Жұлдызды қалашықтағы жарқын іс

 Қазақстандықтардың әлеуетін арттыруға арналған Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында айқындалған басымдықтардың бірі – құрылыс  саласын дамыту арқылы халықты баспанамен қамтамасыз ету.

Еліміздің Тұңғыш Президен­тінің салиқалы саясатын жүзеге асыруда Сыр өңірі, оның ішінде Бай­қоңыр қаласы да сала бойынша ілкімді істермен айшықталу­да. Бұған дейін қа­ланы ұзақ мерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасы аясында жұлдызды қалашықта облыстық медицина орталығының филиалы, мектеп-лицей және балабақша қолданысқа бе­рілген болатын. Бүгінде игі істер жалғасын тауып, қалада көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді.  Елдің қуанышын еселеген бұл жаңалық көптің көңіліне сенім ұялатты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде қолға алынған құ­рылысты «МФК-Тұран», «Тех­но­снастка-Ремсервис»,  «Асар» және «Аман құрылыс» компания­лары салды. Нысандардың жалпы құны 2 млрд 110 млн теңгені құрайды. Талапқа сай салынған 5 көпқабатты тұрғын үйдің 150 пәтері 3 бөлмелі болса, қалған 100 пәтері 2 бөлмелі.

Расында да, жұлдызды қаланың сәулетіне сән беріп тұрған осы бір тұрғын үйлерден пәтер алуға қызығушылар қазірдің өзінде көп-ақ.

– Көпқабатты тұрғын үйлер­дің айналасын абаттандыру мен нысандарға телефон желісін орнату және газдандыруға жер­гілікті қазынадан «Техноснастка Ремсервис» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт арқылы тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды, – деді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев.

Қазіргі сәтте жетінші шағын аудандағы тұрғын үйлердің ауласы абаттандырылуда, жуырда пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, Ресей жалға алған кезден бері қалада жаңа тұрғын үй салынбаған. Сондай-ақ, қолданыстағы тұрғын үй қоры, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары және инженерлік коммуникациялар да мүлдем жаңғыртылмаған.

«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 244 0