6800 бала автобуста тегін жүреді

Қызылорда қаласында 6800 бала жаңа оқу жылынан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, ол үшін бюджеттен 68 млн 600 мың теңге қаржы бөлінді.

Игі бастама ел Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысымен бекітілген әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қар­­жылай және материалдық кө­мек көр­сетуге бөлінетін қара­жат­ты жұмсау ере­жесі негізінде қолға алынып отыр. Ол бо­йынша қала­ішілік автобустарда мына санат­та­ғы оқушылар тегін қатынай алады:

– мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек алуға құқығы бар;

– мемлекеттік атаулы көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен;

– төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардың балалары;

– жетім немесе ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған, бірақ отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар;

– білім беру ұйымының алқалы бас­қару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары.

Мұндай балаларға қай сыныпта оқитынына қарамастан, ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдігі беріледі. Құжат жинау, рәсімдеу – мектептің шаруасы.


Назерке Саниязова

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 800 0