Берері мол басқосу

«Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер». Аймақтық журналистердің басын Алматы төрінде қосқан семинар-тренинг осылай аталды. Маңызды жиын «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ ұйымдастыруымен, «Шеврон Мұнайгаз  ИНК» қаржылай қолдауымен өткізілді.

«Google»-дан рұқсат сұраңыз!

Семинар өзара тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялардың жаңа тенденцияларымен танысу алаңына айналды десек болады. Мұнда журналистердің дәстүрлі тәсілден тың технологияға бейімделу қажеттілігі айтылып, сапалы контент жасаудың, мақсатты аудиториямен тиімді жұмыс жүргізу арқылы табысты болудың тетіктері қарастырылды. Сонымен қатар шара аясында Ұлыбританиядағы «Avrupa Media Group», «Avrupa» газеті, «Avrupa ajansı» ақпараттық агенттігі, «Avrupa» радиоарнасы секілді бірнеше БАҚ-ты уысында ұстаған Ватан Өз мырза медиадағы жаңа трендтерді ортаға салды. Коммуникациялық менеджмент, медиаконтентті әлеуметтік желіде ілгерілету бойынша дәрістерімен бөлісті. Жалған ақпарат, әлеуметтік желілердегі фейк аккаунтарға қатысты білдірген пайымды пікірі де көпті таңғалдырды. Иә, расымен қазір желіде түрлі мақсатта ашылған фейк аккаунтар қаптап кеткен. Ол арқылы өзгенің парақшасында теріс пікірін тізбектеп, тіпті ар-ожданға нұқсан келтіруге дайын тұратындар бар. Бірақ, спикер «Виртуалды батырдың» бұл әрекеті жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Алайда, онымен күресте сіз біршама құнды уақытыңызды жоғалтарыңыз анық. 

 Бұдан бөлек, жиында Ватан Өз әлемдегі BBC, CNN, REUTERS сынды ірі ақпарат құралдары сіздің кəсіби біліктілігіңізді желідегі танымалдылықпен өлшейтінін алға тартты. Бұл орайда жаңа қосымшаларды қажетке жаратуға, «Google», «Youtube» ұсынған түрлі мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес берді. Ватан мырзаның сайтта жарияланған материалды алып тастауға қатысты айтқан мына пікірі де әріптестерге ой салғаны сөзсіз. Мақаланы сайттан жиі өшіру –  ғаламтордағы іздеу жүйесінен төмен құлдырау деген сөз.  Ол бірте-бірте сайт қаралымын азайтуға, оқырманнан қол үзуге  әкеп соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан біз мақаланы жою үшін алдымен «Google»-дан рұқсат сұрап, оның шешімін күтуді ұмытпауымыз қажет.

Фактчекинг  қажет медиасауат

Басқосуда материалды бәсекелестен бұрын жариялағанды жөн санап, ақпарат таратудағы шапшаңдыққа ден қойғандығымыз да айтылды. Бұл ретте  фактчекингке, яғни деректі тексеруге басымдық беріле бермейтіні жоққа шығарылмады. «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Qareket» бағдарламасының продюсері, Самал Мейрам жүргізген тренингте осы мәселе кеңінен талқыланды.

Медиа-тренер журналистік этика, кейіпкермен, құзырлы органдармен қарым-қатынас, резонанс тудыру жайын тарқатып айтты. Әлеуметтік тақырыпқа мәтін жазу, ақпаратты сүзгіден өткізіп барып, көрерменге бұрмалаусыз жеткізу мәселесінде абай болуға шақырды. Себебі, бұл технологияны меңгеру маңыздылығы көбіне еркіндік, объективтілік, бейтараптық және нақтылық секілді  этикалық қағидалармен байланысты. Осы қағидаларды ұстанған жағдайда ғана кез-келген медиаресурстың репутациясы және оның аудиториясының сенімі қалыптасады. 

Қажетке жарайтын қосымшалар

Ал, ІТ маман Ернұр Зейнуллаев апта сайын, ай сайын медиа мамандарының жұмысын жеделдету үшін ашылатын жаңа сервистермен танысып отыруға шақырды. Оның айтуынша, әлемдік трендтерді үйрену маңызды. Қазір тіпті әлеуметтік желінің өзі сурет жүктеп, «статус» алмасып ғана отыратын орын емес. Ол – үлкен аудитория. Қаласаңыз, редакция имиджін қалыптастырудың қуатты құралы бола алады.

– Мәселен, сайттағы жарияланымға тұздық ретінде видеожазба қосқан артық етпейді, оның әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тікелей эфирмен белгілі бір тақырыпқа қатысты пікір алмасулар ұйымдастыру да кері байланысты нығайтады. Медиадағы арнайы зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, мақалаға қарағанда, бейнежазбаның 90 проценті адамның есінде сақталады екен. Видеожарияланымға қатысты онлайн құралдарға келетін болсақ, «Showbox» бағдарламасы қысқа видеотаныстырылым жасауға, «Vibby.com» «YouTube» желісіндегі видеоның басты бөліктерін бөліп қарастыруға мүмкіндік береді.  «IMOVIE» қосымшасы да – видеожазбаны өңдеуде таптырмас құрал.  Speechy» қосымшасы да сізге кез келген уақытта көмекке келеді. Бағдарлама мүмкіндігі арқылы  кез келген тілде сұхбат алуға болады, – деді медиа-тренер. 

Жиын қорытындысында спикерлер келешекте салалық БАҚ-қа қажеттілік артатынына тоқталды. Себебі, сапалы контентке сұраныс күшеймек. БАҚ-қа да, оқырманға да жаңа мүкіндік ашылатын күн алыс емес.

Бұл – екі күнге созылған семинар-тренингте қамтылған дүниелер. Осыған қарап, біз медиасауаттылықты арттыруға бағытталған шарадан түйгеніміз көп деп айта аламыз.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ, 

Қызылорда-Алматы-Қызылорда.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 965 0