Күрішке орақ түсетін күн жақын

Күн санап  дала жұмыстарына дайындық шаралары да қыза бастады. Диқан қауым  тынымсыз  еңбегінің өтеуін көрер күн қашық емес. Соған орай, шаруашылықтар егін орағын ұтымды өткізу қамымен қарбаласып жүр. 

Биыл Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 17 508 гектар жерге егілген болатын. Оның ішінде негізгі дақыл саналатын күрiштің көлемі 6 225 гектарды құрайды. Күріш өткен жылмен салыстыр­ғанда аздау егілгенімен, суды көп қажет етпейтін дақылдардың көлемі артқанын атап кеткен жөн.

Егілген дақылды мұ­қият  күтіп-баптау межеленген өнімді  алудың кепілі екені талас тудырмайды. Ол үшін маңдай термен қоса біліктілік, қажетті шаралардың атқарылуы маңызды. Шар­уашылықтар ­аммоний сульфаты, карбамид, байытылған суперфосфат тәрізді түрлі минералдық тыңайт­қыш, егіс арамшөптеріне қарсы алуан түрлі гербицид сатып алып, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген болатын. Дақылдардың өсу дәуіріндегі оңтайлы мерзім ішінде тиісті агротехникалық шараларға сай күтіп-баптау жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілді. Нәтижесінде күтімге алынған күріштің 73 проценті жақсы, 23,5 проценті орташа деп бағаланса,  қалғаны қанағаттанарлық деңгейде. Қазір күріш сүттену, гүлдену, масақтану  кезеңінде.

Ауданда жаздық бидай мен арпа толық жинап алынса, ескі жоңышқаның екінші орымы басталып кетті. Жем-шөптің төрт түлікке маңыздылығын білетін шаруақор жандар табиғи шөп дайындап, мақсары мен сүрлемдік жүгері жинауға баса мән бермекші. Шаруашылықтарда күріш суын байлау ішінара қолға алынған. Күріштің суын байлау, орақ салу, бастыру жұмыстарының кестесі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Ауданда алғашқы күріш орағы  2-3 қыркүйекте, ал 7-8-ші қыркүйек аралығында жаппай  басталады деп күтілуде.

Нақты кезеңде егін жи­нау­ға қатысатын техникалардың дайындығы пысық­талуда. Техникаларға қа­­жетті қосалқы бөлшектер, қою май, жанармайдың қосымша қорларымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілді. Егін жинау және дала жұмыстарына мемлекет тарапынан кепілді бағамен босатылатын дизель отынын жеткізіп беруші оператор  б­олып «Нефтьтранс-Қызыл­орда» ЖШС белгіленген. Диқандарды мемлекеттік қолдауға байланысты субсидиялау жалғасын тапты. Егіс танаптарында  тіршілік жанданып, қамба астыққа толар сәт те алыс емес.


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 530 0