып ол жерді қаздырады. Бірақ айтарлықтай ештеңе шыға қоймайды. Тек найзаның ұшы, темір кісендер сынды тот басқан ескі кісендер шыққан. Кейін 80 жылдары да ауыл азаматтары әлгі жерді қайта қазған. Онда да пәлендей құнды ештеңе табыла қоймаған, - дейді.
Манабай өз байлығынан қол үзгісі келмегені соншалық әр үйірін көз алдында ұстау мақсатында оның айғырларына темір тұсау салған екен. Ол жерді қазу барысында табылған әлгі темір кісендер соның айғағы секілді. Ал өз байлығын ешкімге қиамаған байдың әлгіндей қадамға барып, байлығын көмгені жайында ауызекі аңыздар айтылғанмен оған нақты айғақ шықпай отыр. Ауылдағы №22 орта мектеп директоры Б.Қадірова ол жерден табылған тарихи заттарды мектеп ішінен шағы бөлмені мұражай етіп, сонда сақтап келеді. Мақсат – кейінгі буын сусындайдын, қолмен ұстан көз жеткізетін тарихи мұра болсын дегені.
Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Ақбасты ауылына "Манабайдың ұрпағымыз" деп бірнеше азамат Ақтөбеден келеді. Манабай базы жайында әлгіндей деректерге қанықса керек. Арнайы техника алып келіп, көмілген құдық мен баздың айналасын қазуға кіріседі. Бұл жұмыс та айтарлықтай нәтиже бермеген. Бәлкім, баба мұрасы бізге бұйыратын шығар деген оймен келген болар. Десе де бұл аңыз. Оның үстіне ол байлықты көмген күннің өзінде оған куә болған бір Құдайдан өзге жан баласы жоқ.
А.ҚАРАСАЙ