Түрік айраны Шіркейліде шығады

 Сырдария ауданының Шіркейлі ауылынан шығарылатын түрік айраны бұл күнде облыс жұртшылығына танымал. Қызылордадағы асханалар желісі мен дүкен сөрелерінен табылатын сусын таза әрі табиғи сүттен дайындалады. Кәсіпкер Ақәділ Нұрмаханов кәсіпті кеңейтіп, бір күнде бір тонна сүтті өңдеуде.

– Бизнес – тек қалтаға ақша салу ғана емес, ол жұрттың проблемасын шешу. Менің ұғымымда солай. Бала кезден ауылда сиыр ұстайтын жандардың сүтін арзанға алып, қалаға қымбатқа өткізетіндерді көріп өстік. Ауылдағы шаруалардың еңбегі ақталмайтын. Есейе келе, бұл мәселенің шешімі өнім өңдеу екенін түсініп, түрік технологиясы бойынша айран шығара бастадым, – дейді А.Нұрмаханов.

Ауылдағы ағайын бұрын сүтті арзанға өткізетін. Ақәділ қабылдау бағасын көтеріп, халықтың батасын алды. Қазір Шіркейлідегі пункт сүттің әр литріне 130 теңге береді. Күз түсе баға тағы да көтеріліп, 150 теңгеге жетеді. Мекеме қызметкерлері кәсіпкердің басты мақсаты өз қалтасын қалыңдату емес, біріншіден, жұртқа жұмыс беру болса, екіншіден, елдің табиғи таза өнім тұтынуына септесу екенін алға тартады.

Осыдан үш жыл бұрын кәсіп бастарда кәсіпкер 10 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізді. Бұл қаражатқа Түркиядан арнайы аппарат алып, жұмысын бастап кетті. Бүгінде қарамағында бес адам жұмыс істейді. Соның бірі – Нағима Жүзбенбетова.

– Тамақ өнер­кә­сібінде таза­лық бас­ты орында тұру керек. Сосын технология. Уақыттан жаңылыспай, әрбір процесті дер кезінде орындаған ләзім. Барлық технология талаптарын ескере отырып, дайындаймыз. Бір қайнауы кем болса, дүкеннен қайта келер өнім де молаяды. Ол біздің, яғни мекеменің қалтасын қағады, – дейді ол.

Шіркейліде өріс алған тың идея­лар көп. Бұған дейін құрылысқа арналған желім мен сылақтың бірнеше түрі, сондай-ақ қара қағаз шығарылып жатқанын айтқанбыз. Ауыл әкімі Талғат Құламқадіровтің айтуынша, мемлекеттік бағ­дарлама­лар халық­тың қолтығынан демеп тұр.

– Осы күні ауылда 95 кә­сіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 85-і тұрақты жұмыс істейді. Елдің тұрмысын жақсартып, қолын аузына жеткізуді мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалардың да орындалу қарқыны жоғары. Ерінбей еңбек етіп, тіленбей тойып отырмыз. Жыл басынан он кәсіпкер қатарға қосылды. Ауылдық жер болған соң көпшілігі мал шаруашылығына бейім. Сондықтан аталған шаруа елде жақсы көрсеткішке ие. «Елде болса, ерінге тиеді» деп, ауылдағы шаруашылықтың да септігі тиіп жатыр. Жем-шөптен анау айтқандай мәселе байқалмайды. Одан бөлек, тігін тігу, ағаш отырғызу, құрылыс заттары, визажист, шаштараз, кондитер цехы, құс шаруашылығы тәрізді жобалар да қолдау тапты. Жыл басынан 18 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Олардың жалпы құны – 36 млн теңге. Айта кетерлігі, 11 жоба қайтарымсыз грантқа ие болды. Жалпы нәтижесі 18 жаңа жұмыс орны ашылмақ, – дейді ауыл әкімі.

Үш мыңға тарта халқы бар Шіркейліде ашылған шағын цехтарға қарап, жаңа кәсіп пен тың идеяда шекара жоқ екенін түсінуге болады. Ауылдық жерден шығарылатын өнімді қалалықтар таласып алып жатқанын көргенде көңілде осындай мақтаныш туады екен. Әсілі, ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Ал ауыл дамыса, қауым да кері кетпейтіні анық.

– Түрік айранының шыға бастауы халықтың қуанышын еселеді. Тұрғындар сүтті арқаланып қалаға тасымайтын болды. Ауылдан қанша литр сүт шықса, сонша литрді қабылдап, ақысын лайықты ұсынып жатыр. Көзқарасы қалыптасып, кәсібін ел дамуына бағыттаған А.Нұрмахановтың ісі көпке үлгі. Ел экономикасының дамуына тамшыдай болса да үлесін қосуға даяр осындай жандар жетерлік, – деді ауыл әкімі.

Қала мен ауылдың арасын жалғаған автобус орнынан қозғалды. Бос орынға жайғасып отырып алдық. Расында, бұ­рындары құтысын құшақтап отыратын апайларды көруші едік. Бүгінгі көлікте артынып-тартынған жолаушылар байқалмайды.

Иә, қолымызда шикізат көп. Тек оны дайын өнім етіп, тұтынушыға бағыттау ғана қалған. Ауылдарда бұл процесс әлдеқашан басталып кетті. Бізді қуантатыны да – сол.


Дәулет Қырдан.

Сырдария ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 1 060 0